«Астана» өз алаңындағы бірінші ойында «Атырау Барыстарын» тізерлетті

10.03.2021, 10:20    Оқылғаны: 388
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Ұлттық лигада «Астана» баскетбол клубына бәсекелес бола алатын команданың бірден-бірі, яғни «Атырау Барыстары» төл біріншілігіміздің кейінге шегерілген қос матчының біріншісінде елорда командасына лайықты деңгейде қарсылық көрсете алмады. Бұл ойында Эмиль Райкович астана ұжымы құрамына легионерлерден Оярс Силиньш пен Джеремайя Хиллді шығарды.

Матч басталып, бұл ойындағы алғашқы ұпайларды Вадим Щербак еншіледі. Іле-шала Максим Марчук үш ұпайлық соққыларының алғашқысын шығыршыққа дөп түсірді. Қонақтар да қарап қалмады. “Атырау Барыстары” алаң иелерінің өкшесіне түсіп, көп ұзап кетулеріне мүмкіндік бермеді. Майдекин, Силиньш және Марчук салған доптарға қонақтар дер кезінде жауап беріп отырды. Ол аз болғандай, атыраулықтар жетінші минутта таразы басын теңестірді де. Бірақ осыдан кейін Рустам Мырзағалиев олардың шығыршығына алыстан екі рет доп түсіріп, “Астана” қайтадан құйрық үзе бастады. Бірақ кезең соңында біздің команданың ойыны жүрмей қойды. Біздің жігіттер екі жарым минут бойы бірде-бір ұпай еншілей алмады. Ал “Барыстар” үш рет үш ұпайлық соққыларын нысанаға дөп түсіріп, бірінші кезеңде басым түсті – 20:23. Екінші ойын бөлігі де “Астана” үшін аса сәтті басталмады. Біздің ойыншылар екі минуттың ішінде бес рет командалық ескерту алды. Ал шабуылдарын нәтижелі аяқтап отырса да, “Барыстар” жеткізбей қойды. Осы ретте атап өтуге тиіспіз, қонақтар да ұпай қорларын үздіксіз молайта алмады. Сондықтан алысқа қара үзіп кеткен жоқ. Осыдан кейін алаң иелері өз мүмкіндіктерін мүлтіксіз жүзеге асыра бастады. Оярс Силиньш “энд уан” орындап, есепті теңестірді. Содан кейін астана командасы үш ұпайлық соққыларын қарша боратты. Үш минутқа да жетпейтін уақыт ішінде шығыршыққа доға сыртынан 6 рет доп түсті. Мергендіктерімен көзге түскендер: Джеремайя Хилл, Оярс Силиньш, Рустам Мырзағалиев, Антон Пономарев және екі мәрте Вадим Щербак. Осы уақыт аралығында атыраулықтар небәрі 2 ұпай ғана еншілеп, 16 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Қонақтар кезең соңына дейін қарқындарын үдетті, бірақ соңғы шабуылды Щербак түйіндеп, “энд уан” орындады да, екі кезеңнің қорытындысын шығарды – 46:31.

Максим Марчук

Матчтың екінші жартысының басы да Эмиль Райковичтің командасы үшін аса сәтті болмады. Екінші кезеңдегі қарымды серпілісінен соң “Астана” үшінші кезеңдегі алғашқы ұпайын еншілей алмай, қара терге түсті. Әрі ойын ережесін жиі бұзып, жаза басты. “Атырау Барыстары” 4 минутың ішінде есепті екі еседей қысқартты. Ақыры Асқар Майдекин шығыршық ауыстырғаннан кейінгі “Астананың” алғашқы ұпайларын команда еншісіне қосты. Бұдан кейін командалар “рөлдерімен ауысты” – қонақтарға ұпай еншілеу қиямет-қайым болып, “Астана” болса, көсіле сілтеді. Доп салғандар – Максим Марчук, Роберт Пан, Асқар Майдекин және Николай Бажин. Коляның үш ұпайлық добынан кейін “Астана” қара үзіп кетіп, есеп айырмасы 20 ұпайдан асып кетті. Бірақ бұл кезеңдегі соңғы шабуылды қонақтар нәтижелі аяқтады. Ал үш кезеңнен кейінгі таблодағы сандар мынау – 61:43. Соңғы кезең аса нәтижелі болмады. Әйтсе де, біздің команда өз басымдығыны уысынан шығарған жоқ. Бес минутта командалар нәтижелі екі шабуылмен ғана алмасты. Бұл есеп айырмасына көп өзгеріс енгізген жоқ. “Атырау Барыстары” қарқындарын үдетіп, есеп айырмасын 12 ұпайға дейін қысқартқан. Бірақ Эмиль Райкович алған тайм-ауттан кейін қонақтар бірде-бір ұпай ала алмады. Ал “Астана” сапынан әуелі Антон Пономарев доп салып, ең соңында өз есебіндегі ұпайлары санын арттырған Рустам Мырзағалиев болды. Қорытынды есеп – 73:56. “Астана” жеңіске жетті.

Салдары: “Астанаға” Ұлттық лиганың биылғы маусымында енді бір ойын ғана қалды. Әйтсе де, қазірдің өзінде ел чемпионатының негізгі бөлігінде біздің команда топ жарады деп, айта беруге болады. “Атырау Барыстары” үшін бұл жеңілістен ештеңе өзгермейді, олар енді екінші орыннан төмен түспейді.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Николай Бажин небәрі 7 ұпай еншілесе де, “Астана” сапындағы ең тиімді ойыншы болды, 9 рет доп қағып алып, блокшот қойды. Бәрінен көп ұпай жинаған Рустам Мырзағалиев болды – 14, әрі 4 рет доп қағып алып, 5 пас берді және 2 рет допты тартып әкетті. Вадим Щербак, Оярс Силиньш және Дмитрий Гаврилов 11 ұпайдан еншіледі.
  • «Атырау Барыстары» – Эдвард Картер III ең команда сапындағы да ең тиімді және нәтижелі ойыншы болды – 22 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 3 рет допты тартып әкетті. Райан Кук – 13 ұпай және 4 рет доп қағып алды.
 

Келесі матч: «Атырау барыстарымен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 10 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»