Өз алаңындағы шектен тыс шиеленісті өткен матчта «Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшысы, Мәскеу облысынан келген «Химки» клубын ұтуға шақ қалды.
«Химки» – ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшысы, биылғы чемпионаттың негізгі бөлігінде небәрі бір-ақ рет ұтылған ұжым. Мәскеу облысының командасы бұл ойында да фаворит болды. Бірақ Қазақстанға негізгі құрамдағы ойыншыларының бәрі келген жоқ. Нақтырақ айтқанда, Алексей Швед пен Янис Тимм келмеді. Алайда ол екеуі болмаса да, де қонақтар сапында деңгейі жоғары ойыншылар көп еді – Дэвин Букер, Йонас Жеребко, Стефан Йович, Дайрис Бертанс, Егор Вяльцев, Вячеслав Зайцев және Сергей Моня. Сондай-ақ биыл ВТБ Бірыңғай лигасы аясында алаңға бірінші рет Крис Крамер шығып, Томас Робинсон тырнақалды ойынын өткізді. Қазақстан командасы үшін бұл ойын өте маңызды еді, бірақ қарсыласы азулы ұжым болды. Ойын басталғанда «Астана» құрамында алаңға шыққандар – Джеймс Флоренс, Вадим Щербак, Душан Ристич, АлександрЖигулин және Малкольм Хилл.
«Астана» баскетболшылары ортаға лақтырылған допты қағып алды, бірақ алғашқы шабуылдары сәтсіз аяқталды. Ал қонақтар өздерінің бірінші шабуылдарында үш ұпай еншіледі. Джеймс Флоренс алаң иелері үшін осы ойындағы алғашқы ұпайларды еншілегенімен, «Химки» доға сыртынан шығыршықты дәл көздеуден жаңылмай, бірден қара үзіп кетті. Екі минуттан кейін 7 ұпай айырмасымен алда тұрды. Біздің команда есепті тез теңестірді, ал Джеймс Флоренс үш ұпайлық соққысымен өз ұжымын алға да шығарды. Кезең соңына дейін командалар алма-кезек ұпай еншілеп, бір-бірінен қалысқан жоқ. «Химки» алға шықты, бірақ біздің командадан құйрық үзіп кете алмады. Бірінші кезеңнің соңында Джеремайя Хиллдің үш ұпайлық добынан кейін «Астана» тағы да алға шықты. Бірақ бұл кезең тең есеппен аяқталды. Екінші кезеңнің бірінші жартысы тең дәрежеде өтті және есеп те бірнеше рет теңесті. Бұл кезең бел ортасынан ауғанда «Химки» қарқынын үдете түсіп, алысқа ұзай бастады. Есеп айырмасы бірте-бірте ұлғая түсті. Біздің жігіттерге ұпай еншілеу қиындап, қонақтар шығыршықты доға сыртынан дәл көздеуді жиілетті. Ойынның бірінші жартысы аяқталуға жақындағанда, қонақтар есеп айырмасын 10 ұпайға жеткізді. Әрі матчтың бірінші бөлігі осылай аяқталды да – 37:47.
Негізі, матчтың бірінші жартысының соңғы бес минутында ғана қонақтар басымдық танытты. Әйтпесе, қалған уақытта біздің команда есе жібере қойған жоқ болатын. 10 ұпай айырмасы біздің жігіттердің сағын сындыратындай басымдық емес-тін. Әрі Эмиль Райковичтің командасы таразы басын теңестіре алатындай еді. Бірақ «Химки» бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Басында 10 ұпай айырмасы біразға дейін сақталып тұрды. Бірақ үшінші кезеңнің ортасына қарай қонақтар 15 ұпай айырмасымен ұзай түсті. Қазақстандықтар ойын өрнегіне өзгеріс енгізуге тырысты, бірақ ол да қолдан келер емес. Ал үшінші кезеңнің аяқталуына бір минут қалғанда, есеп айырмасы 20 ұпайды жуықтады. Сөйтіп, төртінші кезең басталмай тұрып, «Астана» ірі есеппен ұтылып жатты – 17 ұпай айырмасымен. Мұндай есеп айырмасын 10 минутта теңестіруге болады, бірақ іс жүзінде жүзеге асыру оңай емес. Қазақстан командасы комбек жасап, қонақтарын қуып жетуге тырысты. Бірақ «Химки» өз басымдығын уысынан шығара қоймады. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда Мәскеу облысынан келген команда 14 ұпай айырмасымен ұтып жатты. Кезеңнің орта тұсында екі команда үш ұпайлық соққыларымен көрермендерді сүйсіндірді. Одан кейін Александр Жигулин данк орындап, есеп айырмасын 11 ұпайға дейін қысқартты. Әрі Қазақстан командасын жігерлендіріп, серпіліс жасауына қамшы болды. Оны Малкольм Хилл қолдап, қазақстандық шабуылды айып соққыларымен түйіндеп, үшеуін де мүлтіксіз орындады. Ал есеп 8 ұпайға дейін қысқарды. «Астана» қорғаныста мұқият ойнап, «Химки» ұпай ала алмады. Ал қазақстандықтардың шабуылдары нәтижелі болды. Александр Жигулин тағы да ұпай еншілеп, одан кейін ойын тізгінін Малкольм Хилл өз қолына алды. Ол тіпті есеп айырмасын мейілінше қысқартты. «Химкидің» жаттықтырушылары тайм-аут алуға мәжбүр болды. Бірақ бұл да оларға көмектескен жоқ. Матчтың аяқталуына 45 секунд қалғанда екпін алған Малкольм Хилл таразы басын теңестірді. «Химкиліктердің» келесі шабуылында доп алаң сыртына шығып кетті. Даулы жағдай! Төрешілер өз шешімдерін бейне қайталаудан анықтауға кетті. Ойынның бітуіне 12 секунд қалған. Енді ойын тағдыры төрешілер шешіміне байланысты еді. Егер олар допты біздің командаға берсе, онда «Астананың» шабуылға шығуға уақыттары болатын еді және біздің ойыншылар мүлт кетіп, ұпай еншілей алмаса, ойын овертаймға ұласар еді. Ал егер төрешілер допты «Химкиге» берсе, онда олардың шабуылдарын жалғастыруына 3 секунд уақыттары болар еді. Бейне қайталауды ұзақ көріп, оны көп талқылаған төрешілер бізге оңтайлы емес, тіпті «қауіпті» шешім қабылдап, допты қонақтарға берді. «Химки» үш секундтың ішінде допты шығыршыққа лақтырып үлгерді. Әрі мүлт кеткен жоқ. Енді біздің командада 8 секунд уақыт бар. Есепті теңестіріп, ойынды овертаймға созу үшін тек үш ұпай керек. Өкінішке қарай, біздің команданың соққысы ойдағыдай болмай шықты және нысанаға жетпеді. «Химки» бүгін жеңісті жұлып әкетті. Есеп – 88:91 (24:24, 13:23, 22:29, 29:15).
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Мен өз командамды құттықтағым келеді. Өйткені олар соңына дейін шайқасты. «Химки» – Еуролига командасы, ВТБ лигасының биылғы маусымында бір рет қана ұтылды. Әйтсе де, біздің жігіттер ойын соңында есепті теңестірді, «–17» ұпай айырмасымен ұтылып жатсақ та, берілген жоқ. Бәрі де соңғы сәтте, допты қай команда иеленуі керек болғанда шешілді. Өкінішке қарай, допты «Химки» алып, Йович өте маңызды үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Мен өз жігіттерімді мақтан тұтамын және қызу қолдап отырған жанкүйерлерімізге көп рахмет.
«Химки» клубының бас бапкері — Римас Куртинайтес:
— Ойынымыз көңілден шықпайды, жеңгенімізге қуаныштымын. Бүгін «+15» кезінде біз Еуролига командасына сай ойын өрнегін көрсете алмадық. Біз нәтижеге қол жеткіздік, бұл біз үшін қиын емес, бірақ одан айырылып қалмау керек қой. Қателіктер жібере бастадық, қоғаныста жаңылыстық. Бүгін 10 рет қайтқан допты қағып ала алмадық. Бәрін де шаршағанымызға аудара салуға болады, бірақ мен одан аулақпын. Біз кәсіпқойлармыз, біз тынығып үлгеріп, одан кейін барлық күш-жігерімізді салып ойнауымыз керек. Бүгінгі ойынымызға мүлде ырза емеспін. Тек жеңіске жеткеніміз болмаса…
Салдары: Бәрі де бұл аптаның қазақстандықтар үшін өте ауыр болатынын білді. Дүйсенбіде – ЦСКА, ал жұмада – «Химки». Өкінішке қарай, «Астана» қайран қалдыра алмай, 11-орынға сырғыды. Бірақ біздің команданың плей-офф аймағына қайта оралуға болатын мүмкіндігі – мол. Өйткені 6-орындағы команданың «Астанадан» бір ғана жеңісі артық. Сондықтан кез келген мүмкіндік үшін жан алып, жан беру керек. «Химки» болса, турнир кестесіндегі бірінші орынға мейілінше жайғасты.
Келесі матч: астана баскетболшыларының ВТБ Бірыңғай лигасында көктемге дейін дамылдап алатын мүмкіндігі бар. Нақтырақ айтқанда, 1 наурыз күні Эмиль Райковичтің шәкірттері түзде Красноярскінің «Енисей» командасымен додаға түседі. Ал өз алаңында «Астана» 8 наурыз күні Эстонияның «Калев» клубымен ойнайды. Ал оған дейін біздің жігіттердің көбісі өз алаңымызда өтетін, 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу ойындарында Қазақстан құрамасының намысын қорғайды.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |