«Астана» «Автодорды» тізерлетіп маусымды жеңіспен бастады

02.10.2016, 17:30    Оқылғаны: 526
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» биылғы маусымдағы алғашқы ойынын өз алаңында өткізіп, Саратовтың «Автодорынан» жеңісті жұлып алды – 83:78 (25:25, 18:20, 16:19, 24:14).

Жаңа маусым, жаңа құрам, жаңа белестер. Бүгін «Астана» ПБК жаңа маусымды ВТБ Бірыңғай лигасындағы үйдегі ойынымен бастап, Саратовтың «Автодорымен» кездесті. Бұл ойынды көпшілік, яғни клуб басшылары да, жанкүйерлер де асыға күтті. Бәріне де құрамы жаңадан жасақталған «Астананы» көру қызық еді.

Есепті алаң иелері ашты. Йан Миллер команда қоржынына 2 ұпай салды. Оның бұл бастамасын Усман Крубали іліп әкетті. Бірінші кезең 25:25 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде қонақтар қарқындарын үдетті. Бірақ астаналықтар олардың көсіле сілтеулеріне мүмкіндік берген жоқ. Миллер-Одом жұбы тізе қоса қимылдап, біздің команда ұпай айырмасын ұлғайта түсті. Бірақ бұл қонақтарға ұнаған жоқ, әрине. Содан Саратов саңлақтары допты мейілінше көп лақтыруға тырысты. Әрі мүлт кеткен сәттері – некен-саяқ. Ал «Астана» жайлы бұлай айта алмаймыз. Доп шығыршыққа (оймақторға) түскісі келмей-ақ қойды. Екінші жиырмаминуттық 43:45 есебімен аяқталып, «Автодор» алға шықты. Үшінші кезеңде қонақтар тізгінді толықтай өз қолдарына алды. Таразы басы да солар жаққа ауып тұрды – 64:59. Грекия маманы шәкірттері соңғы онминуттыққа тастүйін тістеніп шықты. Әсіресе осы матчтың ең үздік ойыншысы Йан Миллер көсіле шапты. Ол команда қоржынына 32 ұпай салды. Ойын 83:78 есебімен, «Астана» ПБК жеңісімен аяқталды. Елорда клубын үйдегі бірінші жеңісімен құттықтаймыз.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Астана»: Иан Миллер (32 ұпай + 5 пас), Усман Крубэлли (17 ұпай + 9 доп қақшыды ), Род Одом (11 ұпай + 9 доп қақшыды), Леонидас Каселакис (10 ұпай + 8 доп қақшыды)

«Автодор»: Ник Миннератт (23 ұпай +7 доп қақшыды), Брэнден Фрэйзер (13 ұпай + 9 передач), Майкл Каррера (11 ұпай + 8 доп қақшыды), Евгений Колесников (10 ұпай)

«Автодор» БК бас бапкері Николайс Мазурс:
- «Астананы» жеңісімен құттықтаймын. Біз үшін – өзекті өртер жеңіліс. Ойын барысында бірнеше рет маңызды сәттер болды, біз сол сәттерде жаза бастық: допты қақшып ала алмадық, қарсыласымыздың екінші мүмкіндіктерінде көп ұпай еншілеуіне жол беріп алдық, әрине, бүгін Миллерге төтеп бере алмадық.

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
- Бірінші ойын біз үшін күйзеліс пен толғанысқа толы болды. Өз жанкүйерлеріміздің алдында қабілетіміздің бәрін паш еткіміз келді. Қарсыласымыз қарымды еді, былтыр «Астана» Саратов клубынан екі рет ұтылып қалған. Ойын барысында 10 ұпай айырмасымен ұтылып жатқан сәттеріміз де болды. Бірақ мен бақыттымын, команда жеңісті жұлып алды.

«Астана» келесі ойынын да өз алаңында, 5 қазан күні, былтыр ВТБ Бірыңғай лигасының финалына шыққан Қазанның «УНИКС» клубымен өткізеді.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»