«Астана» тағы да батысты бетке алды, бұл жолы «Атырау Барыстарымен» кездеседі

28.11.2020, 18:00    Оқылғаны: 256
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының Ұлттық лигада аясындағы, «Атырау Барыстарымен» қаңтардың ортасына жоспарланған түздегі екі ойыны 29 және 30 қараша күндеріне ауыстырылды. Астана командасы жасыл-ақ жейделілермен додаға түсу үшін Атырауға аттанып та кетті. Бұл ойындар “Jysan Arena”спорт кешені алаңында өтеді. Екі матч та астана уақытымен 18:00-де басталады.

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Қазақстан чемпионы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионаты Ұлттық лигасының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017
  • Қазақстан чемпионаты Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2020


Команда құрамы: “Атырау Барыстары” – біздің команданың Ұлттық лигадағы ең басты қарсыласы. Естеріңізге сала кетейік, әрі дәл осы атыраулық команда кезінде «Астананы» чемпиондық атақтан құр қалдырған. Сонымен қатар, соңғы маусымдарда дәл осы ұжым Қазақстан чемпионатының финалдарында “Астанамен» тайталасып жүр. Команда құрамына келер болсақ, былтырғы маусыммен салыстырғанда, көп өзгерген жоқ. Командадан америкалық қорғаушы Лисандер Брейси мен ресейлік қорғаушы Игорь Савченко кетіп қалды. Сондай-ақ алаңға көп шықпайтын және бастапқы бестікке ілікпей жүретін қазақстандық екі ойыншы да кетті – қорғаушылар Артем Педько және Александр Чигрин. Атыраулықтар былтырғы маусымда негізгі құрамда ойнаған легионерлерін, атап айтқанда, Эдвард Картер III және Райан Кук сынды америкалық қорғаушыларын сақтап қалды. Сондай-ақ, қазақстандық сегіз баскетболшы Атыраудағы жылы орындарын суытпай, команда сапында қалды – Владимир Иванов, Асқар Ахметжан, Мерей Уапов, Артем Парфенов, Рустам Өтеген, Әділхан Марат, Олег Балашов және Ибрагим Қонысов. “Барыстар” бұл ойыншыларды бірнеше маусым бойы шыңдап келеді. Командаға жаңадан екі ресейлік ойыншы қосылды. Қорғаушы Евгений Маринин мансабын Санкт-Петербургтегі “Спартак” жүйесінде бастаған. Ресей U-18 құрамасында ойнаған. Сонымен қатар, ресейлік “Рязань”, “Саранск”, “Буревестник”, “Университет-Югра” және “Уфимец” командалары сапында өнер көрсеткен. Ал былтырғы маусымды Туланың “Арсеналында” өткізді. Шабуылшы Павел Сизов – ЦСКА түлегі. Әскерилер клубының жасөспірімдері құрамдарында ойнап шыққан. Сондай-ақ, “Химкидің” екінші құрамы мен “МБА”, “АлтайБаскет”, “Тамбов” командалары сапында ойнаған. Павел де былтырғы маусымды Туланың “Арсеналында” өткізді. Бұларға қоса, “Атырау Барыстары” өзінің екінші командасындағы ойыншыларды да пайдалана алады.

Атырау Барыстары баскетбол клубы 2020/2021

Бас бапкер: “Атырау Барыстарының” бас бапкері қызметін үшінші жыл қатарынан латыш маманы Арнис Вецвагарс атқарып келеді. Атыраулықтар ұжымның жаттықтырушылары штабындағы жаңа есім Ресей маманы Виктор Усков болып отыр, ол Қазақстанның батыс өңіріне Туланың “Арсеналынан” ауысып келді.

Арнис Вецвагарс

Команда көшбасшылары: команданың негізгі қозғалтқыш күші америкалық Эдвард Картер III және орталық шептегі қазақстандық Владимир Иванов болып саналады. Сондай-ақ шабуылшы Павел Сизовты да атап өтуге болады. Ол – командадағы ең көп ұпай еншілеп жүрген ойыншылардың бірі. Бастапқы бестікте бұлармен қоса америкалық қорғаушы Райан Кук және ресейлік қорғаушы Евгений Маринин ойнайды. Қазақстан шабуылшысы Рустам Өтеген тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүр. Сонымен қатар, атыраулықтардың бапкері алаңға Әділхан Марат, Олег Балашов, Мерей Уапов және Артем Парфенов сынды қазақстандықтарды жиі шығарып отырады.

Кездесулер тарихы: Ұлттық лига мен Қазақстан кубогы аясындағы додалардың бәрінде “Астана” мен “Атырау Барыстары” алпыстан астам, нақтырақ айтқанда, 64 ойын өткізді. “Атырау Барыстары” қазақстандық басқа ұжымдарға қарағанда “Астананы” көбірек жеңген команда – 7 рет. Бірақ бұл ертеректе, 2015/2016 жылдар маусымында болған.

Турнир кестесіндегі жағдай: Екі ұжым да, маусым басталғалы алты ойыннан өткізді. “Астана” өз ойындарының бәрінде жеңіске жетіп, турнир кестесінде көш бастап келеді. Ал “Атырау Барыстары” бір рет сүрініп, екінші орында тұр.

Матчтар жексенбі және дүйсенбі күндері – 29 және 30 қарашада Атыраудағы “Jysan Arena”спорт кешені алаңында өтеді. Екі матч та астана уақытымен 18:00-де басталады. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»