«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы түзде өткен матчында Қазанның УНИКСін қуып жетпек болып қанша тырысса да, сәті түспеді – кездесу алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.
ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымындағы бірінші матчына Қазанның УНИКСі үздік ойыншыларының бәрін тіркеді. Биылғы маусымға тіркеген 14 ойыншысының ішінен грек Костас Каймоглу мен ресейлік Артем Клименко бұл ойынға қосылған жоқ. Ал «Астана» ЦСКАмен додаға түскендегі құрамын шығарды деуге болады. Тек Максим Марчуктің орнына жарақатынан айыққан Адонис Томас шықты.
Ортадан ойынға қосылған допты «Астана» іліп әкеткенімен, біздің конманда бірінші шабуылында есеп аша алмады. Сондай-ақ, сары-көкшіл жейделілер кездесудің бастапқы үш минуты бойы бірде-бір ұпай ала алмай, қара терге түсті. Тек үшінші минуттың соңында Майкл Томпсон алаң иелері шығыршығың құлыпын ашты. Бірақ УНИКС те осы уақыт аралығында нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай, небәрі бес ұпай ғана елшіледі. Ойынның бірінші ширек бөлігінде «Астана» негізінен алаң иелерінің ойын өрнектеріне икемделумен болды. Ал қазандықтар болса, ойын тізгінін уыстарынан шығармай, өздеріне сенімді болды. Бірақ алысқа ұзап кете алмады. Әйтсе де, Эмиль Райкович тайм-аут алуға мәжбүр болды, себебі оның шәкірттері ойынның бірінші ширек бөлігінің аяқталуына үш минут қалғанда, 10 ұпайдай ұтылып жатты. Әрі дәл осы тактикалық үзілістің пайдасы да біршама болды. Біздің ойыншылар алға қарай ентелеп, есеп айырмасын едәуір қысқартты. Тіпті бірінші онминутықты тең аяқтайтындай мүмкіндікке де ие болды. Алайда соңғы минуттардағы үш ұпайлық соққылары қиыс кетіп, бірінші 10 минут УНИКС-тің басым түсуімен аяқталды (+3). Айтпақшы, «Астана» ойыншыларының матч басында толғаныстарын тарата алмай, жүйкелері сыр беріп, 5 минутта бес командалық ескерту алғанын айта кетуге тиіспіз. Ойынны екінші ширек бөлігінде астана командасы сабасына түсіп, жігіттеріміздің өздеріне деген сенімдіктері арта түсті. Алайда УНИКС те тізгін тартпай, өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, көсіле шапты. «Астана» олардың есеп айырмасын ұлғайта түсулеріне жол бермегенімен, қуып жете алмай қойды. Бес минут бойы есеп айырмасы 5-8 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Алайда бұдан кейін алаң иелері ойын өрнектерін жетілдіре түсіп, есепті ұлғайта бастады. Осылайша, Димитрис Прифтистің шәкірттері ойынның бірінші жартысын 10 ұпайдан да асатын басымдықпен тәмамдады – 53:42. Айта кетуге тиіспіз, матчтың бірінші жартысында қазандықтардың үш ұпайлық соққылары шығыршыққа дөп түсіп отырды, әрі солардың арқасында осындай басымдыққа қол жеткізді. Ал басқа көрсеткіштері жағынан олар біздің командадан асып түсе алмады.
Үлкен үзілістен кейін «Астана» намысты қолдан бермей, әр ұпай үшін және алаңның әр сантиметрі үшін табан тіресе тайталасты. Қазақстан командасы есеп айырмасын бірте-бірте қысқартып, оны бар болғаны бес ұпайға жеткізді. УНИКСтің бапкерлері қосыны іркес-тіркес тайм-ауттар алып, біздің команданың қарқынын бәсеңдетуге тырысты. Әрі осы үзілістерден кейін қазандықтар тиімдірек ойнап, қауіп бұлтын сейілтті. Біздің ойыншылар қанша тырысса да, үшінші кезеңнің соңына қарай Қазан командасы екі таңбалы басымдыққа қайта оралып, соңғы кезең қарсаңында 11 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Төртінші кезең біздің команда үшін өте қиын болды. Негізгі құрамдағы ойыншыларымыз титықтап қалды, ол аз болғандай, екі үздік ойыншымыздың ескертулері шектеуден асып түсіп, матчты соңына дейін жалғастыра алмады. Олар – Джеремая Хилл және Мартинш Мейерс. Осындай қиындықтардың ешқайсысына қарамай, «Астана» тайталасып бақты, ойынның аяқталуына бес минуттан да аз уақыт қалғанда небәрі 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатты, әрі жеңісті жұлып алу мумкіндігі болған да еді. Бірақ бүгін бәрі біздің команданың бағы жанбады. УНИКС матчтың соңғы минуттарын біздің командаға қарағанда нәтижелі өткізді, екі ойыншысынан айырылып, қатары селдіреп қалған қонақтарына ешқандай мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, Нұр-Сұлтанда ЦСКА-ға есе жіберген жеңілісімізге Қазандағы жеңіліс қосылды – 101:83 (22:19, 31:23, 23:23, 25:18).
Ең көп ұпай еншілегендер:
УНИКСтің бас бапкері Димитрис Прифтис:
— Бірінші кезекте, бірнеше айға созызған үзілістен кейін лига додасына қайта оралғанымызға қуанышты екенімді білдіргім келеді. Әрине, ВТБ лигасының бірінші ойынында жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Бірақ, өкінішке қарай, біздің дайындық кезеңіміз ойдағыдай емес, мүлдем өзгешерек болды. Бізге көптеген жағдайларды басымыздан өткізуге тура келді. Осының бәрін ескерсек, жеңіске жеткеніміз, өте жақсы нәтиже болды.
«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Димитрис Прифтистің биылғы маусымда өте азулы команда жасақтап алғанын атап өтуге тиіспін. Жеңліп қалсақ та, ойын нәтижесіне аса қапаланып отырған жоқпын. Біз биылғы маусымға дайындық кезінде көптеген қиындықтарға тап болып, жаттығу жұмыстарына төрт апта бұрын ғана кірістік. Біз әлі спорттық бабымызға келген жоқпыз. Құдды, қазір де дайындығымызды жалғастырып жүргендейміз. Сонымен қатар, осыдан біраз уақыт бұрын келісімшартқа отырған екі ойыншымыздың қатарға қосылуын әлі күтіп жүрміз. «Химкимен» өтетін ойынға дейін біздің құрамымыз жасақталып, ойын өрнегімізді жетілдіре түсіп, бабымызға келеміз деп үміттенемін.
Салдары: УНИКС ВТБ Бірыңғай лигасын жеңіспен бастады. Ал «Астана» екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіліске ұшырап отыр. Бірақ біздің команданың әзірше лиганың «шартты түрдегі үздік төрттігіне енетін» азулы командалармен кездескендігін ұмытпауымыз керек.
Келесі матч: 19 қазан күні Эмиль Райковичтің шәкірттері тағы да ВТБ Бірыңғай лигасы аясында түзде додаға түседі. Бұл жолы Мәскеу түбінде «Химки» командасымен кездеседі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |