«Астана» түзде «Нижний Новгородтан» есе қайтаруға тырысады

06.03.2021, 18:00    Оқылғаны: 325
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы командасы Нижний Новгородта ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф аймағына оралу үшін барын салады. Олар онда жергілікті, қала аттас командамен қарымта кездесу өткізеді. Матч жексенбі күні, 7 наурызда болады. Басталуы – астана уақытымен 19:00-де.

«Нижний Новгород» — Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан, 2000 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек FIBA Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионындағы чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011, 2018, 2019
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/14
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/14
  • Euroleague Top-16 додасында бақ сынаған – 2015
 

Баскетбольный клуб Нижний Новгород 2020/2021

Биылғы маусымдағы “Астана” мен “Нижний Новгород” арасындағы екеуара бірінші матч бесінші желтоқсан күні Қазақстан астанасында өтіп, нижегородтықтар 10 ұпай айырмасымен жеңіске жеткен болатын. Сол матчтан кейін “НН” 10 ойын өткізді. Күнтізбелік жылды өз алаңындағы екі жеңіспен аяқтап, “Енисей” мен “Калевті” тізе бүктірді. Ал жаңа жыл олар үшін ойдағыдай болып басталмады. Әуелі өз алаңында ЦСКАдан оңбай ұтылды. Одан кейін, ойламаған жерден, Минскіде жеңіліске ұшырап, жергілікті “айдаһарларға” есе жіберіп алды. Бұдан соң екі рет өз алаңында ойсырай ұтылды – “Локомотив-Кубань” және УНИКС клубтарынан. Сондай-ақ Санкт-Петербургте “Зенитке” төтеп бере алмады. “Нижний Новгород” биылғы жылдағы бірінші жеңісіне Польшада қол жеткізіп, овертаймда “Зелена Гурадан” басым түсті. Содан соң өз алаңында “Автодорды” ұтты. Соңғы ойында, 27 ақпан күні Қазанда, УНИКСтен тағы да ойсырай ұтылды.

Турнир кестесіндегі жағдай:

Биылғы маусымды аса жоғары қарқында бастаған “Нижний Новгород” одан кейін бірнеше рет ұтылса да, турнир кестесінде алтыншы орынды иемденіп тұр. Әрі жеңісі жеңілісінен – басым. “Астана” жылды “Локомотив Кубань” командасын ұтып бастағанымен, бұдан кейін біздің команда бес рет қатарынан ұтылды. Дәл қазір Қазақстан командасы 11-шы орынға табан тіреп тұр. Бұл матч “Нижнийдің” турнир кестесіндегі орнына ешқандай да әсер етпейді. Бірақ жеңіс кестедегі жағдайын нығайта түсіп, ал жеңіліс өкшесін басып келе жатқан “Автодор” командасының жақындай түсуіне мүмкіндік береді. Ал “Астана” жеңіске жетсе, 10-орынға көтеріледі, жеңіліп қалса, Қазақстан командасы 12-ші орынға сырғиды. Әрине, бұл ретте “Калев” пен “Автодор” арасындағы ойынның да нәтижесі көп әсер етеді. Бұл кездесу біздің ойын аяқталған бетте басталады.

Команда құрамындағы өзгерістер:

“Нижний Новгород” сапында, “Астанамен” өткен екеуара матчтан соң ешқандай да өзгеріс жүзеге асқан жоқ. Десек те, үшінші наурыз күні нижегородтықтар құрамдарын жаңа ойыншымен толықтырғандарын жариялады. Ол – жай ғана ойыншы емес, еңгерзедей шабуылшы Андрей Воронцевич. Андрей карьерасын Новосибирскінің “Локомотив” командасында бастаған. Одан кейін 14 жыл бойы ЦСКА сапында ойнады. Тек 2020 жылдың жазында ғана олармен жолы екі айырылды. Міне, содан бері 8 ай өткен, ол ұзақ демалысынан соң үлкен баскетболға қайта оралып отыр. Воронцевич ЦСКА командасымен 8 рет ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы болып, 7 рет Ресей чемпионы атанған, екі мәрте Ресей кубогының иегері болған. Әрі Еуролиганың үш рет чемпионы және үш рет күміс, үш рет қола жүлдегері атанған.

Команда көшбасшылары:

“Нижний Новгород” сапындағы ең тиімді және ең көп ұпай жинаған ойыншы – Антон Астапкович. Сонымен қатар, Кейси Шепард, Евгений Бабурин, Артем Комолов және Иван Стребков та команда көшбасшылары болып есептеледі. Люк Петрасек пен Александре Гаврилович та алаңға бастапқы бестікте жиі шығады. “Нижнийдің” жаттықтырушылары құрамы ойынға үнемі Сергей Герасимовты, Илья Платоновты, Алексей Чадовты және Тимофей Герасимовты шығарып отырады.

Матч жексенбі күні, 7 наурызда Нижний Новгородтағы «Нагорный» мәдени ойын-сауық кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»