«Астана» ВТБ лигасының жаңа маусымын өз алаңында ЦСКА командасымен бастайды

22.09.2020, 10:00    Оқылғаны: 888
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Тұп-тура 200 күннен кейін үлкен баскетбол қайтадан Қазақстан астанасына оралады! «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымдағы алғашқы матчын өз алаңында өткізіп, Мәскеудің ЦСКА командасын қабылдайды.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! — Матч көрерменсіз, бос трибуналарда өтеді.

ЦСКА – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан, 1923 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990. 
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2019. 
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973, 1982. 
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007, 2010. 
  • Еуропа чемпиондары Кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971. 
  • NEBL чемпионы − 1999/2000. 
  • Еуролига чемпионы − 2005/2006, 2007/2008, 2015/2016 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012-2018/19
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011


Команда құрамы:

ЦСКА-ның былтырғы және биылғы маусымдағы құрамында көп өзгеріс жоқ. 12 ойыншысы бірдей Мәскеу клубымен өз келісімшарттарын ұзартты. Олардың арасында команданың негізін қалайтын үздіктері де бар – Майк Джеймс, Дэниел Хэккетт, Джоэль Боломбой, Никита Курбанов, Дэрран Хиллиард, Йоханнес Фогтманн, Янис Стрелникс, Семен Антонов және Иван Ухов, сондай-ақ жас ойыншылары Андрей Лопатин мен Александр Хоменко. Сонымен қатар, қатарға Уилльям Клайборн қосылды, ол былтырғы маусымда толықтай дерлік жарақатына байланысты ойнай алмаған. Маусым аралығында командадан әскерилер ұжымының капитаны Кайл Хайнс кетіп қалған болатын. Ол Италияның «Олимпия Милан» командасына ауысты. Ал оның лауазымын Никита Курбанов басты. Бұдан бөлек, ЦСКА-ның негізгі құрамдағы тағы бір ойыншысымен жолы қақ айырылды – Андрей Воронцевичпен. Сондай-ақ командадан Коста Куфос, Ховард Сант-Рос және Михаил Кулагин кетіп қалды. Соңғысы «Енисейге» ойысты.

ЦСКА баскетбол клубы 2020/2021

Жаңа ойыншыларына келсек, олар – небәрі екеу. Сербиялық орталық шеп ойыншысы Никола Милутинов өзінің кәсіби мансабын өрімдей жас кезінен бастаған. Он бес жасында-ақ Сербияның «Хемофарм» деген командасында ойнаған. Одан кейін «Партизанға» ауысып, бұл ұжыммен екі мәрте Сербия чемпионы атанады және бір рет Адриатикалық лигада топ жарады. Соңғы бес маумымды Никола Грекияның «Олимпиакос» командасы сапында өткізген. Осы уақыт ішінде ол Грекия чемпионы атанып, екі мәрте осы елдің «Жұлдыздары матчында» ойнаған. Әрі 2017 жылы Грекия чемпионатындағы ең прогрессшіл ойыншы мәртебесіне ие болған. Осы ретте, Милутиновті «Сан-Антонио Сперс» командасы драфтте таңдап алғанын да айта кеткен жөн болар. Командадағы екінші жаңа ойыншы – грузин шабуылшысы Торнике Шенгелия. Ол өз карьерасын Испанияның «Валенсия» командасы сапында бастаған. Әрі бірден «Валенсиямен» Еурокубок жеңімпазы атанады. Одан кейін екі маусым Бельгияда ойнап, «Вервье-Пепинстер» және «Шарлеруа» командалары сапында өнер көрсеткен. Бұдан кейін ол мұхит асып, «Бруклин Нетс» командасымен келісімшартқа отырады. Сондай-ақ «Спрингфилд Армор» сапында ойнаған. 2014 жылы тіпті «Чикаго Булз» сапында бір-екі ай бақ сынаған. Соңғы алты жылды Торнике Испаниядағы «Баскония» сапында өткізіп, осы елдің чемпионатында және Еуролигада ерекше көзге түсті. Былтырғы маусымда Испания чемпионы болды.

Команда көшбасшылары:

ЦСКА үшін бұл ойын ВТБ лигасы маусымындағы алғашқы матч болады. Бірақ олар маусым аралығында Нева және Гомельский кубоктарын жеңіп алды. Команданың көшбасшылары – шектен тыс көп. Әйтсе де, ойға ең әуелі Майк Джеймс келеді. Десек те, әскерилер ұжымы сапында одан да басқа жоғары деңгейлі ойыншылар өте көп – Джоэль Боломбой, Дэниел Хэккетт, Дэрран Хиллиард және Никита Курбанов, сондай-ақ Янис Стрениекс, Йоханнес Войтманн және Семен Антонов. Жарақатынан айығып келген Уилльям Клайборн да нәтижелі ойын өрнегін көрсете алады. Ал жаңа ойыншылары, яғни Никола Милутинов пен Торнике Шенгелия да қарсыластарын жиі-жиі қапы қалдырып отыру үшін барлық күш-жігерлерін салады.

Бас бапкер:

Димитрис Итудис өз есімін ЦСКА-мен көптен бері ұштастырып және «Сәйгүліктерді» көптен бері додаға салып келеді. Итудис өзінің алғашқы бапкерлік өтілін 1990 жылы Хорватияның (сол кездегі Югославияның) «Загреб» баскетбол клубы жүйесінде бастаған. Хорватия командасында бес жыл тәжірибе жинақтаған соң Грекияға оралады. Әрі 4 жылдың ішінде ПАОК, «Панионис», «Филиппос» және МЕНТ командалары сапында шыңдала түседі. 1999 жылы «Панатинаикос» командасында бас бапкердің көмекшісі болып бекітіледі. Әрі бұл қызметте 13 жыл бойы ілімін жетілдіре түседі. Осы уақыт аралығында Димитрис бас бапкердің көмекшісі ретінде 5 рет Еуролига чемпионы, 11 дүркін Грекия чемпионы және 7 мәрте Грекия кубогының жеңімпазы атанады. «Панатинаикостан» кейін, 2013/2014 маусымында, Итудис Түрекияның «Банвит» клубына бас бапкер болады. Бірақ түрік жеріне ұзақ тұрақтамайды. Келесі маусымда ол Ресейге ойысып, ЦСКА командасының тізгінін қолына алады. ЦСКА-мен Димитрис Итудис екі рет Еуролига жеңімпазы атанады және екі мәрте «Еуролигадағы Жыл жаттықтырушысы» мәртебесіне ие болады. Әскерилер клубын жаттықтырған осы 6 маусымда (тек соңына дейін жалғаспай, үзіліп қалған былтырғы маусымды есепке алмағанда), ол ВТБ Бірыңғай лигасының жеңімпазы және Ресей чемпионы болады. Әрі үш мәрте Жыл жаттықтырушысы атанады. Ал 2017 жылы ВТБ Бірыңғай лигасындағы Жұлдыздар матчында «Әлем жұлдыздары» командасының бас бапкері болған.

Димитрис Итудис

Турнир кестесіндегі жағдай:

Екі команда үшін де алдағы матч ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымындағы бірінші ойындары болады. Сондықтан олар бірдей жағдайда – әзірше ұпайлары жоқ.

Кездесулер тарихы:

«Астана» мен ЦСКА өз тарихтарында 20 рет кездесті. Бірінші ойындар 2013/2014 маусымында өтіп, онда әскерилер клубы екі рет Қазақстан командасынан басым түскен. Келесі маусымда ЦСКА «Астананы» екі рет чемпионат додасында жеңіп, үш рет 1/8-финалында ұтып, жолынан тайдырды. Біздің команда мәскеуліктерді одан кейінгі маусымда да ұта алмай, екі рет жеңілістің кермек дәмін татты. Содан соң тағы да 2 рет чемпионат аясында, үш рет 1/8-финалында ұтылды. Соңғы үш маусымда да ЦСКА басымдық танытып, екеуара алты ойында жеңіске жетті.

Қызықты деректер:

  • «Астананың» Бас менеджері Валерий Тихоненко өз карьерасының басында, сонау КСРО кезінде, ЦСКА сапында ойнаған, әрі карьерасын дәл осы Мәскеу клубы сапында аяқтап, үш рет Ресей чемпионы болған. Мұнымен қоса, ойыншы ретіндегі мансабын аяқтаған бетте, екі жыл қатарынан ЦСКА-ның жаттықтырушылары штабын басқарған.
  • Соңғы төрт маусымда «Астана» үшінші рет ВТБ лигасы маусымын азулы ЦСКА командасымен, өз алаңында бастап отыр.
  • ЦСКА – ВТБ Бірыңғай лигасында «Астана» әлі бірде-бір рет ұта алмай жүрген жалғыз команда.


Матч сәрсенбі күні, яғни 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»