Эмиль Райковичтің шәкірттері түзде «Зениттен» ойсырай ұтылды

02.11.2020, 10:00    Оқылғаны: 521
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

“Астана” Санкт-Петербургке жол шеккенде, төрт ойын өткізген командамыздың қоржынында бір ғана жеңіс болды. Ал “Зенит” болса, бұған дейінгі төрт ойынында да жеңіске жеткен-тін. Сондықтан, петерборлық команда өз алаңында фаворит еді. Сонымен қатар, бұл матчта Девин Марблдың біздің команда сапында ВТБ Бірыңғай лигасындағы бірінші ойынын өткізгенін атап өтуге болады.

Ортаға лақтырылған доп алаң иелерінің олжасына айналып, петерборлықтар бірінші шабуылдарында-ақ шығыршықты дәл көздеп, есеп ашты. Майкл Томпсон бір жарым минуттан кейін Қазақстан командасының алғашқы ұпайын еншіледі. Ал бір минутқа да жетпейтін уақыттан соң Адонис Томас үш ұпайлық соққысымен таблодағы есепті теңестірді. Алайда “Зенит” айылын жимай, қайтадан алға шықты. Бұдан кейінгі 4 минутта алаң иелері көсіле шауып, өз мүмкіндіктерінің бәрін жүзеге асырды. Осылай, олардың басымдығы лезде екі таңбалы санға жетті. Біздің жігіттер шабуылды аяқтау барысында көп қателесті және қоржынымызға ұпай қосу қиямет-қайымға айналды. “Зенит” нәтижелі ойын өрнегін сабақтай түсіп, бірінші кезең аяқталуға таяғанда + 15 ұпай айырмасымен қара үзді. Бірақ бірінші кезеңнің нүктесін Майкл Томпсон қойып, алаң иелерінің қорғанысын бұзып өтті де, есепті өзгертті – 27:14. Екінші кезеңнің басында Девин Марбл өзінің ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ұпайларын еншілеп, үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсірді. Әрі энд уан орындау құқығына қол жеткізді. Девиннің мүлтіксіз орындаған айып соққысынан кейін “Астана” есеп айырмасын 9 ұпайға дейін қысқарты. Өкінішке қарай, “Астана” осының өзін ұстап тұра алмады, кезеңнің орта тұсына қарай “Зенит” қайтадан 15 ұпаймен ұзап кетті. Бірақ алаң иелерінің бірінші кезеңдегідей нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмағандарын атап өтуге тиіспіз. Матчтың бірінші жартысының соңына дейін Майкл Томпсон, Адонис Томас және Девин Марбл үшеуінің дәл соққыларынан кейін есеп айырмасы 11 ұпайға дейін қысқарды. “Астана” екінші кезеңде басым түсті, бірақ небәрі екі ұпай айырмасымен. Әйтсе де, бірінші жиырма минуттан кейін есеп айырмасын сәл де болса, қысқарта түсті.

Майкл Томпсон

“Астана” үшін жағдай соншалықты сорақы емес еді. Әрі іс жүзінде болып тұратындай, 11 ұпай орнын толтыруға болатындай айырма болатын. Бірақ үшінші кезең Қазақстан командасы үшін шектен тыс сәтсіз өтті. Бұл кезеңнің бірінші жартысы Санкт-Петербург командасы үшін де нәтижелі бола қоймады. Олар бес минуттың ішінде бар болғаны 6 ұпай ғана еншіледі. Ал “Астана” үшін осы бес минут одан да бетер болды. Біздің жігіттер осы бес минутта бірде-бір ұпай еншілей алмай діңкеледі. Ал есеп айырмасы 20 ұпайды жуықтады. Майкл Томпсон алтыншы минутта ғана біздің команда үшін осы кезеңдегі алғашқы ұпайды еншіледі. Үшінші кезеңнің екінші жартысында “Зенит” дәл соққыларын жиілетті, ал “Астана” шығыршықты дәл көздеуден қалды. Екі команданың арасы алшақтай түсіп, кезең соңында 30 ұпайды жуықтады. Соңғы кезеңге дейін алаң иелері 28 ұпай айырмасымен қара үзіп кетіп, Эмиль Райковичтің командасына бұл ойында жеңіске жету мүмкіндігі жоққа тән бола бастады. Төртінші кезеңнің басында “Астана” ойын өрнегіне өзгеріс енгізерліктей ештеңе көрсете алмады. Ал “Зенит” болса, жеңіске қарай адымдай берді. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда петерборлықтар 30 ұпаймен алысқа ұзап кетті. Әрі бұл ойында енді қай команданың жеңіске жетерлігі де байқалып тұрді. Алаң иелері тізгін тартпай, “Астанаға” ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Қазақстан командасына ұпай еншілеу қиынға соғып, 50 ұпай межесіне олар матчтың аяқталуына бір минут қалғанда ғана жетті. Сөйтіп, “Зенит” айқын басымдықпен жеңіске жетті . Есеп – 85:52.

Егер цифрлар қорытындысына көңіл аударар болсақ, онда бұл ойындағы басты мәселе соққыларды шығыршыққа дөп түсіру болғанын байқаймыз: біздің жігіттер орта қашықтықтан 35 пайыз, ал алыстан 27% пайыз соққыларын ғана сәтті аяқтай алды, ал алаң иелерінің бұл көрсеткіштеріне үңілсек, екі ұпайлық соққылары – 52%, үш ұпайлық соққылары – 45%. Біздің команданың бүгінгі жеңілісінің басты себебі дәл осы көрсеткіштер болды. Сонымен қатар, “Астана” шығыршықтан қайтқан допты қағып алудан да есе жіберіп алды – 27:42.
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Зенит» – петерборлық команда сапында ресейліктер Антон Пушков (13 ұпай, 6 рет доп қағып алды) және Андрей Зубков (10 ұпай және 9 рет доп қағып алды) ерекше көзге түсті. Сонымен қатар, канадалық Кевин Пангос та көсіле сілтеп, 14 ұпай еншіледі және 9 пас берді.
  • «Астана» – бүгін біздің ойыншылардың көбісінің ойындары үйлеспей қойды. Әйтсе де, Майкл Томпсон біздің команда сапында көзге түсіп, екі команда сапындағы ең көп ұпай еншілеген ойыншы болды – 16 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 3 пас берді. Девин Марбл алғашқы ойынында тәп-тәуір нәтиже көрсетті – 13 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 3 пас және 2 рет допты қиып әкетті. Адонис Томас 10 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды. 


«Зениттің» бас бапкері Хави Паскуаль:
— Жанкүйерлерімізге бізбен бірге болғандары үшін рахмет. 24 күннен кейін алаңға қайта оралғанымызға қуаныштымыз. Бұл – тамаша сезім, Сибур Аренада өз жанкүйерлеріміздің көз алдында тағы да дода көрігін қыздыруға дәмеленгенбіз. Жалпы, ойын жақсы өтті, матчтыі басынан аяғына дейін біз сауатты түрде қорғана білдік. Ең бастысы, өз тактикамызды бұлжытпай жүзеге асырдық. Шабуыда кейбір қателіктер жіберіп алдық. Алайда жігіттеріміз аянған жоқ, барлық күш-жігерлерін салды. Осындай ұзақ үзілістен кейін бұл мүлде оңай емес еді.

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Зенитті» жеңісімен құттықтаймын. Қарсыласымыздың үш аптадан артық уақыт бойы ойнамағандары мүлде сезілген жоқ. Ойыншылары тың, жеңіске ашқұрсақ болып, күш-жігерлерін 100% жұмсады. Ал біз болсақ, кежегеміз кейін тартып, ойнаудан қалдық. Біз жоспарымыздың ешқайсысын жүзеге асырмай, матчқа құрған тактикадан ауытқыдық. Бізге әлі көп тер төгу керек, әсіресе күш-қуатымызға көңіл бөлу қажет.

Салдары: «Зенит» бесінші ойында жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі бірінші орынға мейілінше жайғаса түсті. Ал «Астана» жалқы жеңісімен рейтингтегі оныншы сатыда қалды.

Келесі матч: 5 қараша күні астана баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын түзде өткізеді. Олар елге қайтпай, Таллинге жол тартып, онжа жергілікті «Калевпен» додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

# Тәж індетінен сақ болып, «Астанаға» жақ болыңыздар!



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»