«Астана» баскетбол клубы Қазақстан кубогының «А» тобында өзінің басты бәсекелесін, яғни Қостанайдың «Тобылын» ойсырата ұтып, бірінші орынға ие болды. Бұл ойында да алаңға Эмиль Райковичтің тек Қазақстан төлқұжаты бар шәкірттері шықты.
Есепті үш ұпайлық дәл соққысымен Рустам Мырзағалиев ашты. Іле-шала Вадим Щербак та шығыршықты алыстан дәл көздеді. “Тобылдың” қарымта әрекеттері де көп күттірген жоқ. Әрі қостанайлықтар есеп айырмасын лезде бір ұпайға дейін қысқарты. Бірінші кезеңнің ортасына дейін Вадим Щербак тағы да жеті ұпай еншіледі. Соның арқасында “Астана” қайтадан қара үзе бастады. “Тобыл” қайтадан таразы басын теңестіруге тырысты, бірақ олардың бұл талпыныстарынан нәтиже шықпады. Николай Бажин, Антон Пономарев, Максим Марчук және Рустам Мырзағалиев “Астананың” ұпай қорын одан әрі молайтып, бірінші кезеңнің аяғына дейін есеп айырмасын ұлғайта түсті. Сөйтіп, он минуттан кейін біздің команда қарсыласынан 16 ұпай ұзап кетті – 29:13. Екінші кезеңнің басында қостанайлықтардың ойындар мүлде үйлеспей қойды. Ал біздің жігіттер есеп айырмасын одан әрі ұлғайта берді. Максим Марчуктің үш ұпайлық добынан кейін біздің команданың басымдығы 20 ұпайға жетті. Ал Пономарев пен Щербак оны 25-ке де жеткізді. Қостанай ұжымы бар күш-жігерін жинап, есеп айырмасын 25 ұпайдан 16 ұпайға дейін қысқарты. Бірақ матчтың бірінші жартысының соңында Асқар Майдекин мен Максим Марчуктің нәтижелі ойындарынан кейін “Астана”өз басымдығын қайтадан жиырма ұпайға жеткізді – 46:26.
Үшінші кезеңді “Тобыл” біршама ширақ бастады. Олар серпіліс жасап (0:7), есеп айырмасын біршама қысқартты. Тек осыдан кейін ғана біздің ойыншылар осы кезеңдегі алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Допты Антон Пономарев салды. Содан кейін ойын тең дәрежеде өрбіп, есеп айырмасы көп өзгерген жоқ. Кезеңнің бел ортасынан кейін Роберт Пан алғы шепте белсенділік танытты, ойыннан ұпай еншілей алмаса да, 8 рет қатарынан айып соққысын мүлтіксіз орындады. Бұдан кейін Руслан Айтқали үш ұпайлық дәл соққысымен есеп айырмасын қайтадан жиырма ұпайға жеткізді. Ал бұл кезеңнің нүктесін Роберт Пан қойды – 72:48. «Астана» үшін есеп айырмасы, арқаны кеңге саларлықтай, 24 ұпай болса да, біздің жігіттер төртінші кезеңнің басында қамшыны тағы да басты. Асқар Майдекин 4 ұпай еншілесе, Руслан Айтқали тағы бір үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсірді. Осыдан кейін біздің команданың басымдығы 30 ұпайдан асып кетті. Қостанай ұжымы тағы бір рет серпіліс жасап, соңғы кезеңнің ортасында есеп айырмасын қысқарта түсті. Алайда бұл серпіліс те астана командасының жеңісіне ешқандай да қауіп төндіре алмады. Астаналық гандикап 20 ұпайдан артық болатын, ал ойынның аяқталуына бірнеше минут қана қалған. Осы қалған минуттарды “Тобыл” нәтижесіз өткізіп, ал біздің “алыптар” көсіле сілтеді. Матч соңында өз еншілеріне Асқар Майдекин мен Роберт Пан ұпайлар қосты. “Астана” ірі есеппен жеңіске жетті – 95:61.
Салдары: “Астана” «А» тобында бірінші орынға ие болып, жартылай финалға қиналмай шықты. “Тобыл” жартылай финалға екінші орынмен шықты.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Келесі матч: Бір күн дем алған соң біздің жігіттер жартылай финалда Ақтаудың «Каспий» командасымен додаға түседі. Бұл матч дүйсенбі күні, яғни 15 наурызда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |