Ертең, 2 қазан күні «Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ойынын өткізіп, өз алаңында Саратовтың «Автодор» клубын қабылдайды.
Қарсыласы – өте қарымды және алға қойған мақсаттары да биік. 2015/2016 жылдар маусымында 6-орынға ие болып, плей-офф сатысында ширек финалға дейін жетсе де, Ресей клубының басшыларын бұл нәтиже де қанағаттандырмаған сияқты. Бас бапкерін ауыстырып тастағанын басқаша қалай түсінуге болады… Айтқандай, біздің команда да – жаңа бапкер. Өздеріңіз білесіздер, маусым аралығында команда тізгінін Грекия маманы Илиас Папатеодору қолына алды. Екі команданың да жаңа маусым алдындағы мақсаттары – биік. Ендеше, жанкүйерлер шектен тыс шиеленісті ойынның куәсі болулары керек. Әрине, астаналықтар өз алаңында ойнайды. Еңселері – көтеріңкі. Бірақ жанкүйерлері қолдап отырмаса, қалай мысы басады… «Астана» ПБК баскетбол жанкүйерлерінің бәрін сүйікті командамызды қолдап отыруға шақырады.
Қарсылас жайлы мәлімет:
«Автодор» (Ресей, Саратов) баскетбол клубы 1960 жылы құрылған.
Жетістіктері:
- Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/94, 1996/97, 1997/98, 1998/99
- Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/96
- Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/98
- А суперлигасының чемпионы – 1996/97, 1997/98
- Б суперлигасының чемпионы – 2008/09
- Суперлига чемпионы – 2013/14
- Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/13
Матч «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Басталуы – 20:00. Кіру тегін!