«Астана» жаңа жылды жақсы бастады – астанада «Локомотив Кубань» клубын тізе бүктірді

10.01.2021, 10:00    Оқылғаны: 480
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының барлық жанкүйерлерін жаңа жылдың сәтті басталуымен құттықтаймыз! ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы өз алаңында Краснодардың «Локомотивімен» өткен матчта біздің жігіттер жанкештілік танытып, жүректі қобалжытқан ойын соңында азулы қарсыласынан маңызды жеңісті жұлып алды.

Ортаға лақтырылған допты қонақтар іліп әкетті де, созыңқы болып шыққан бірінші шабуылдарында есеп ашты. Біздің жігіттер қонақтардың тағы бір нәтижелі шабуылынан көз жазып қалып барып, өздерінің алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, Майкл Томпсон үш айып соққысының екеуін дөп түсірді. Адонис Томас ойын барысында бірінші рет нысананы дәл көздеп, есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты. Бірақ қонақтар сонда да алда болды. “Астана” олардың өкшесін басып, кубандықтардың алысқа ұзап кетулеріне мүмкіндік берген жоқ. Матч басында Қазақстан командасының ұпайларын тек Томас пен Томпсон еншілеп отырды. Бірақ олар 5-6 ұпай шамасында тербеліп тұрған есеп айырмасына соншалықты әсер ете алмады. Ал Оярс Силиньш үш ұпайлық дәл соққысымен есеп айырмасын екі есе қысқартты. Іле-шала Томпсон да шығыршықты алыстан дәл көздеп, осы матчта бірінші рет таразы басын теңестірді. Одан кейін Майкл тағы бір үш ұпайлық соққыны сәтті орындап, “Астананы” алға шығарды. Өкінішке қарай, осы сәттен бастап кезең соңына дейін біздің жігіттер бірде-бір шабуылдарын сәтті аяқтай алмай қойды. Ал қонақтар қоржындарына бес ұпай қосып, қайтадан алға шықты – 20:22. Бірақ атап өтуге тиіспіз, бүгін біздің алыстан атқылайтын артиллериямыз екпін алды, қуанғанымыз да осы еді. Екінші кезеңнің басында Мартиньш Мейерс пен Джеремайя Хилл осы ойындағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Осының арқасында біздің команда қайтадан алға шықты. Бірақ қонақтар бұған келіскен жоқ, әрине. Әрі олар таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударып алды. Дмитрий Гавриловтың екі ұпайы таразы басын кезекті рет теңелтті. Ал біздің капитан, яғни Рустам Мырзағалиев өзінің алыстан лақтырған бірінші добын қиыс жібергенімен, бұл шабуылда соның есесін қайтарып, “Астананы” алға шығарды. “Арқан тартыс” созыла түсіп, екі команда алма-кезек алға шығып отырды. Әуелі Асқар Майдекин, одан кейін Майкл Томпсон есепті теңестіргендерімен, матчтың бірінші бөлігінің соңындағы соңғы шабуыл «Локо» еншісінде болып, олар өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ – 40:43.

Рустам Муразагалиев

Үлкен үзілістен кейін, үшінші кезеңдегі алғашқы ұпайды Асқар Майдекин еншіледі, ол бір айып соққысын мүлтіксіз орындады. Краснодарлықтар алға ұзап кетуге тырысты, бірақ Асқардың тағы бір ұпайы мен Оярстің үш ұпайлық добы таразы басын қайтадан теңелтті. Силиньш үшінші кезеңнің бірінші жартысында көсіле сілтеп, екі минуттың ішінде тағы да екі рет есепті теңестірді. “Локомотив-Кубань” алға шығумен болып, бірақ біздің жігіттер ылғи олардың өкшелерін басып, жүйкелеріне тие бастады. Джеремайя Хилл кезең соңына дейін екі рет есепті теңестіріп, содан соң Николай Бажинге әдемі пас бере қойды. Соңғысы кезеңнің соңғы минутында “Астананы” алға шығарды. Краснодарлықтар сабыр сақтай алғандарымен, бұл кезеңнің нүктесін Антон Пономарев қойып, “Астана” алға шықты – 64:62. Соңғы кезеңде тартысты дода одан әрі жалғаса түсті. Біздің команданың да қимыл-әрекеттеріне жүйкелері әсер етіп, бұл ойын сапасына кесірін тигізбей қойған жоқ. “Локо” бес ұпай айырмасымен алға озды. Алайда Мартиньш Мейерс жағдайды түзеп, өзі жалғыз таразы басын теңестірді. Бірақ қонақтар қайтадан алға шығып, біршама ұзай түсті. Жетінші минуттың басында матчтың шешуші сәттерінің бірі жүзеге асты. Адонис Томасқа қарсы ойын ережесі бұзылды, ал ең бастысы, ол кубандықтардың көшбасшысы, орталық шептегі Реджи Линчті бесінші рет ереже бұзуға мәжбүрледі. Ол матчты қосалқы құрам орындығынан көріп, аяқтауға кетті. Бұдан кейін Мейерс еншілеген ұпайлар есепті теңелтіп, ал Хиллдің орындауындағы үш ұпайлық соққы алаң иелерін алға шығарды. Матч соңына дейін екі минуттан да аз уақыт қалған болатын, ал дода көрігі шектен тыс қыза түсті. Қыза түскен дода көрігі Адонис Томастың өте маңызды үш ұпайлық соққысын дөп түсіруіне бөгет бола алмады. Дәл осы сәтте матчтыың аяқталуына отыз секунд қалған еді – “Астана” +4. Краснодарлықтардың жаттықтырушылары тайм-аут сұрады, әрине. Бірақ Эмиль Райковичтің де өз шәкірттеріне бағалы ақыл-кеңес айтатын уақыты болды. Кубандықтар соққы орындау кезінде алаң иелерін ойын ережесін бұзуға мәжбүрлеп, айып соққыларын мүлтіксіз орындады. Әрі есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты. “Астана” уақыт өткенінің өздеріне тиімді екенін түсініп, шабуылды аяқтауға асықан жоқ. Бірақ жеңістен айырылып қауіпі өте жоғары еді. Майкл Томпсон шығыршық түбінде тәуекелге бел буғанымен, өз мүмкіндігін жүзеге асыра алмады. Бірақ Оярс Силиньш дер кезінде оған көмекке ұмтылып, допты қағып алды да, қайыра соғып, өте маңызды ұпайлар олжалады. Осылай, 4 ұпай басымдығына қайта қол жеткізді. Былайша айтқанда, ойын тағдырын шешті де. Краснодарлықтар үшін уақыт тым аз қалған еді, әрі олар қандай да бір айла-әрекет ойлап таба алмады да. Есеп – 86:82, “Астананың” жаңа жылдағы бірінші жеңісі.

Салдары: «Астана» жеңіске жетсе де, турнир кестесінің оныншы сатысында қалды. Бірақ бүгін УНИКС «Пармадан» басым түссе, біздің команда бір саты жоғары көтеріле алады. «Локомотив-Кубань» төртінші орыннан бесінші орынға сырғыды. Бірақ бүгін «Парма» – УНИКС матчы керісінше аяқталса, яғни пермдіктер жеңіске жетсе, олар өз орындарына қайта оралады.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Мартиньш Мейерс ойынның екінші жартысында көсіле сілтеп, таблодағы жағдайды жиі теңестірумен болды – 18 ұпай, 8 рет доп қағып алды. Джеремайя Хилл матч басында көзге түспеді, бірақ одан кейін команда қоржынына маңызды ұпайлар салып отырды – 15 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 6 пас, 2 рет допты тартып әкетті. Оярс Силиньш осы ойынның нүктесін ғана қойған жоқ, әрі 14 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды. Адонис Томас матчтың маңызды сәттерінде шешуші рөлді атқарып, 14 ұпай еншіледі және 5 рет доп қағып алды. Ал Майкл Томпсон матчтың бірінші жартысында біздің команданың негізі әрекет етуші күші болды – 12 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 8 пас.
  • «Локомотив-Кубань» – Реджи Линч, біздің ойыншылар бес фолмен “құрықтап”, матч соңында қосалқы құрам орындығына тұсаулап отырғызса да, дабл-дабл авторы атанды – 17 ұпай, 11 рет доп қағып алды, 6 блокшот. Мантас Калниетис пен Джордан Кроуфорд 15 ұпайдан еншіледі. Ал Станислав Ильницкий дабл-даблге бір қадам жетпей қалды – 9 ұпай, 10 рет доп қағып алды.


«Астана» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Айтуға тиіспін, «Локомотивті» жеңгенімізге өте ырзамын. Биылғы маусымда оның шабуылы – Лигадағы ең үздіктерінің бірі. Біз қорғаныста өте жақсы ойнадық деп ойлаймын. Бүгін 12 ойыншының бәрі де күш-қуаттарын толықтай сарқ етіп, қорғаныста жанкештілік танытты. Бұл – біз үшін өте маңызды жеңіс.

«Локомотив-Кубань» бас бапкері — Евгений Пашутин:
— Өте ауыр ойын болды. Біз 2 кезең бойы ойын тізгінін өз қолымызда ұстадық, бірақ 3-ші кезеңде қорғаныста босаңсып қалып, Хилл мен Томпсонның еркін шабуылдауларына мүмкіндік беріп қойдық. Бізге қорғаныста сауатты ойнап, жеңіс үшін табандылық таныту қажет.
 


Келесі матч: Ұлттық лигадағы «Атырау Барыстарымен» өз алаңында, яғни 12 және 13 қаңтар күндері өтуі тиіс қос ойыны кейінге шегерілгендіктен, «Астана» енді келесі кездесулерін тек 17 және 18 қаңтар күндері түзде өткізеді. Онда біздің жігіттер биылғы маусымда бірінші рет Қостанайдың «Тобылымен» додаға түседі. Ал ВТБ Бірыңғай лигасындағы астана командасының келесі қарсыласы – «Енисей». Бұл матч 24 қаңтар күні Красноярскіде өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»