«Астана» баскетбол клубы Эстонияның «Калева» клубымен өткен матчтың алғашқы кезеңінде өрнекті ойын үлгісін көрсеткенімен, екінші онминуттықта кежегесі кейін тартып, бұл матч тағдырына көп әсер етті.
Ортада лақтырылған допты қонақтар іліп әкеткенімен, олар бірінші шабуылдарында есеп аша алмады. Бірақ эстондар екінші мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. “Астана” көп күттірмей, бірден жауап қатты – Майкл Томпсон осы матчтағы алғашқы үш ұпайлық соққыны сәтті орындап, біздің команданы алға шығарды. Бұдан кейін «Калев» тағы да алға қарай лап қойды, бірақ олардың ұмтылысын астана командасының жаңа ойыншысы Эрик Бакнер тойтарып, өзі «Астана» сапындағы және ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Содан соң нәтижелі шабуылдарымызбен құйындай соқтық – Адонис Томас, Оярс Силиньш және Майкл Томпсон доп салды. Ал “Калевтің” жаттықтырушылары құрамы тайм-аут алуға мәжбүр болып, Қазақстан командасының қарқынны басуға тырысты. Әрі бұл ойлары жартылай болса да, жүзеге асты. Эстондар есеп айырмасын жеті ұпайдан үш ұпайға дейін қысқартты. Алайда “Астана” қонақтарының өздерін қуып жетулеріне мүмкіндік берген жоқ. Оның негізгі себебі Оярс Силиньштің көсіле сілтеуі болды. Ол әуелі доға сыртынан мергендік танытып, одан кейін айып сызығынан шығыршықты екі рет дәл көздеді. Бірінші кезеңнің аяғына дейін осы матчтағы алғашқы ұпайларын Джеремайя Хилл, Девин Марбл және Асқар Майдекин де еншіледі. Ал есеп айырмасы жеті ұпай маңайында тербеліп тұрды. Бірақ кезеңнің соңғы секундтарында біздің жігіттер өзекті өртеп, доптан айырылып қалды да, қонақтар оны мүлт жібермей, бірінші кезеңнің нүктесін қойды – 23:18, алда алаң иелері. Сөйтіп, бірінші кезеңде “Астананың” ұпай еншілеу көрсеткіші айтарлықтай болды. Бірақ екінші кезеңде, дәл осы көрсеткіш бойынша елорда ұжымы ауызды қу шөппен сүртті. “Калев” бір минуттан сәл ғана асатын уақыт ішінде таразы басын теңестірді. Сондықтан Эмиль Райкович бірден тайм-аут алуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, бұдан нәтиже шықпады. Эстондар алға қарай ентелей берді. “Астананың” екінші онминуттықтағы бірінші ұпайларын Майкл Томпсон еншілеп, кезеңнің төртінші минутында үш ұпайлық соққысын «нысанаға» дөп түсірді. Алайда бұл да алаңдағы жағдайға өзгеріс енгізе алмады. “Калев” ойын тізгінін уысынан шығармай, ал “Астана” қонақтардың шығыршығына доп сала алмай, пұшайман болды. Матчтың бірінші жартысының аяқталуына үш минут қалғанда, есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Одан кейін, лезде 15 ұпайдан да асып кетті. Екінші кезеңнің аяқталуына екі минуттан да аз уақыт қалғанда, Томпсон флоутер орындады. Бұл кездесудің бірінші жартысындағы соңғы нәтижелі әрекет болды. Ал есеп – 28:43.
“Астана” ойынды тәп-тәуір бастағанымен, екінші кезеңде небәрі бес ұпай ғана еншіледі, ал өз шығыршығына 25 ұпай өткізіп алды. Үзіліс кезінде жаттықтырушыла құрамы ойын өрнегіне түзетулер енгізді, ал 15 ұпай есеп айырмасы әлі де еңсе түсірерліктей емес еді. Үшінші кезеңде есепті Джеремайя Хилл ашқан. Бірақ біздің жігіттер қонақтардың үш бірдей нәтижелі шабуылынан көз жазып қалды. Біздің команданы шабуылда ғана емес, қоғаныстаста да ойын өрнегі үйлеспей қойды. Оған “Калевтің” тағы да үш шабуылынын нәтижелі аяқтауы дәлел бола алады. Осылай, “Астана” жиырма ұпайдан да артық есеп айырмасымен ұтылып жатты. Кезең соңына дейін біздің команда сапынан Майкл Томпсон, Джеремайя Хилл және Девин Марбл ұпай еншіледі. Әйтсе де, командалар арасы жиырма ұпайдан артық шамада сақталып тұрды. Асқар Майдекин қонақтардың қорғанысын бұзып өтіп, үшінші кезеңдегі есепті түйіндеді – 43:64. Жиырма ұпайдан артық есеп айырмасы – бұл соңғы кезең үшін тым көп, әрі мұндай жағдайда оларды енді қуып жету өте қиын. Оның үстіне, “Калев” тізгін тартпай, үстемдік құрып, соңғы кезеңдегі бірінші ұпайларды да солар еншіледі. Майкл Томпсон мен Девин Марбл салған доптар есеп айырмасын сәл де болса қысқарта түсті. Ал “Калевтің” нәтижелі бір шабуылынан соң Максим Марчук біздің команданың екпінді серпілісін бастады. Оны Майкл Томпсон қолдап, доға сыртынан екі рет мергендік танытты. Джеремайя Хилл орындаған айып соққысынан кейін есеп айырмасы 13 ұпайға дейін қысқарды. Ал матчтың аяқталуына әлі төрт минут уақыт қалған. Доп додасы мейілінше қыза түсті. Алайда “Астана” осы қарқынын ұстап тұра алмады, ал келесі екі минутта ойын тізгіні қайтадан қонақтарға көшті. Олар есеп айырмасын қайтадан жиырма ұпайға жеткізіп, былайша айтқанда, жеңіске жеткендеріне қуана бастады. Соңғы бір жарым минутта тек Майкл Томпсон ұпай еншілеп отырды да, төрт рет айып сызығынан шығыршықты дәл көздеді – 61:77 (23:18, 5:25, 15:21, 18:13).
Салдары: “Астана”әрбір жеңіліснен кейін плей-офқа шығу мүмкіндігінен айырыла түсіп, үздік сегіздіктен алшақтап барады. Бүгінгі ойыннан кейін біздің команда 11-орынға сырғып, “Енисей” командасын алдына шығарып алды.Қазір үш ұжымның, атап айтқанда, “Енисей”, “Астана” және “Калев” командаларының жеңістері мен жеңілістерінің саны – бірдей. Красноярск командасы “Астанадан” екеуара матчтардың нәтижелеріне байланысты жоғары тұр. Ал “Калев” аталған екі ұжымнан да ұпайларына байланысты төмен тұр. Өйткені, биылғы маусымда олардың техникалық жеңілісі бар.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Калевті» жеңісімен құттықтаймын. Олар бүгін үздік болды. Қарсыласымыз қайтқан допты қағып алуда үстемдік құрды, бұл олардың құлшыныстары мен ынталарының жоғары екендігін көрсетті. Біз спорттық бабымызда болмадық, қайтқан доп үшін таласып, жанкештілік танытпадық. Өз алаңымызда 61 ұпай ғана еншілеп, жеңіске жетуді ойлау – өте қиын. Сондықтан бізге әрі қарай не істеу керек екендігін ойлау керек.
«Калевтің» бас бапкері Робертс Штельмахерс:
— Команданың барлық ойыншыларына алғыс айтқым келеді, мен ойын нәтижесіне өте ризамын. Бұл біраз үзілістен кейінгі тамаша жеңіс болды. Бүгінгі матчтағы есеп айырмасы өз алаңымызда ұтылып қалған «–7» есесін қайтаруға мүмкіндік берді. Сондықтан біз бұл нәтижеге өте ырзамыз.
Келесі матч: Енді Эмиль Райковичтің командасы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Нижний Новгородпен» сырт алаңда өтетін ойынға дайындалады. Бұл кездесу алдағы демалыс күні, яғни 7 наурызда болады.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |