«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті кездесуін түзде өткізіп, Беларустің «Цмоки-Минск» клубынан ұтылып қалды.
Екі команда арасындағы бірінші кездесу 9 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен болатын. Онда Қазақстан командасы жеңісті соңғы секундтарда жұлып алып, жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген – 91:89. Белорустармен өтетін қарымта матчқа дейін «Астана» түзде жеті ойын өткізіп, соның тек біреуінде ғана жеңіске жеткен болатын. Ал «Цмоки-Минск» клубының өз алаңындағы нәтижелері тура осындай болды. Яғни, осы ойында екеуінің біреуі осы көрсеткіштерін түзеуі тиіс еді. Қарсыласымыздың негізгі құрамдағы ойыншыларының бәрі матч хаттамасына тіркелді. Ал біздің команда бастапқы бестікке мына жігіттерімізді шығарды: Джеймс Флоренс, Вадим Щербак, Душан Ристич, Александр Жигулин және Малкольм Хилл.
Алаң иелерінің бірінші шабуылы сәтсіз аяқталып, есепті үш ұпайлық соққысымен Александр Жигулин ашты. Ысқырық шалынған бетте табан тірескен дода басталып, екі команда да бірін-бірі алысқа ұзатып алмауға тырысты. Кезеңнің ортасына қарай Қазақстан командасы 6 ұпай айырмасымен суырылып алға шықты. Бірақ бұл басымдықты олар ұстап тұра алмады. Бірінші кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда Беларусь командасы таразы басын теңестірді және сол қарқындарымен алға да шығып кетті. Қалған уақытта «Астана» алаң иелерін қуып жетуге тырысумен болып, кейде 5 ұпай айырмасымен ұтылып та жатты. Дегенмен, Эмиль Райковичтің командасы бірінші кезеңнің соңында көсіле сілтеді. Әсіресе, Стефен Холттың допты алаң иелерінен тартып алып, Джеффри Крокетке стратосфера қабатына әуелетіп беруі ерекше әсерлі болды. Өте жойқын аллей-уп осы матчтың ең әдемі сәті болып шықты. Сонымен қатар, біздің жігіттердің есепті теңестіріп, тіпті Джеймс Флоренс допты алаң иелерінен тартып алғанда, қайтадан алға да шығатын мүмкіндіктері де болды. Бірақ олар екеуінде де мүлт кетті. Жалпы, сары-көкшіл жейделілердің бірінші кезеңде бір-екі рет жаза басқан сәттері болды. Десек те, олар алаң иелерінен қалысқан жоқ. 10 минут ойын уақытынан кейін екі ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Екінші кезеңде тартысты дода тың күшпен қайта жалғасты. Командалар алға шығып, құйрық үзіп кетуге тырысты. Бірақ ешқайсысы да мұны жүзеге асыра алмады. Бұл кезеңнің басынан аяғына дейін екі команданың арасы үш ұпайдан аспады деуге де болады. Тіпті, таразы басы төрт рет тең болды. Үлкен үзіліс таяғанда Малкольм Хилл есеп айырмасын осы кезеңдегі ең жоғарғы шамаға жеткізді – 4 ұпай. Алайда матчтың бірінші жартысы аяқталғанда, командалар арасын 1 ұпай ғана бөліп тұрды. 41:42 – алда «Астана».
Матчтың бірінші бөлігіндегі шиеленісті дода оның екіншісі де аса тартысты өтетіндігін меңзеп тұрды. Үшінші кезеңнің алғашқы бес минуты тура солай өтті де, командалар алма-кезек алға шығып, «әткеншек тебуді» жалғастырды. Ал есеп бірнеше рет теңесті. Десек те, алаң иелеріне қарқындарын үдете түсіп, есеп айырмасын «+8» ұпайға жеткізудің сәті түсті. Қонақтар оған лайықты жауап қата алмай, Эмиль Райковичке олардың қарқындарын тайм-аутпен тоқтатуға тура келді. Бұдан кейін Джеремаяй Хилл доға сыртынан шығыршықты дәл көздеп, «Астананың» әлі де берілмейтіндігін және есепті теңестіруге тырысатындығын көрсетті. Бірақ кезең соңына дейін біздің жігіттердің ойындары үйлеспей қойды. Тіпті сұрмергендеріміздің өздері мүлт кетіп, қапелімде доптан айырылып қалу жиілей түсті. «Аждаһалар» өз кезектерінде, мұны қалт жіберсін бе, одан сайын жігерлене түсті. Әрі олардың ойындағылары түгелдей дерлік жүзеге аса бастады. Осылай, есеп айырмасы бұл ойында бірінші рет екі таңбалы санға жетті. Төртінші кезеңнің басында «Цмоки» 11 ұпай айырмасымен ұтып жатты. Бірақ бұл да біздің команда үшін алынбайтын қамал емес-тін. Алаң иелерін тез арада қуып жетуге болар еді. Алайда «аждаһалар» бұған мүлде жол бермеді. Әрі соңғы кезеңнің екі минуты өткенде олар 15 ұпай айырмасымен ұтып жатты. «Астана» сонда да беріле қоймады. Ал Стефен Холт есеп айырмасын 10 ұпайға дейін қысқартқанда, Беларусь командасының жаттықтырушылары құрамы тактикалық іркіліс алуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, бұл тайм-ауттың оларға тигізген пайдасы зор болды. Қазақстан командасы одан әрі тайталасып, біразға дейін қарсыласының есеп айырмасын одан әрі ұлғайтуына жол берген жоқ. Матчтың аяқталуына бес минут уақыт қалғанда, 11 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ бұдан кейін Беларусь командасы тағы бір жойқын серпіліс жасап, есеп айырмасын 18 ұпайға дейін ұлғайтты. Әрі матч соңына дейін өздеріне сенімді болып, тартысты өткен додада айқын басымдықпен жеңіске жетті – 96:77 (21:19, 20:23, 25:13, 30:22).
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Цмоки-Минск» клубының бас бапкері Ростислав Вергун:
— Жанкүйерлеріміздің бәрін және клубты ең әуелі өрнекті ойынымызбен құттықтаймын. Өйткені бүгінгі ойын өрнегіміз біздің тілеуімізді тілейтін жанашырларымыздың бәрін рахатқа бөледі. Ал қазір біз, келесі ойында қалай жеңіске жету керек екенін ойлаймыз.
«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Цмоки-Минск» ұжымын құттықтаймын, олар бүгін бізден, асып түсті. Әсіресе, ойынның екінші жартысында дес бермеді. Олар шабуылда жанкештілік танытты. Өкінішке қарай, біз бұған жауап қата алмадық, доптын жиі-жиі айырылып қалып отырдық.
Салдары: «Астана» матч басталмай тұрып-ақ, алтыншы орынға сырғыған. «Зенит» ойламаған жерден Эстонияның «Калев» клубынан небәрі бір ұпай айырмасымен ұтылып қалып, эстондар «Астананың» алдын орап кеткен болатын. Ал Минскіде ұтылып қалған соң, Қазақстан командасы жетінші орынға ығысты. Өз кезегінде, «Цмоки-Минск» турнир кестесінде тұрған орнынан жоғары көтеріле алмады. Бірақ плей-оффқа шығу үшін жанталасып жатқан командаларға біршама жақындай түсті.
Келесі матч: 4 және 5 ақпан күндері елорда баскетболшылары өз алаңында Ұлттық лига чемпионатының негізгі бөлігіндегі соңғы екі кездесуін өткізіп, Көкшетаудың «Синегорье» командасын қабылдайды. Ал ВТБ Бірыңғай лигасысындағы келесі ойынын Эмиль Райковичтің шәкірттері өз жерімізде Мәскеудің ЦСКА командасымен өткізеді. Бұл ойын 10 ақпан күні «Жекпе-жек» спорт сарайы аренасында болады, Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |