Беларусь астанасында «Астана» мен «Цмоки-Минск» жауапты кездесу өткізеді

31.01.2020, 10:00    Оқылғаны: 714
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Жексенбі күні, 2 ақпанда «Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымдағы бірінші түздегі кездесуін Беларусь елінің аждаһаларымен, яғни «Цмоки-Минск» клубымен өткізеді.

«Цмоки-Минск» – Беларустің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан. 2006 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы мен Беларусь чемпионатынан бөлек, Еуропа кубогы додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • Беларусь чемпионы: 2009−2019
  • Беларусь кубогы жеңімпазы: 2010−2018
Баскетбольный клуб Цмоки-Минск 2019/2020

«Цмоки Минск» биылғы маусымда біздің командамен өткен екеуара бірінші матчта, яғни 2019 жылғы 9 қарашада Нұрсұлтанда жанкүйерлердің дегбірін алған ойында, жүйкемізді әбден жұқартқан. Десек те, біздің жігіттер жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алған болатиын – 91:89. Содан бері «Цмоки» клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында 10 ойын өткізіп үлгерді. «Астанамен» болған сол матчтан соң, Минск командасы еліне барып, өз алаңында «Енисейге» 3 ұпай айырмасымен есе жіберіп алды. Одан кейін «аждаһалар» түзде қызықты және көңілге қонымды төрт ойын өткізді. Әуелі олар Химкиде көпшілікті қайран қалдырып, жеңісті өңгеріп кете жаздады. Бірақ төрт ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Бұдан соң Таллинде биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізіп, «Калев» клубын сан соқтырып кетті. Эстониядан кейін Польшаға барып, жергілікті «Зелена Гура» командасынан тек овертаймда ұтылып қалды. Ал келесі, Пермде өткен матчта «Парма» клубынан басым түсті. Осыдан кейін берарусстар үйлеріне оралып, ЦСКА баскетболшыларын қабылдады. «Әскерилер» бұл ойында шүмектетіп тер төгіп, көп күш жұмсап, небәрі 3 ұпай айырмасымен басым түсті. Ал «Зенит» болса, Минскіде «аждаһаларды» ойсырата жеңіп, 20 ұпай айырмасымен үстемдік танытты. Әйтсе де, өз алаңында өткен келесі матчта, біздің алдағы қарсыласымыз маусымдағы үшінші жеңісіне қол жеткізіп, «Автодор» клубын тізе бүктірді. Осыдан кейін түзде «Локомотивпен» додаға түсіп, 8 ұпай айырмасымен жеңіліске ұшырады. Ал «Астанамен» өтетін матч қарсаңында «–14» ұпаймен өз алаңында «Химкиден» ұтылып қалды.
 

Турнир кестесіндегі жағдай: «Цмоки Минск» дәл қазір турнир кестесінде соңғы – 13 орында табан тіреп тұр. Әрі оларға плей-оффта бақ сынауға құүқық беретін орындарға көтерілу өте қиын болады. Бірақ «жаралы аң – өте қауіпті» деген сөз бар. «Астана» болса, қазір бесінші орынға орналасқан. Бірақ алдағы екі ойын Нұр-Сұлтанда өтетін болғанымен, бізге қонаққа «Химки» мен ЦСКА келетіндерін естен шығармау керек. Сондықтан, Беларусь елінде қалай да жеңіске жетіп, төмен сырғып кетпеуді ойлау қажет.

Команда құрамындағы өзгеріс: америкалық шабуылшы Джамар Абрамс, 9 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен ойында алаңға шықпағанымен, Беларусь командасынан ресми түрде 27 қарашада кетті. Есесіне, командаға жаңа ойыншы қосылды – белорус Даниил Борисевич. Бірақ ол жас қорғаушы, әлі бірде-бір матчта алаңға шыққан жоқ.

Команда көшбасшылары: биылғы маусымда Беларусь командасы сапындағы ең тиімді ойыншы – белорус шабуылшысы Максим Салаш. Ал өз еншісіне орта есеппен бір ойында көп ұпай жазып жүрген – америкалық қорғаушы Доминез Барнетт. Сондай-ақ команданың көшбасшылары ретінде америкалық Роберт Лоуриді, серб Бранко Мирковичті және француз Александре Гавриловичті атап өтуге болады. Дәл осы ойыншылар, Беларусь шабуылшысы Виталий Лютычпен бірге екеуара қарашада өткен ойында «Цмоки Минск» сапында ерекше көзге түскен болатын. Сонымен қатар, аталған ойыншылардан бөлек Беларустің өте тәжірибелі жігіттеріне де көңіл аудару керек – орталық шептегі Владимир Веремеенкоға және шабуылшы Алексей Тростинецкийге.

Матч жексенбі күні, яғни 2 ақпанда Минскідегі «Falcon Club» аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 20:45-те. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»