«Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасының қазіргі чемпионы, Мәскеудің ЦСКА командасын қабылдап, қонақтарынан ұтылып қалды.
Мәскеудің ЦСКА командасы – чемпиондық атағы жағынан Ресейдің теңдессіз ұжымы. Ал Қазақстан командасы Ресей астанасының осы клубын өз тарихында әлі бірде-бір рет ұта алмай келеді. Егерде елорда командасы мәскеуліктерден тағы да ұтылса, онда плей-офф аймағынан шығып қалып, ал егер ұтып кетсе, турнир кестесінде қайтадан бесінші орынға көтерілер еді. Енді бәрін де басынан бастайық. Матчты біздің команда мына құрамда бастады: Джеймс Флоренс, Стефен Холт, Душан Ристич, Александр Жигулин және Малкольм Хилл.
Ортаға лақтырылған допты қонақтар қағып әкетті. Әрі бірден алғашқы шабуылдарын сәтті аяқтап, ойқастап алға шықты. Матч басында қонақтардың мерейлері үстем болып, ұпай қорларын молайта бастады. Ал «Астана» бұл жағынан ұятты болып, жер шұқыды. Ақыры, шамамен матчтың басталғанына үш жарым минут өткенде, 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатқанда, Малкольм Хилл көз тартарлық данк орындап, Қазақстан командасының есебіне алғашқы ұпайларды жазды. Осыдан кейін «Астана» жігерлене түсіп, екі минуттан кейін Душан Ристич есепті теңестірді. Ал 30 секундтан кейін Джеремайя Хилл үш ұпайлық добын шығыршыққа дөп түсіріп, «Астананы» алға да шығарды. Әрі бірінші кезеңнің соңына дейін елорда командасы алда тұрды. Бірақ бұл ойнамалы басымдық еді, кез келген сәтте сынаптай сусып, уыстан шығып кетуі ықтимал-тын. Әйтсе де, біздің команда бірінші кезеңді жеңіспен аяқтады. Бірақ үш ұпай айырмасымен ғана алда тұрды. Әскерилер клубына бұл ұнаған жоқ, әрине. Екінші кезеңде қонақтар өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісті. Ал «Астана» тағы да ұпай еншілеуден қала бастады. Негізі, ЦСКА сардарларының да ойын өрнектері бірден жүріп кете қоймады. Бірақ олар бірден алға шықты. Бұл кезеңнің бірінші жартысында айқын көшбасшы болған жоқ. Ал екінші бөлігінде «Астана» қиындыққа тап болып, жағдайы тығырыққа тіреле бастады. Ұпай еншілеу барысындағы онсыз да төмен көрсеткіштері мүлдем құлдилап кетті. Ойыншыларымыз соққы бағыттағанда допты сезінуден қалды. Матчтың бірінші жартысының соңындағы біздің команданың әупіріммен қол жеткізген 2 ұпайын команда қоржынына Джеймс Флоренс салды. Мәскеуліктер осыны пайдаланып, есеп айырмасын ұлғайта түсіп, тіпті екі таңбалы санға да жеткізді. Сөйтіп, ЦСКА матчтың бірінші жартысында үстем түсті. Есеп – 30:43.
Бұл жеңілістің басты себебі, қонақтардың өздеріне сенімді ойын өрнегін көрсетулері ғана емес, «Астана» ойыншыларының соққыларын дөп түсіре алмай, шектен тыс мүлт кетулері болды. Үзіліс кезінде Эмиль Райкович пен бапкерлер құрамына ойыншыларды жігерлендіре түсіп, соққыларына ерекше көңіл аудару қажет еді. Өкінішке қарай, үшінші кезеңнің басында бәрі де керісінше болып шықты. Матчың екінші жартысының басталғанына небәрі 2 минут өткенде, есеп айырмасы 20 ұпайға дейін өсті. Бұдан кейін ойын өрнегі теңесті, бірақ есеп айырмасы сол жиырма ұпай шамасында сақталып тұрды. Өкінішке қарай, біздің командаға бұл ойында комбек жасап, қонақтарын қуып жету мүмкіндігі минут сайын кеми берді. Ал ЦСКА айылын жимай, ара қашықтықты сенімді түрде ұстап отырды. Төртінші кезеңнің басында мәскеулік қонақтар 21 ұпай айырмасымен ұтып жатты. Ал «Астананың» бұл ойында жеңіске жетуі екіталай еді. Десек те, біздің жігіттер жеңісті қолдан бермеуге тырысып, тайталасып бақты. «Алыптарымыз» шабуылда ойын тізгінін өз қолдарына алды. Душан Ристич өз мәнерінде команда қоржынына ұпай сала бастады. Ал Александр Жигулин допты шыр айнала шығыршықа дәл түсіріп қана қоймай, екі рет әсерлі түрде данк орындап, сес көрсетті. Бірақ қонақтар мұның бәрін назарларынан тыс қалдырған жоқ, дер кезінде нәтижелі шабуылдарымен жауап беріп отырды. Матчтың аяқталуына бес минут уақыт қалғанда, әскерилер клубы сол күйі 20 ұпай айырмасымен ұтып жатты. Әрі матч тағдыры шешілгені де белгілі еді. Мұны Эмиль Райкович те, Димитрис Итудис те, жақсы түсінді. Сондықтан екеуі де алаңға қосалқы құрамдағы жігіттерін шығарды. Осылай, бұл матч ЦСКА командасының айқын басымдығымен аяқталды – 72:95 (22:19, 8:24, 23:29, 19:23). «Астана» екінші кезеңде оңбай сүрініп, қонақтарының бүгінгі жеңістерінің негізін қалап алуларына мүмкіндік беріп қойды.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Бүгін ЦСКА жеңіске лайық болды. Өйткені олар қорғаныста аянбай, жанкештілік танытты. Еуролигада екі рет ұтылып қалған соң, жеңіске деген жігерліктері басым болып, құйындай орап соқты. Бүгін біздің жеңіске жететіндей мүмкіндігіміз болған да жоқ, себебі ЦСКА өзінің жоғары деңгейін паш етті. Бізге ойын өрнегімізді жетілдіре түсіп, жіберген қателіктерімізден сабақ алып, жеңіске жетуге болатын ойындарда өз мүмкіндігімізді мүлт жібермеу керек. Қорғаныста жанкештілік танытып, шығыршықтан қайтқан допты қағып алу көрсеткішімізді, сондай-ақ прессинг қолданатын қарсыласымызға қарсы шабуылдауды дұрыстау қажет.
ЦСКА клубының бас бапкері Димитрис Итудис:
— Өз командамды бүгінгі жеңісімен құттықтағым келеді, өйткені біз үйлесімді ойын өрнегін көрсеттік. Басқаша әсер қалдырғанымен, алаңда әрбір ойын – маңызды және ауыр. Біз бүгін доптан жиі айырылып қалып, жаза бастық. Бірақ доға сыртынан доп түсіру пайызы аса жоғары болмады. «Астана» ойынды жоғары қарқында бастап, қайтқан допты қағып алуда бізден асып түсті. Екінші кезеңде біз жағдайды түзеп, алаң иелеріне 8 ұпай ғана еншілеуге мүмкіншілік бердік. Содан кейін ойын тізгінін өз қолымызда ұстадық.
Салдары: «Астана» тағы да плей-офф айиағынан тыс қалып, 9-шы орынға орналасты. Дәл қазір плей-оффқа шығатын командалар арасындағы бәсекелестік – шектен тыс жоғары. Әйтсе де, Қазақстан командасына чемпионаттың негізгі бөлігін сегіздікте аяқтауға болатын мүмкіндік баршылық. Бірақ ол үшін, әрине, жеңістер қажет. Ал ЦСКА әлі екінші орында тұр. Негізі, бұл орынды «Локомотив-Кубань» клубымен бөлісіп тұр, ұпай қорлары бірдей, бірақ «кубандықтардан» екеуара кездесулердің қорытындысы бойынша жоғары тұр.
Келесі матч: астана баскетболшыларының дамылдауға уақыттары да жоқ, өйткені жұма күні, 14 ақпанда Нұр-Сұлтанға ВТБ Бірыңғай лигасысының қазіргі көшбасшысы, яғни «Химки» (Мәскеу облысы) келеді. Бұл ойын да «Жекпе-жек» спорт сарайы аренасында өтеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойған.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |