«Астана» өз алаңында «Ақтөбені» ұтып, Ұлттық лига маусымында бірінші рет жүздікті еңсерді

09.11.2020, 22:10    Оқылғаны: 430
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Ұлттық лигада Астана командасы «Каспиймен» кездесіп, екі ойында да үстем түскен болатын. Сондықтан Ақтөбеден келген келесі қарсыласымен өтетін матчтарда біздің баскетболшылардың жеңіске жететіндеріне шүбә келтіру қиын еді. Ал “Ақтөбе” биылғы маусымда 4 ойын өткізіп үлгеріп, соның біреуінде ғана жеңіске жеткен болатын. Бұл ойынға Эмиль Райкович легионерлерден Девин Марбл мен Мартиньш Мейерсті шығарды.

Бүгінгі ойында есепті Антон Пономарев ашты, ал Мартиньш Мейерс матч барысында құйындай орап соқты. Латыш саңлағы біздің команданың алғашқы он бес ұпайының он екісін бір өзі салды. Әрі астана басымдығын бес минут уақытқа да жеткізбей, екі таңбалы санға айналдырды. «Ақтөбе» ойыншылары біздің жігітерге мүлдем төтеп бере алмай қалды. Алаң иелері болса, есепті одан әрі ұлғайта түсті. Мәселен, Максим Марчуктың үш ұпайлық дәл соққысынан кейін “Астана” басымдығы жиырма ұпайдан да асып кетті. Қонақтар ойынның алғашқы он минутында небәрі сегіз ұпай ғана еншіледі. Ал “Астана”, өз кезегінде, отыз ұпайды жуықтады. Әрі әлдеқайда қара үзіп кетті – 29:8. “Ақтөбе” екінші кезеңнің басында есеп айырмасын қысқарта бастады және ойын өрісіне өзгеріс енгізуге тырысты. Десек те, екі команданың арасы он бес ұпайға дейін қысқарғанда, “Астана” ойыншылары қайтадан қамшыны басты – Руслан Айтқали мен Николай Бажин есеп айырмасын тез арада жиырма ұпай шамасына жеткізді. Ал Андрей Литвиненконың үш ұпайлық добынан кейін біздің басымдығымыз 27 ұпайға дейін өсті. Содан матчтың бірінші жартысы аяқталғанша, ойын өрісі тең дәрежеде өтті деуге болады. “Астана” отыз ұпайды жуықтайтын басымдықпен емін-еркін көсіле түсті. Сөйтіп, ойынның бірінші жиырма минуты 52:24 есебімен аяқталып, Эмиль Райковичтің командасы үстемдік танытты.

Девин Марбл

Он бес минуттық үзілістен соң Антон Пономарев есеп айырмасын отыз ұпайға жеткізді. Ал Рустам Мырзағалиев пен Вадима Щербактың соққыларынан кейін елордалық гандикап отыз бес ұпайды жуықтады. Біздің баскетболшылар алаңда көсіле шауып, ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ. Есеп айырмасы кезеңнің қалған уақытында көп өзгерген жоқ. “Ақтөбе” аракідік шабуылдарын сәтті аяқтап отырды, бірақ олардың әрбір шабуылдары астана командасының орындауындағы лайықты жауаппен жалғасып отырды. Осылай, ойынның отыз минуттық уақытынан соң алаң иелері қонақтарын отыз бес ұпай басымдықпен ұтып жатты – 74:39. Мұндай айқын басымдық осы матчтағы дода көрігін басты. Әрі бүгін “Астананың” жеңіске жететіндігіне ешкім де күмән келтірген жоқ. Матчтың соңғы ширек бөлігінде алаң иелері қарқындарын бәсеңсіткен жоқ, жеңіске қарай адымдай түсті. Ақтөбеден келген қонақтар төртінші онминуттықты тәп-тәуір өткізді, әрі бұл олар үшін осы матчтағы ең нәтижелі кезең болды. Алайда бұл да кездесу қорытындысына титтей де әсер еткен жоқ. Астана командасы айылын жимай, үстемдік танытып, соңғы минуттарда ұпайлары қорын жүзге де жеткізді. Бұл олардың биылғы маусымдағы бірінші жүздіктері болды (маусым аралығындағы «Тобылдан» басым түскен жеңістерін есепке алмағанда) – 100:62.
 
 

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – бұл матчта біздің команданың алаңға шыққан ойыншыларының бәрі де ұпай еншіледі. Мартиньш Мейерс кездесу барысында құйындай орап соғып қана қоймай, жалпы қорытындысында да ең тиімді ойыншы болды – 18 ұпай, 5 рет доп қағып алды. Девин Марблдың көрсеткіштері өте жоғары болды – 15 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 2 пас және 2 рет допты “қиып” әкетті. Қазақстандықтар ішіндегі ең тиімді ойыншылар: Руслан Айтқали – 9 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 2 пас, 3 рет допты “қиып” әкетті және Антон Пономарев – 9 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 2 пас.
  • «Ақтөбе» – қонақтар сапында Өзбекстан өкілдері үздік болды: Эмир Азизов – 19 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 2 пас және Бахтиер Насриддинов – 13 ұпай, 7 рет доп қағып алды.
Салдары: Бұл ойын екі команданың да турнир кестесіндегі орындарына әсер еткен жоқ – «Астана» сол бұрынғысынша бірінші, ал «Ақтөбе» бесінші сатыда тұр.

Келесі матч: «Ақтөбе» командасымен өтетін қос ойынның екіншісі ертең, яғни 10 қараша күні «Сарыарқа» велотрегі алаңында болады. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»