«Алматы Легионы» «Астанаға» төтеп бере алмады

10.12.2020, 10:00    Оқылғаны: 260
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
“Астана” баскетбол клубы түзде “Алматы Легионымен” өткен екі матчтың біріншісінде жеңіске жетіп, екіншісінде де фаворит болып саналды. Алматылықтар есе қайтаруға тырысып, аянып қалған жоқ. Бірақ ол айтуға ғана оңай еді. Өйткені біздің команда да тек жеңіске жетуді көздеді. Екінші ойында “Астананың” жаттықтырушылары құрамы алаңға Қазақстан ойыншыларымен бірге Майкл Томпсон мен Джеремайя Хиллді шығарды.

Бұл ойында біздің жігіттер алғашқы шабуылда ұпай еншілей алмады, ал алаң иелері қарсы шабуылды сәтті аяқтап, есеп ашты. Николай Бажин екі айып соққысын мүлтіксіз орындап, біздің команданың алғашқы ұпайларын қоржынымызға салды. “Алматы Легионы” ойын басынды өздеріне сенімді болып, біздің ойыншылардың нәтижелі шабуылдарына бірден жауап қатып, біраз уақыт алда болды. Бірінші кезеңнің ортасына қарай “Астана” Николай Бажин салған доптың арқасында кезекті рет таразы басын теңестірді. Ал бірнеше секундтан соң Дмитрий Гаврилов біздің команданы осы ойында алғаш рет алға шығарды. “Легион” да қарқынын бәсеңдетпей, жетінші минутта таблодағы есепті қайтадан теңестірді. Асқар Майдекин айып доптарын мүлтіксіз орындап, біздің команданы қайтадан алға шығарды. Алайда, алаң иелері кезекті рет есепті теңелтті. Бірінші кезеңнің аяғына дейін Джеремайя Хилл екі шабуылды сәтті аяқтады. Бірақ алматылықтар да қалыспай, қоржындарына ұпай қосып отырды. Бұл кезеңді Антон Пономарев түйіндеді. 19:23 – “Астана” алда. Екінші кезеңнің басында да ойын біріншісіндегідей, біршама тартысты өтті. Джеремайя Хилл бұл ойында бірінші рет есеп айырмасын алты ұпайға жеткізді. Бірақ алаң иелері еңселерін түсірмей, қаймықпай тайталасумен болды. Бұл кезеңнің ортасынан аяғына дейін біздің жігіттер өрнекті ойын үлгісін көрсеті. Максим Марчук пен Дмитрий Гавриловтың ұпайлары он ұпай айырмасымен ұзап кетуімізге негіз болды. Бірақ бідің екі таңбалы санға тең басымдығымыз ұзақ тұрмады. Бірінші кезеңнің аяғында есеп 35:44 болып, Эмиль Райковичтің командасы алда тұрды.



“Алматы Легионы” матчтың бірінші жартысында астана ұжымымен лайықты деңгейде тайталасып, он бес минуттық үзілістен кейін де тізгін тартқан жоқ. Үшінші кезең басталған бетте алаң иелері екі шабуылды сәтті аяқтап, есеп айырмасын бес ұпайға дейін қысқартты. “Астана” алматылықтардың қарқындарын тежеп, қайтадан қара үзе бастады. Біздің шабуылдарымызды Роберт Пан мен Дмитрий Гаврилов сәтімен аяқтап шықты. Ал Майкл Томпсон үш минуттың ішінде жеті ұпай еншілеп, астаналық гандикапты он төрт ұпайға дейін жеткізді. “Алматы Легионының” бұған да жауабы дайын болып шықты. Бірнеше минуттың ішінде есеп айырмасы алты ұпайға дейін қысқарды. Бірақ бұл кезеңнің соңында астана командаы көсіле сілтеп, бірнеше шабуылы жауапсыз қалды. Сөйтіп, соңғы кезеңнің алдында он төрт ұпай айырмасымен ұтып жатты – 51:65. Осыдан бір күнгі матчта да ойын шамамен осылай өрбіп, “Астана” соңғы кезеңде тізгінді толықтай өз қолына алып, ірі жеңіске қол жеткізген болатын. Бүгін алматылықтар соңғы он минутта ойсырай ұтылған жоқ. Десек те, бұл жердегі маңызды сөз – «ұтылды». “Легионерлер” біздің команданың бірте-бірте үдете түсіп, есеп айырмасын ұлғайта бастаған қарқынына төтеп бере алмай қалды. Майкл Томпсон ерекше көзге, түсіп, ең бастысы нәтижелі ойын үлгісін паш етті. Оның кезекті ұпайларынан кейін “Астана” есеп айырмасын жиырма ұпайдан асырды. Бес минуттан да азырақ уақыт қалғанда, біздің жеңіске жететініміз айдан анық болды. Сөйтіп, “Астана” Алматыда тағы бір ірі жеңіске қол жеткізді – 66:90. Әрі оңтүстік астанадан екі ойынның қорытындысы бойынша төрт ұпай олжалап қайтты.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – өткен матчта жарақат алып қалған капитанымыз, яғни Рустам Мырзағалиев бұл ойында алаңға шыққан жоқ. Қалған ойыншыларымыздың бәрі нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Майкл Томпсон “Астана” сапында бәрінен асып түсіп, 19 ұпай жинады, сонымен қатар, 4 рет доп қағып алып, 4 пас берді. Николай Бажин дабл-дабл авторы атанды – 10 ұпай және 10 рет доп қағып алды. Джеремайя Хилл өз еншісіне 15 ұпай жазып, 6 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Дмитрий Гаврилов 10 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды.
  • «Алматы Легионы» – Дмитрий Свиридов адам сүйсінерлік дабл-дабл авторы атанды – 20 ұпай және 18 рет доп қағып алды. Ресейліктер, яғни Роман Лагутин мен Сергей Марихин 12 ұпайдан еншіледі.


Салдары: “Астана” турнир кестесінде өз қоржынына тағы екі ұпай қосты және маусымдағы жеңіліссіз аяқ алысын одан әрі сабақтай түсті. “Алматы Легионы” бүгін жеңіске жетіп, екінші орынға орналасқан “Атырау Барыстарынан” бір ұпай қалыс тұр.

Келесі матч: біздің жігіттер Алматыдан қайтып келіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі шетелдік сапарына дайындалады. Бірінші аялдама Польша жеріне жоспарланған, нақтырақ айтқанда, 14 желтоқсан күні астаналықтар «Зелена Гура» клубымен додаға түседі. Ал астана баскетболшыларының Ұлттық лигадағы келесі қарсыласы – Қостанайдың «Тобылы». Олармен маусымдағы бірінші екі матчтық кездесулер 20 және 21 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтанда өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»