«Астана» баскетбол клубы Польшада, ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы матчта, жергілікті “Зелена Гураның” қарқынына төтеп бере алмай, ойсырай ұтылып қалды. Бұл екеуара кездесулер тарихындағы бірінші жеңіліс болды.
Ортаға лақтырылған допты біздің команда іліп әкетті. Бірақ Қазақстан командасы бірінші шабуылында ұпай еншілей алмады. Мұндай жағдайды алаң иелері де бастарынан кешіріп, өздерінің бірінші шабуылдарын дәл соққымен түйіндей алмады. Негізі, олар соққы бағытаған болатын, бірақ оны шабуылда ойын ережесін бұзып, төреші ысқырғаннан кейін жүзеге асырды. Бұдан кейін Адонис Томас ойын тізгінін өз қолына алып, есеп ашты. Жалпы, Адонис матчтың алғашқы минуттарында өте белсенді болды және бірнеше шабуылды нәтижелі аяқтады. Бұған Майкл Томпсонның үш ұпайлық добын қоссақ, матчтың басы “Астана” үшін тәп-тәуір өрбіген еді. Алайда алаң иелері де қарап қалмады, үнемі Эмиль Райковичтің командасының өкшесін басып отырды, басында қуып жетуге тырысумен болды. Николай Бажин “энд уан” орындап, сондай-ақ Марбл мен Томпсон кезекті ұпайларын еншілеп, Қазақстан ұжымы алты ұпай айырмасымен алға озды. Әйтсе де, бірінші кезеңнің ортасында “Астана” сәтсіздікке ұшырады. Екі минуттың ішінде +6 басымдығы -4 болып шыға келді. Енді кезең соңына дейін командалар матч басындағыдай емес, қарама-қайшы рөльді атқарды – “Зелена Гура” ұзай түсуге, ал “Астана” қуып жетуге тырысты. Кезеңнің аяқталуына қырық секунд қалғанда, Джеремайя Хиллдің үш ұпайлық добы алаң иелерін қуып жетуге көмектесті. Бірақ ойынның бірінші ширек бөлігін қарсыласымыз түйіндеді – 27:24. Мұндай тартысты ойында үш ұпай айырмасы ештеңе шешпейтін еді. Бірақ алаң иелері сапында “қаһарлы қару” екпін алып, көсіле шапты. Ол – біздің команданың бұрынғы ойыншысы Джеффри Гроселл. Басында Мартиньш Мейерс пен Джеремайя Хилл қарсыласымыздың алысқа ұзап кетуіне мүмкіндік бермеген болатын. Бірақ олардың бұл талпыныстарына да қарамай, алаң иелері есеп айырмасын бірте-бірте ұлғайта бастады. Екінші кезеңнің экваторына қарай ол тіпті алғаш рет екі таңбалы санға да жетті. Шабуылымызда бәрі де үйлесе қоймай, қорғанысымыз да Гроселлге төтеп бере алмай, он минуттың ішінде -15 ұпай айырмасымен есе жіберіп алдық. Бұған бірінші кезеңде үш ұпай айырмасымен ұтылғанымызды қоссақ, матчтың бірінші бөлігіндегі сорақы есеп айырмасының қорытындысын шығарамыз – 61:43.
Осы ретте, екінші кезеңде Джеффри Гроселлдің біздің бүкіл командадан екі ұпай артық еншілегенін айта кетуге тиіспіз. Шығыршық ауыстырған соң қарқынымызды үдетіп, есеп айырмасын қысқартуға тырысуымыз керек еді. Бірақ үшінші кезеңнің бастапқы бес минутында жағдай өзгере қоймады. “Астана” бес минуттың ішінде тек бір рет қана нысананы дәл көздей алды – Коля Бажин айып соққысын дөп түсірді, оның өзінде екі мүмкіндігінің біреуін ғана мүлтіксіз орындады. Ал бұл кезде поляктар ойын тізгінін өз қолдарына алып, кезеңнің ортасына қарай 30 ұпайға жуық есеп айырмасымен қара үзіп кеткен болатын. Эмиль Райковичке мұндай жағдай мүлдем ұнаған жоқ, әрине. Ол тайм-аут алды, одан кейін біздің жігіттер сәл де болса, ширыға түскендей еді. Алайда біздің ойыншылардың нәтижелі әрекеттерінің бәріне дерлік алаң иелерінің жауаптары дайын болып шықты. Үшінші кезеңнің аяқталуына екі минуттай қалғанда алаң иелерінің басымдығы 30 ұпайға да жетті. Бірақ ұзақ тұрмады. “Астана” кезең соңына дейін екі шабуылын сәтті аяқтады, бірақ поляктардың бір шабуылынан көз жазып қалды. Сөйтіп, соңғы кезеңнің алдында жиырма сегіз ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 85:57. Бұл жеңісті жұлып алуға мүмкіндік тым аз жағдай еді. Мұндай адам сенгісіз комбек жасау үшін таңқаларлық ерлік қажет еді. Өкінішке қарай, ондай жағдай жүзеге асқан жоқ. “Зелена Гура” ара қашықтықты сенімді түрде ұстап тұрды, ал біздің соңғы мүмкіндігіміз осылай көзден бұл-бұл ұша бастады. Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда поляктар 29 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Яғни ойын тағдыры әлдеқашан шешілді деген сөз еді. Ойын осылай тәмамдалуға айналды. Ал Польша командасы биылғы маусымда бірінші рет жүз ұпайдан артық еншілеп қана қоймай, ВТБ Бірыңғай лигасындағы командалық рекордын да жаңартып, ірі жеңіске жетті – 110:86.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Зелена Гураның» бас бапкері Жан Табак:
— Бүгін біз қорғаныста тамаша ойын өрнегін көрсеттік. Кейбір сәттерде қонақтарымыздың шабуылдарына толықтай тосқауыл қойдық. Тіпті 110 ұпай еншілегенімізге қарамастан, мен алаңның өз бөлігіміздегі жанкештілігімізге ризамын, себебі бізге жетпей жүргені осы еді.
«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Зелена Гура» жеңіске лайық болды, бүгін олар бізден әлдеқайда асып түсті. Бұл ойында мен өз командамды танымай қалдым. Бізге жан-жақты талдау жүргізіп, мұндай матчтарда қайталанбастай етіп, шара қолдану қажет.
Келесі матч: астана командасы Польшадан тікелей Пермь қаласына барып, бейсенбі күні, яғни 17 желтоқсанда, жергілікті «Парма» командасымен ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті түздегі ойынын өткізеді.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |