«Астана» демалыс күні Санкт-Петербургте «Зенитпен» додаға түседі

31.10.2020, 10:00    Оқылғаны: 470
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Ұлттық лига маусымын сәтті бастап, өз алаңында «Каспий» командасын екі рет тізерлетіп, жігерлене түскен «Астана» баскетбол клубының ойыншылары Нева жағасындағы қалаға кетті. Онда олар ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Петербордың «Зенитімен» додаға түседі. Матч жнексенбі күні, 1 қарашада, астана уақытымен 20:00-де басталады.

«Зенит»
 – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан. 2014 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2016-2018 
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Команда құрамы:

Маусым аралығында петерборлықтардың құрамы көп өзгерді. Былтырғы маусымдағы құрамынан небәрі 7 адам ғана Санкт-Петербург командасы сапында қалды. Командадан мексикалық Густаво Айон, француз Эндрю Альбиси және америкалықтар Колтон Айверсон, Алекс Ренфро, Тим Абромайтис сынды ойыншылар кетті. Ресейліктерден тәжірибелі Антон Понкрашов пен Евгений Воронов та өз жолдарын тапты. «Зенитпен» келісімшартарын ұзартқан жеті ойыншының екеуі америкалық Остин Холлинс пен Уилл Томас, поляк Матеуш Понитка, сондай-ақ ресейлік Дмитрий Хвостов, Антон Пушков, Владислав Трушкин және Андрей Зубков сынды ойыншылар болды.

Зенит баскетбол клубы 2020/2021

Биылғы маусымда петерборлықтар сапын үш америкалық ойыншы толықтырды. Қорғаушы Кей Си Риверс өз карьерасын Италияның «Латина», «Бенеттон» және «Виртус» командалары сапында бастаған. Сондай-ақ Францияның “Роан” командасының да намысын қорғаған. Кей Си ВТБ Бірыңғай лигасына бірінші рет келіп отырған жоқ. 2011/2012 және 2012/2013 жылдар маусымдарында Ресейдің “Локомотив-Кубань” және “Химки” командалары сапында ойнаған. NBA Жетілу лигасында “Рино Бигхорнс” сапында өнер көрсеткен, сондай-ақ Еуропаның азулы командаларында да шыңдалған. Атап айтқанда, Испанияның “Реал Мадрид”, немістің “Бавария”, гректің “Панатинаикос” және сербтің “Црвена Звезда” клубтарында ойнаған. Сонымен қатар, Италияның “Реджана” және Испанияның “Реал Бетис” клубтарында да атой салды. Былтырғы маусымды ол Литваның “Жальгирисі” құрамында өткізді. Риверстің атақ-жетістіктерінен көз сүрінеді: Еуролига чемпионы, Испания мен Грекияның екі дүркін чемпионы, Адриатика лигасының чемпионы, Сербия және Литва чемпионы. Сонымен қатар, Испания кубогының екі дүркін жеңімпазы, Испания СуперКубогының иегері, Грекия және Миндаугас Королі кубогының жеңімпазы. Қорғаушы Билли Бэрон бұған дейін Литваның “Летувос Ритас”, Бельгияны “Шарлеруа”, Испанияның “Мурсия”, Түркияның “Эскишехир” және Сербияның “Црвена Звезда” командалары сапында тәжірибе жинаған. Билли Сербия және Адриатика лигасының чемпионы, Адриатика СуперКубогының жеңімпазы. Шабуылшы Алекс Пойтресс NBA-дағы “Филадельфия СевентиСиксерс”, “Индиана Пейсерс” және “Атланта Хоукс” сынды клубтардың сапында төбе көрсеткен. Сонымен қатар, NBA Жетілу лигасындағы “Форт Уэйн Мэд Энтс” және “Эри БэйХоукс” командаларында ойнаған. АҚШ-тан кейін Пойтресс қытайдың “Жилин Норт-Ист Тайгерс” және түріктің “Галатасарай” клубтары сапында өнер көрсетті. Канада қорғаушысы Кевин Пангос Испаниядағы “Гран-Канариа” және Литвадағы “Жальгирис” командалары сапында шыңдалған, ал соңғы екі маусымды Испанияның “Барселонасында” өткізді. Литва шабуылшысы Артурас Гудайтис өз карьерасының басым бөлігін Литвадағы “Гаргждай-Бремена”, “Жальгирис” және “Летувос Ритас” командалары құрамында өткізген, ал соңғы үш маусымда Италияның “Олимпия Милан” клубы сапында ойнады. Артурас – Литваның екі дүркін чемпионы және Италия чемпионы, сондай-ақ Литва кубогының жеңімпазы, Миндаугас Королі кубогы мен Италиядағы екі кубоктың иегері. Ресей ойыншылары ішінен “Зенитке” ауысқан ең әйгілі ойыншы ретінде қорғаушы Виталий Фридзонды бөле-жара атап өтуге болады. Виталий өзінің 15 жылдан асатын карьерасында “Химки”, ЦСКА және “Локомотиве-Кубань” командалары сапында өнер көрсетті. Бірнеше рет Ресей және ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионы болды, Еуролига чемпионы және Әлем Чемпионаты мен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. “Зениттің” енді бір ресейлік тәжірибелі жаңа ойыншысы – қорғаушы Денис Захаров. Бұған дейін ол “Спарта и К”, “Динамо Мәскеу”, “Нижний Новгород”, “Локомотив Кубань” командалары сапында ойнаған. Соңғы маусымдарда “Енисейдің” намысын қорғады. Сонымен қатар, команда сапын екі жас ойыншы толықтырды. Шабуылшы Игорь Вольхин “Химкиден” ауысып келсе, шабуылшы Максим Карванен зениттің өз жүйесінен қосылды.

Бас бапкер:

Санкт-Петербург командасының жаттықтырушылары штабы былтырғы маусыммен салыстырғанда мүлде өзгерген жоқ. Команданы сол бұрынғысынша Испания маманы Хави Паскуаль басқарады, ал оған жерлесі Иньиго Зорзано, грек Адамантиос Панагиотопулос және ресейлік маман Сергей Вознюк көмектеседі.

Хави Паскуаль

Команда көшбасшылары:

ВТБ Бірыңғай лигасында өткізген төрт ойында команданың көшбасшылары ретінде америкалықтар Алекс Пойтресс пен Билли Бэрон көзге түсті. Сонымен қатар, Остин Холлинс, Кевин Пангос және Матеуш Понитка да сенімді ақтап жүр. Кей Си Риверс, Уилл Томас және Артурас Гудайтис та нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп келеді. Ресейлік ойыншылардан Андрей Зубковты айрықша атап өтуге болады, ал Виталий Фридзон мен Денис Захаровты бапкері үнемі бастапқы бестікте ойнатып жүр.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Зенит” маусым басынан бері төрт ойын өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетіп, турнир кестесінде көш бастап келеді. Алайда, “Зенит” негізінен турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі командалармен кездесті:  “Калев”, “Зелена Гура” және “Цмоки-Минск”. Сондай-ақ биыл спорттық бабына келе алмай жүрген “Химкиді” де тізерлетті. “Астана” да 4 матч өткізді. Бірақ біздің команда бір рет қана жеңіске жетіп, дәл қазір командалар рейтингінде оныншы орынды иемденіп тұр.

Қызықты деректер:

“Астана” мен “Зенит” 11 рет додаға түсті, екеуара кездесулерде петерборлық команда біздің жігіттерді жеті мәрте ұтып, төрт рет ұтылып, басым болып жүр.

Қызықты деректер: 

  • Былтырғы маусымда осы екі команда бір рет қана кездесті. Бұл кездесу Нұр-Сұлтанда өтіп, онда “Астана” жеңісті жұлып алған болатын.
  • Бұған дейінгі екі кездесуде “Астана” мен “Зенит” тек овертаймда ғана бір-бірінен айлаларын асыра алған болатын.


Матч жексенбі күні, яғни 1 қарашада Санкт-Петербургтегі «Сибур Арена» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 20:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»