«Астана» Президенттік баскетбол клубының қарсыласына өз жанкүйерлері мен трибуналары да көмектесе алмады – елордалықтар Қостанайдағы Ұлттық лига аясындағы өткен бірінші матчта «Тобылды» тас-талқан қылды.
Естеріңізге сала кетейік, елорда командасы қостанайлықтарға желтоқсан айында Нұр-Сұлтанда өткен екі матчта да ешқандай мүмкіндік бермей, үстем түскен. Бүгінгі ойында да «Астана» фаворит болып есептелді. Ал алаңға Қазақстан ойыншыларынан бөлек Душан Ристич пен Стефен Холт шықты. Екіншісі үшін бұл Ұлттық лиганың биылғы маусымындағы алғашқы матч еді. Бастапқы бестікке келер болсақ, Стефен де, Душан да оған ілікті. Бұл екеуінен бөлек Александр Жигулин, Вадим Щербак және Максим Марчук үшеуіне сенім артылды.
Бірінші шабуылда-ақ Вадим Щербак доға сыртынан шығыршықты дәл көздеп, есеп ашты. «Астана» ойынды жоғары қарқында бастап, екі минуттан соң бес ұпай айырмасымен алға озды. Бірақ алаң иелері біздің жігіттердің ойын басында-ақ қара үзіп кетулеріне жол бермей, бірінші кезеңнің бел ортасында есепті теңестірді. Кезеңнің қалған бес минутында «Астана» таразы басын өзіне қарай аударып, қорғаныста өте мұқият ойнады. Соның салдарынан, «Тобыл» 4 минуттан артық уақыт бойы бірде-бір ұпай ала алмай, пұшайман болды. Біздің команда шабуылда ширақ қимылдап, бастапқы 10 минуттық ойын уақытына соң, 6 ұпай айырмасымен алға шықты. Екінші кезеңде алаң иелері тағы да есепті теңестіруге шақ қалды. Бірақ олар «Астананы» қуып жете алмай қойды. Алғашқы бес минутта астаналықтардың 6 ұпайлық басымдығы сақталып тұрды. Ал он бес минуттық үзіліске қарай Эмиль Райковичтің шәкірттері қарқындарын үдете түсіп, есеп айырмасын ұлғайта бастады. Ойынның бірінші жартысы аяқталғанда бұл басымдық 15 ұпайға жетті – 29:44.
Екінші кезеңнің соңындағы біздің команданың екпінді қарқыны үшінші кезеңде де басылған жоқ. Команда қоржынына Щербак, Ристич және Холт салған ұпайлардан кейін «Астананың» басымдығы 20 ұпайдан да асып жығылды. Дегенмен, «Тобыл» біздің команданың екпінін басып, кезең ортасына қарай есеп айырмасын қысқарта түсті. Бұл кезеңнің екінші бөлігі екі ұжым үшін де мейілінше нәтижелі болды. Бірақ «Астананың» басымдығы тағы да 20 ұпайдан асып кетті. Әрі соңғы кезеңге дейін арқаны кеңге саларлықтай болып, ұзай түсті. Төртінші кезеңде ойын қарқыны аса жоғары болған жоқ. Ал есеп айырмасы бес минут бойы мүлдем өзгермей қойды десек те болады. Алайда соңғы бес минутта біздің команда қамшыны басып, бірден қара үзіп кетті. Алаң иелері біздің жігіттерге ілесе алмай қалып, есеп айырмасы одан сайын ұлғая түсті. Сөйтіп, біздің команда есепті мейілінше ұлғайта түсіп, ірі жеңіске қол жеткізді. Есеп – 52:90 (13:19, 16:25, 12:20, 11:26).
Салдары: «Астана» ел чемпионатының негізгі бөлігінде топ жарып, ешбір команда қуып жете алмастай болып, ұзап кетті. Енді қалған ойындар қалай аяқталса да, бірінші орыннан айырылмайды. «Тобылдың» да ел чемпионатындағы нақты орны анықталды. Алда әлі бір ойыны болса да, қостанайлықтар турнир кестесінде үшінші орынға жайғасты.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Келесі матч: ертең, яғни 18 қаңтар күні «Астана» мен «Тобыл» арасында, биылғы ел чемпионатының Ұлттық лигасы аясында, соңғы ойын өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |