«Астана» баскетбол клубы үшін ВТБ Бірыңғай лигасындағы мерейтойлы маусымының басы жеңіл болмады – Мәскеудің ЦСКА командасымен өткен өз алаңындағы ойында біздің команда әйгілі қарсыласына төтеп бере алмады.
Дәл қазір ВТБ Бірыңғай лигасындағы ЦСКА құрамында 14 ойыншы тіркелген. Әрине, олардың екеуі ойынға қатыса алмайды. Бұл матчта ондай ойыншылар неміс Йоханнес Фогтманн мен италиян Дэниэл Хэккетт болды. Бірақ ЦСКА-ның құрамы оларсыз да жоғары деңгейлі ойыншыларға лық толы еді. Ал біздің командаға келер болсақ, Вадим Щербак ойын хаттамасына ілікпеді. Сонымен қатар, Эмиль Райкович осыдан бір-екі күн бұрын жаттығу кезінде кішігірім жарақат алып қалған Адонис Томасты дүлей додаға салмады. Сөйтіп, біздің команданың сапында үш-ақ легионер болды, яғни Қазақстан ойыншыларына өздерінің қабілеттерін паш етуге мүмкіндік мол болды.
Матч басында ортаға допты екі рет лақтыруға тура келіп, қонақтар оны іліп әкетті де, бірінші шабуылдарында-ақ есеп ашты. Ал біздің команда біршама уақыт бойы қонақтардың шығыршығының кілтін таппай сенделді. Ойынның басталғанына екі минуттан да асатын уақыт өткенде, 6 ұпай айырмасымен ұтылып жатқанда, Джеремайя Хилл осы ойындағы ғана емес, «Астана» үшін ВТБ Бірыңғай лигасы маусымындағы алғашқы ұпайларды еншімізге жазды. ЦСКА маусым аралығында екі турнирді, яғни Нева және Гомельский кубоктарын жеңіп алған болатын. Ал Қазақстан командасы небәрі бір ғана жолдастық кездесу өткізген-тін, яғни осы матчқа дейінгі ойын практикасы жағынан мәскеуліктер көш ілгері еді. Әрі бұл өз жемісін берді де, қызыл-көк жейделілер көсіле сілтеді. Бірақ «Астана» намысты қолдан бермей, тайталасып бақты. Бірінші кезеңнің ортасына таман, «Астана» өзінің жаңа ойыншысы Майкл Томпсонның шығыршыққа дөп түсірген үш ұпайлық екі добынан кейін небәрі 4 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алайда командалық фол шектеуі түгесіліп, келесі ойын ережесі бұзылған сәтттер енді екі ұпайлық айып добымен жазалануы керек болды. Әрі қарай ЦСКА да қарқынын үдете түсіп, есеп айырмасы тез арада 10 ұпайдан асып кетті. Осылай, бірінші он минуттық «Астана» үшін мүлдем сәтті болмады – 15:30. Екінші ойын бөлігі де қонақтардың басымдығымен өтіп, олар алға қарай ентелеумен болды. Төрт минуттан кейін есеп айырмасы бақандай 20 ұпайға да жетті. Біздің жігіттер қанша тырысса да, есеп айырмасын қысқарта алмай қойды. Ал ЦСКА бұл басымдықты уысына «қысып» ұстап, есеп айырмасы 20 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Сөйтіп, ойынның бірінші жартысы 29:50 есебімен аяқталып, қарсыластарымыз кездесудің екінші бөлігі қарсаңында қара үзіп кетті.
Үлкен үзілістен кейін Эмиль Райковичтің шәкірттері толғаныстарын таратып, жылдамдықтарын едәуір үдетті. Доп додасы біршама қыза түсіп, екі команда ашық ойын түріне көшті. «Астана» үш минутқа да жетпейтін уақыт арасында есеп айырмасын 21 ұпайдан 14-ке дейін, яғни үштен бір бөлігіне шейін қысқартты. Бірақ бұдан кейін Майк Джеймс қамшыны басып, оны тоқтату мүлде мүмкін болмады. Оның кез келген қашықтықтан, кез келген ойын сәтінен лақтырған доптары шығыршыққа дөп түсіп отырды. Сөйтіп, ЦСКА Майктің арқасында өздеріне ыңғайлы 20+ ұпай айырмасы басымдығына қайта қол жеткізді. Матчтың үшінші ширек бөлігі аяқталғанша біздің қоржынымызға тек Қазақстан ойыншылары ұпай салып отырды – Асқар Майдекин, Руслан Айтқали және Роберт Пан. Осы үшеуінің күш-жігерлерінің арқасында біздің команда есеп айырмасын 20 ұпайға дейін қысқартты. Үшінші кезеңде «Астана» бір ұпай айырмасымен басым түсті, бірақ жалпы есептегі ұпай айырмасы әлі алшақ еді – 52:72. Соңғы кезең біздің команда үшін үшіншісі секілді сәтті басталмады. Біздің жігіттер төрт минутан астам уақыт бойын бірде-бір ұпай еншілей алмай, сергелдеңге түсті. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда ЦСКА 25 ұпай айырмасымен ұтып жатты. Ашығын айтқанда, ойын тағдыры шешіліп те қойған еді. Төртінші кезең «Астаны» үшін өте нәтижесіз болып, біздің ойыншылар небәрі 8 ұпай еншіледі. Осылай, ойсырай ұтылды – 60:93.
Салдары: ЦСКА маусымды өзіне сенімді деңгейде бастады, ал «Астана» ұтылып қалса да, бұл тек басы екенін көрсетті.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Құттықтаймын, ЦСКА-ны, дәл қазір біз бұл командамен – жер мен көктей әртүрлі деңгейдеміз. Дайындалуға уақытымыз да көп болған жоқ, небәрі екі апта жаттықтық. Бұған қоса, Адонис Томас пен тағы екі ойыншыдан айырылып қалдық. Олар бүгінгі матчта алаңға шыққан жоқ. Мартиньш Мейерс кеше ғана келді, оның спорттық бабына келе қоймағанын өздеріңіз де байқай алдыңыздар. Жағымды тұсы ретінде біздің қазақстандық ойыншылардың алаңда көп ойнау мүмкіндігіне ие болғандарын атап өтуге болады. Әрі кейбіреулері мұны пайдалана алды да. Мысалы, Руслан Айтқали, бұған дейін алаңға көп шыға бермейтін, ал бүгін өзін көрсете білді. Әйтсе де, ең бастысы, 190 күннен кейін біз ақыры баскетбол ойнай бастадық.
ЦСКА-ның бас бапкері Димитрис Итудис:
— Команданы жеңісімен құттықтаймын. Біз «Астананың» легионерлеріне қатысты қиын жағдайға тап болғанын білдік, олар командаға кеш қосылды. Мен бұл қарсыласымызға үлкен құрметпен қараймын, әрі сәттілік тілеймін. Біздің қорғаныстағы жұмыс жайлы өз мақсатымыз болған. Біз оны орындай алмадық, әсіресе үшінші кезеңде жаза басып, 22:23 есебімен ұтылып қалдық. Бұл қай бағытта жұмыс істеуіміз керек екендігін меңзейді. Біз шабуылда жақсы ойнадық, бірақ менің қорғаныстағы ойынымызға көңілім толмайды. Біз қарсыласымыздың 60 ұпай ғана еншілеуіне мүмкіндік бердік, бірақ қорғаныста қапы қалған сәттеріміз де болды. Бүгін біз үздік болдық, бірақ алдымызда күзеп-түзер жұмыс көп.
Келесі матч: 3 қазан күні астана командасы ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымында түздегі бірінші ойынын өткізіп, Қазанда жергілікті УНИКС командасымен додаға түседі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |