ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшысы «Химки» «Астанаға» қонаққа келеді

11.02.2020, 13:00    Оқылғаны: 852
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Жұма күні, 14 ақпанда «Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымы аясында, өз алаңындағы кезекті кездесуін өткізіп, турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Мәскеу облысының «Химки» клубымен додаға түседі.
 


«Химки» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу облысынан, 1997 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2006, 2008, 2009, 2010, 2011, 2012, 2013, 2015, 2017, 2018, 2019
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2007
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы – 2010/2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Промо-кубогының күміс жүлдегері – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2014/2015, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019
  • ULEB Еуропа кубогының финалына шыққан – 2008/2009
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2005/2006
  • FIBA Еуролигасы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2004/2005
  • ВТБ Бірыңғай лигасы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2009/2010
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2011/2012, 2014/2015

Баскетбольный клуб Химки 2019/2020


Маусым басталған бетте, яғни 20 қазан күні Мәскеу түбінде өткен, бірінші айналымдағы матчта «Астана» биылғы маусымдағы ең сүреңсіз ойынын өткізіп, небәрі 56 ұпай еншілеген. Ал алаң иелері айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын – 73:56. Сол ойыннан кейін «Химки» ВТБ лигасында 12 матч өткізді. «Астананы» ұтқан соң, өз алаңында УНИКС клубының да жауырынын жерге тигізді. Одан кейін өз жерінде «Парма» және «Цмоки-Минск» клубтарын әзер ұтты. Содан соң түзде «Нижний Новгородқа» дес бермеді және «Зениттен» жеңісті жұлып әкетті. Ал «Калевті» өз жанкүйерлері алдында күйрете жеңді. Келесі «Локомотив-Кубань» клубымен өткен өз алаңындағы ойында «Химки» биылғы маусымда бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Әзірше бұл – химкиліктердің жалқы жеңілісі. Бұдан кейін Мәскеу облысының ұжымы өзінің басты қарсыласы ЦСКА саңлақтарын өз алаңында ойсырата жеңді. Әрі «Енисеймен» өткен тартысты матчта да басым түсті. Түздегі кезекті ойындарында «Цмоки-Минск» клубын тізе бүктірді, оларға тіпті УНИКС те төтеп бере алмады. Ал 10 ақпан күні өткен аса тартысты соңғы кездесуінде «НН» баскетболшыларын биылғы маусымда екінші рет тізерлетті. Бұдан бөлек, «Химкидің» Еуролигадағы ойындар күнтізбесі өте күрделі екендігін айта кетуге тиіспіз.

Турнир кестесіндегі жағдай: «Химки» биыл ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең үздік маусымдарының бірін өткізіп келеді. Дәл қазір бірінші орынға орнығып-жайғасып алған. Мәскеу облысының командасы биылғы маусымда әзірше бір-ақ рет ұтылды. Десек те, бір емес, бірнеше ойында жеңістен айырылып қалуға шақ қалды. Мәселен, бес ойында 5 ұпайдан кем есеп айырмасымен жеңіске жетті. Реті келгенде айта кетейік, химкиліктер түзде үйдегісінен жақсы ойнайды. Әлгі қауіпті бес ойынның бәрі де, сондай-ақ жалқы жеңілісі өз алаңында өткен ойындар болатын. Айтпақшы, химкиліктердің өкшесін басып келе жатқан ЦСКА мен «Локомотив-Кубань» Мәскеу облысы командасынан 3 ұпай қалып келеді. Яғни үш жеңістері кем. «Астана» ЦСКА-дан ұтылып қалған соң, плей-офф аймағынан тыс қалып, 9-шы орынға орналасты. «Химкиді» жеңсе, плей-офф аймағына оралады, ал ұтылып қалса, Қазақстан командасы 11-ші орынға сырғиды.

Команда құрамындағы өзгеріс: команда құрамынан ресейлік екі ойыншы кетті – тәжірибелі Евгений Валиев және өрімдей жас Тимофей Якушин. Екеуі де «Парма» клубына ойысты. Ұжымның негізгі құрамына көмек ретінде фарм-командасынан жас шабуылшы Иван Евстигнеев қосылды. Әрі ол бес ойында алаңға шығып та үлгерді. Ал жақында ғана «Химкиге» америкалық алып шабуылшы Томас Эрл Робинсонның оралғаны мәлім болды. Томастың ҰБҚ-ындағы карьерасы адам қызығарлықтай деуге де болады. Ол 2009 жылдан 2017 жылға дейін «Сакраменто Кингз», «Хьюстон Рокетс», «Портленд Трэйл Блэйзерс», «Филадельфия Севенти Сиксерс», «Бруклин Нетс» және «Лос-Анджелес Лейкерс» секілді командалар сапында ойнады. 2017/2018 маусымында «Химки» сапында өнер көрсетіп, содан соң Қытайға кеткен болатын. Енді, міне, бір жарым маусымнан кейін Мәскеу облысы ұжымына қайта оралып отыр.

Команда көшбасшылары: қорғаушы Алексей Швед – Мәскеу облысы командасының шүбәсіз көшбасшысы. Сондай-ақ Бірыңғай лиганың Ұпай, Пас және Тиімділік секілді параметрлері бойынша көш бастап келеді. Алексей орта есеппен бір ойында 22.7 ұпай еншілеп, 9.3 пас беріп жүр, тиімділігі – 24.8. Нәтижелі көрсеткіштері бойынша командада екінші және үшінші орындарда – америкалық орталық шеп ойыншысы Девин Букер мен латыш шабуылшысы Янис Тимма. Бұлардың бәрі де бастапқы бестікте ойнайды. Американың екі алып шабуылшысы, яғни Джереми Эванс пен Энтони Гилл командаға көп пайда тигізіп жүр. Бірақ соңғы рет екеуі 19 қаңтар күні ойнаған. Ал Томас Эрл Робинсонның командаға қайта оралуы туралы берген сұхбатында Римас Куртинайтис аталмыш америкалық екі шабуылшының командаға қол жетімді болмай тұрғанын мәлімдеді. Дәл қазір сенім арта алатын ойыншылары – швед шабуылшысы Йонас Жеребко, серб қорғаушысы Стефен Йовович және тағы бір латыш қорғаушысы Дайрис Бертанс. Ресейлік ойыншылардың ішінен шабуылшы Сергей Моня мен Сергей Карасевті, сондай-ақ Егор Вяльцев пен Вячеслав Зайцевті атап өтуге болады. Бұлар ойынның басынан бастап, әр матчта орта есеппен он бес минуттан артық ойнап жүр.

Матч жұма күні, яғни 14 ақпанда Нұр-Сұлтандағы «Жекпе-Жек» спорт кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сондай-ақ QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»