«Астана» мен «Химки» – таңғажайып комбэк және матч соңындағы өзекті өртер өкініш

13.02.2021, 10:00    Оқылғаны: 425
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының өз алаңында Мәскеу облысының «Химки» клубымен өткен матчы шектен тыс шиеленісті болды! Ойынның бірінші жартысында ұтылып қалған біздің жігіттер екінші жартысында тамаша камбэк жасап, өте тартысты ойынның соңында жеңісті жұлып алуға шақ қалды.

Бұл матчта есепті Мартиньш Мейерс ашты. Алайда, оның ұпайларынан кейін матч басында доп салу қиямет-қайым болды. Бұдан кейін үш минуттай уақыт бойы алаңда голсыз іркіліс орнады. Осы уақыт аралығында екі команда да доп лақтыру жағынан да, ойында да көп қателік жіберді. Ақыры “Химки” ойыншылары бұл іркілісті үзіп, есепті теңестірді. Содан кейін екі команда табан тіресе додаға түсті. Оярс Силиньш пен Адонис Томастың дөп түсірген доптарыны арқасында біздің команда екі рет алға шықты, бірақ бәрібір қонақтар таразы басын өздеріне қарай аударып алды. Силиньштің кезекті ұпайларынан кейін “Химки” қамшыны басып, бірінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда «Астана» 10 ұпайға жуық есеп айырмасымен ұтылып жатты. Дэвин Марбл үш ұпайлық добын шығыршыққа дәл түсірген, алайда бұл сары-көкшіл жейделілердің осы кезеңдегі соңғы ұпайлары болып шықты. Ал қонақтар болса, тізгін тартпай, үзіліске дейін есеп айырмасын екі таңбалы санға жеткізді – 11:22. Екінші кезенің басында Мәскеу түбінен келген команда ойын тізгінін өз уыстарынан шығарған жоқ, тіпті есеп айырмасын біртіндеп ұлғйта берді. Бірақ Джеремайя Хилл мен Майкл Томпсон үш рет қатарынан үш ұпайлық соққыларын нысанаға дөп түсіріп, есеп айырмасын 8 ұпайға дейін қысқартты. Бұдан кейін біздің команданың кежегесі кейін тартып, шығыршыққа доп салу мұң болды. Кезең соңына дейін Қазақстан ұжымы айып соққысынан бірнеше ұпай ғана еншіледі. Ал химкиліктер 20 ұпайдан артық есеп айырмасымен қара үзіп кетті. Матчтың бірінші жартысының ең соңында ғана Марбл ойыннан доп салып, бастапқы жиырма минут 27:47 есебімен аяқталды. Алда – біз емес, қонақтар. Тағы да, допты шығыршыққа дөп түсіру көрсеткішіміздің күрт төмендеп кеткенін, атап өткен жөн, доптан айырылып қалу да көп болды, әсіресе бірінші кезеңде.

Майкл Томпсон

Үлкен үзілістен соң біздің команда түлеп сала берді, үшінші кезеңдегі ойын өрбісін ешкім күтпеген еді. Эмиль Райковичтің шәкірттері алға қарай лап қойды. Бәрі де Майкл Томпсонның ортада лақтырылған допты іліп әкетіп, көзілеспес шабуылымен қонақтардың шығыршығына доп салуымен басталды. Іле-шала Оярс Силиньш допты қонақтардан тартып әкетіп, жылдам шабуылды әдемі данкпен тәмамдады. Содан соң Мейерс блок-шот орындап, кезекті жылдам шыбуылымызды бастаған. Бірақ қонақтар Адонис Томасқа қарсы ойын ережесін бұзды, алайда ол айып соққысының біреуін ғана сәтті орындаумен аяқталды. Біздің команда қорғаныста жанкештілік танытып, химкиліктердің шабуылда көп мүммкіндіктері болған жоқ. Ал “Астана” болса, алға қарай ентелей берді. Силиньш алыстан кезекті соққысын дөп түсірді. Келесі шабуылда оның мұндай мергендігін Джеремайя Хилл қайталады. Есеп айырмасы лезде, 20 ұпайдан 9 ұпайға дейін қысқарды. Қазақстан ұжымына қарсыласы алған тайм-аут та кедергі бола алмады. Жігерленіп алған жігіттеріміз камбекті сабақтай түсті. Томас пен Хилл қонақтардың шығыршығына тағы үш ұпайлық доптарын дәл түсірді. Одан кейін Мейерс тамаша данк орындады. Үшінші кезеңнің бес минуты ғана өтіп, есеп айырмасы бір ұпайға дейін қысқарды. Тек осыдан кейін ғана қонақтар бұл кезеңдегі алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Бұдан әрі ойын біршама теңесіп, химкиліктер біздің шабуылдарымызға нәтижелі әрекеттерімен жауап беріп отырды. Бірақ біздің алыстан атқылайтын артиллериямыз қуанышқа бөлей берді – Силиньш кезекті рет мергендік танытып, ал Томпсон таразы басын теңестірді. Әйткенмен, “Химки” асып-саспай, сабырлық танытып, қайтадан алғка шықты. Әрі кезең соңына дейін алда тұрды. Хилл тамаша ойын үлгісін көрсетіп, қонақтарға тағы бір серпіліс жасауға мүмкіндік бермей, “Астананың” соңғы екі шабуылын сәтті аяқтады – 58:62. Өкінішке қарай, төртінші кезеңде біздің команданың қарқыны су сепкендей басылып қалды. Бірақ қонақтар да көсіле сілтей алмады. Алайда кезеңнің бірінші жартысында екі команда еншілеген 9 ұпайдың 7-еуі олардың еншісінде еді. Бізден тек Мейерс қана кезеңнің ортасына қарай допты торға дәл түсірген болатын. Осылай, қонақтар 9 ұпай айырмасымен ұтып жатты, ал матчтың аяқталуына бес минут қалған. Химкиліктердің басымдығы екі таңбалы санға дейін жеткен болатын, бірақ Томпсон, Мейерс, Хилл және Силиньш еншілеген ұпайлардың арқасында ол негізінен 5-7 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Бұдан кейін алаңдағы доп додасы қыза түсті. Өйткені матчтың аяқталуына екі минут уақыт қана қалғанда “Химки” 5 ұпай айырмасымен алда болды. Джеремайя тез арада есеп айырмасын үш ұпайға дейін қысқартты. Екі команда алма-кезек қателіктер жіберіп, таблодағы есеп біраз өзгермей тұрді. Содан біздің команда шабуылға шығар сәтте, матчтың аяқталуына жарты минуттан сәл ғана асатын уақыт қалғанда, Эмиль Райкович тайм-аут алды. Осы шабуыл барысында біздің ойыншылар екі рет үш ұпайлық соққы орындады, егер олар шығыршыққа дөп түскенде, таразы басы теңесер еді, алайда іс жүзінде олай болған жоқ. Қонақтар қайтқан допты қағып алғанда, тактикалық тұрғыда ойын ережесін бұзуға тура келді. Алайда қонақтар екі айып соққысын да мүлтіксіз орындады. Небәрі 13 секунд қалған, ал таблодағы есеп «–5» болатын. Кезекті рет тайм-аут алынып, одан кейін Силиньш доға сыртынан мергендік танытты. Есеп айырмасы – минус 2, тағы да тактикалық фол орындауға тура келді. Бұл соңғы үміт еді – қонақтар айып соққысының тым болмаса біреуінде мүлт кетіп, шабуыл ұйымдастыруға 8 секунд уақыт қалады.Айып соққыларын “Химкидің” көшбасшысы Алексей Швед орындап, біріншісін шығыршыққа дөп түсірді, ал екіншісінде мүлт кетті. Бірақ қайтқан допты біздің жігіттер емес, “Химки” ойыншылары қағып алып, бағалы секундтарды соза түсіп, бір-біріне пас беріп жүрді де, ең соңында допты шығыршыққа дөп түсірді – 77:82.

Салдары: “Химки” жетінші орында қалып, өзінің жеңіс пайызы көрсеткішін ұлғайта түсті. Ал “Астана” қайтадан 11-орынға ығысты, екеуара ойындардың нәтижелері бойынша “Енисейді” алға өткізді.
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» – Джеремайя Хилл бүгін құйындай орап соқты, ол 24 ұпай еншілеп, 4 пас берді, сондай-ақ оның еншісінде – 1 блокшот. Оярс Силиньш өз есебіне 18 ұпай жазып, 6 рет доп қағып алды, 4 пас берді және  2 рет допты тартып әкетті. Мартиньш Мейерсте дабл-дабл – 11 ұпай, 13 рет доп қағып алды, 4 рет допты тартып әкетті және 3 блокшот. Майкл Томпсон 11 ұпай олжалап, 2 рет допты тартып әкетті.
  • «Химки» – біздің ойыншылар “Химкидің” көшбасшысын тоқтата алмады – Алексей Швед өз есебіне 32 ұпай жазып, 9 пас берді. Джордан Микиде – 16 ұпай, 9 рет доп қағып алды және 3 блокшот. Ал Стефан Йович 14 ұпай жинады, 5 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Евгений Воронов 11 ұпай олжалап, 6 рет доп қағып алды.


«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:  
— «Химкиді» жеңісімен құттықтаймын, ойынның бірінші жартысында олар бізден асып түсті, бірақ екіншісінде біз қамшыны бастық. Әйтсе де, бұл жеңісті жұлып алуға жеткіліксіз болып шықты. Бүгін жеңіске жете алмағанымызға қапалымын. Егер біз матчтың бірінші жартысында да екіншісіндегідей ойнағанда, онда, сөз жоқ, жеңіске жетуге болушы еді.

«Химкидің» бас бапкері міндетін уақытша атқарушы Андрей Мальцев:
— Біздің алған бағытымыз дұрыс, дәл қазір жақсы жолмен жүрып келеміз. «Локомотивпен» ойнағанда, аздап жолымыз болмай, соңында ұтылып қалдық. Ал бүгін «Астанамен» кездескенде, матчтың бірінші жартысында өзіміз талпынып жүрген баскетбол ойынын көрсеттік. Алаң иелері небәрі 27 ұпай ғана еншіледі. Екінші жағдай: матч соңында бізді жеңіске жеткізуге көмектесетін жеті адам тапқанымыз өте ұнады. Мүмкін ойыншылар алмастыруды қысқартқан болармыз, бірақ бұл – келесі ойындарда, әрі ВТБ лигасында ғана емес, тіпті Еуролигада қайталануы тиіс жағдай. Жігіттеріміздің өте ауыр жұмыс кестесіне шыдап жүргендеріне қуаныштымын, әрі бұдан нәтиже бар. Енді бүкіл ойын бойы «Астанамен» өткен матчтың бірінші жартысындағыдай ойнау үшін тер төгетін боламыз.
 


Келесі матч: «Астана» жанкүйерлері енді сүйікті командасына тек көктемде жанкүйер болады – 1 наурыз күні Нұр-Сұлтанға Эстонияның «Калев» командасы келеді. Оған дейін біздің жігіттер Ұлттық құрама сапында, 2021 жылғы Азия кубогының соңғы іріктеу матчтарында, Қазақ елінің намысын қорғайды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»