«Астана» Қазақстан кубогындағы бірінші ойында жеңіске жетті

12.03.2021, 20:00    Оқылғаны: 599
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Щучинскідегі Қазақстан кубогы додасын ірі жеңіспен бастап, өз тобындағы бірінші қарсыласы, «Ақтөбе» командасына ешқандай мүмкіндік бермеді. Естеріңізге сала кетейік, ел кубогы матчтарына тек Қазақстан ойыншылары ғана қатыса алады. Яғни, Эмиль Райкович басқа бапкерлер сияқты легионерлеріне сенім арта алмайды.

Ойын басталған бетте-ақ, астананың қазақстандық ойыншылары шетелдік әріптестерінің көмегінсіз-ақ қарсыласын ұта алатындығы белгілі болды. Бұл ойындағы алғашқы ұпайларды Рустам Мырзағалиев еншілеп, айып сызығынан үш рет доп салды. Бұдан кейін сары-көкшіл жейделілер тағы 6 ұпай еншіледі. Тек осыдан кейін ғана ақтөбеліктер біздің команданың шығыршығына доп түсірді. Ал біздің капитан матчтың үшінші минутында-ақ есеп айырмасын екі таңбалы санға жеткізді. Матчтың бел ортасына жетпей, Максим Марчуктің нәтижелі шабуылынан кейін “Астана” басымдығы жиырма ұпайдан асып кетті. Бірінші кезеңнің екінші жартысы бастапқы бес минуттағыдай нәтижелі болмады. Десек те, астана командасы алысқа ұзап кетіп, кезең соңында 32 ұпай еншіледі. Есеп айырмасы да қомақты болды – 12:32. Екінші кезеңде де біздің жігіттер өздеріне өте сенімді болды. Бұған олардың көсіле сілтеп, есеп айырмасын отыз ұпайға жеткізгендері дәлел бола алады. “Ақтөбе” бұл онминуттықтағы бірінші ұпайларын кезеңнің ортасына қарай еншіледі. Матчтың бірінші жартысының соңғы бес минуты біршама тең дәрежеде өтті. Ойынның бірінші жартысының есебін Роберт Пан қорытындылап, “Астана” екі кезеңнен соң 31 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Әрі қарсыласына кездесудің бастапқы жиырма минутында тек 20 ұпай еншілеуге мүмкіндік берді – 20:51.

Максим Марчук

Үлкен үзілістен кейін команданың ұпай қорын Андрей Литвиненко, Роберт Пан және Руслан Айтқали молайтып, олардың ұпайлары астана басымдығын мейілінше нығайта түсті. Үшінші кезеңнің ортасында «грифондар» екпін алып, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Олар тіпті есеп айырмасын біршама қысқартты. Алайда кезең соңында “Астана” ойын тізгінін қайтадан өз қолына алып, Андрей Литвиненко, Асқар Майдекин және Максим Марчук салған доптардан соң «Астана» басымдығы тағы да отыз ұпайдан асып жығылды – 37:71. Соңғы кезең алдындағы мұндай есеп айырмасы бұл ойынның нәтижесін толықтай сездіріп тұрды. Төртінші кезеңнің бастапқы бес минутында есеп айырмасы өзгерген жоқ деуге болады. Ал біздің команда жеңіске қарай адымдай түсті. Вадим Щербактың кезекті үш ұпайлық добынан соң, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда, “Астана” 36 ұпай айырмасымен алда тұрды. Бірақ біздің жігіттер мұнымен шектелген жоқ. Соңғы минуттарда Руслан Айтқали, Асқар Майдекин, Вадим Щербак және Андрей Литвиненко ұпай қорымызды молайта түсті. Соның арқасында есеп айырмасына тағы да 8 ұпай қосылып, 44 ұпайға жетті. Қорытынды есепте «Астана» жүздікке бір қадам жетпей тоқтады – 53:97.

Эмиль Райкович

Салдары: “Ақтөбе” топтық кезеңде екінші рет ұтылды, әрі жартылай финалға шығу мүмкіндігінен айырылды. Сөйтіп, “Астана” осы жеңісінен кейін-ақ ел кубогыны жартылай финалында бақ сынау құқығына ие болды.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Ақтөбе» – команда сапында үздік шыққандар: Сергей Борматенков – 19 ұпай, 8 рет доп қағып алды және Василий Петришинец – 18 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 2 пас, 2 рет допты тартып әкетті.
  • «Астана» – Максим Марчук осы матчтағы ең тиімді ойыншы болып шықты: 18 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 2 пас және 7 рет допты тартып әкетті. Руслан Айтқали 16 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті. Вадим Щербактың еншісінде – 14 ұпай, 2 рет доп қағып алды және 3 пас. Роберт Пан мен Асқар Майдекин 13 ұпайдан жинады, сонымен қатар, Роберт 7 рет доп қағып алды, ал Асқара 3 рет доп қағып алып, 2 рет допты тартып әкетті және блокшот. Андрей Литвиненко бүгін 11 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды және 5 пас берді.


Келесі матч: Астана командасының ел кубогының топтық кезеңіндегі екінші қарсыласы – Қостанайдың «Тобылы». Бұл матч сенбі күні, яғни 13 наурызда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»