«Астана» Ақтөбеден олжалы оралды

03.12.2019, 10:00    Оқылғаны: 549
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Ұлттық лигадағы қарсыластарымен өзара кездесулердің екіншісінде төрт рет үстем түсіп, бұл жолы «Ақтөбе» командасын төртінші рет тізе бүктірді.

Осыдан бір күн бұрын «Астана» Ақтөбедегі бірінші ойында айқын басымдық танытып, алаң иелерін ойсырата жеңген болатын. Бүгін де біздің команда көсіле сілтеді. Әуелі елорда командасының легионерлері сапынан алаңға бүгін де Душан Ристичтің шыққанын, ал Айзея Уайтхедті Джеремайя Хилл алмастырғанын айта кетейік.

Матч тура кешегідей басталып, біздің жігіттер құйындай орап соқты. Есепті де қонақтар ашып, алға шықты. «Ақтөбе» ойын барысына әсер ете алмай, лайықты түрде қарсылық көрсетуден де қалды. Бес минуттан кейін елорда командасының басымдығы 10 ұпайдан асып кетті. Әйтсе де, бірінші кезеңнің қалған уақытында алаң иелері еңсе тіктеп, бастапқы бес минутпен салыстырғанда тайталаса бастады. Десек те, бірінші кезең аяқталғанда, олар 15 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Екінші кезеңнің басы да біздің қарсыластарымыз үшін шеттен тыс сәтсіз өтті. Олар бірде-бір ұпай ала алмай, пұшайман болды. Тіпті «нысананы» екінші он минуттықтың бел ортасына қарай ғана дөп көздеді. Ал «Астана» болса, тізгін тартпай, ұпай қорын молайта берді. Екінші кезеңнің басындағы олардың серпілісі 14:0 болды. Бұдан кейін «Ақтөбе» дода көрігін сәл де болса, теңестіргендей болды. Бірақ командалар үлкен үзіліске шыққанда есеп айырмасы тым алшақ болды. Матчтың бірінші жартысында «Астананың» басымдығы 30 ұпайдан да асып кетті – 24:56.



Мұндай айқын басымдық Эмиль Райкович шәкірттеріне арқаны кеңге салуға мүмкіндік берді, әрине. Әйтсе де, олар ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ. «Ақтөбе» ойыншылары да жанталасып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірақ ойын өрісіне өзгеріс енгізулеріне біздің жігіттер көне қоймады. Үшінші кезеңнің бастапқы бес минутында есеп айырмасы 32-34 ұпай шамасында сақталып тұрды. Ал кезең соңында астана баскетболшылары қарқындарын үдете түсті. Олар онсыз да қомақты есеп айырмасына 7 ұпай қосты. Осылай, қонақтардың басымдығы төртінші кезең қарсаңында қырық ұпайды жуықтады. Ал «Ақтөбе» қалай да ойын өрісін өзгерте қояды деген күдіктің нышаны байқалмады. Десек те, алаң иелері соңғы кезеңнің алғашқы бес минутын нәтижелі өткізді. Есеп айырмасын он ұпайға қысқартты да. Бірақ соңғы бес минут «Астана» сценарийі бойынша өтті. Олар есепті қысқарта бастаған қарсыластарын тоқтатып, керісінше, оны қайтадан ұлғайта бастады. Матч соңына қарай астана ұжымының басымдығы қайтадан қырық ұпайды жуықтады. «Астана» тағы да «Ақтөбені» ірі есеппен тізе бүктірді – 59:95 (12:27, 12:29, 17:24, 18:15).

Бұл ойында ел чемпионы матч басталған бетте қамшыны басып, алға шықты. Алаң иелеріне еш мүмкіндік бермей, бастан-аяқ толықтай үстемдік құрды. «Астана» бірінші ороынға жайғасып, ел чемпионатындағы ойындарының жартысын көбісін жеңіспен аяқтап, әлі бірде-бір ойында ұтылған жоқ. Ал «Ақтөбе» бесінші орыннан жоғары көтеріле алар емес.



Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — кешегі матчтағыдай, бүгін де елордалықтар сапындағы ең тиімді ойыншы Душан Ристич болды, бұл жолы оның еншісінде дабл-дабл – 10 ұпай және 10 рет доп қағып алды + 5 пас. Джеремайя Хилл де нәтижелі ойын үлгісін көрсетті – 13 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 6 пас, Дмитрий Гаврилов та одан қалысқан жоқ деуге болады – 12 ұпай және 6 рет доп қағып алды, Вадим Щербак та ерекше көзге түсті – 17 ұпай және 5 рет допты тартып әкетті.
  • «Ақтөбе» — қызыл-ақ жейделілердің ойыны команда көшбасшысы Сергей Борматенковқа тікелей байланысты болды, ол бүгін 12 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алып, 5 пас беріп, 6 рет допты тартып әкетті. Ал Темірлан Жүнісов тағы да команданың ең мерген ойыншысы болып, 19 ұпай еншіледі + 4 рет доп қағып алды және 4 пас берді.

Келесі матч: Елорда баскетболшылары енді үйлеріне оралып, ВТБ Бірыңғай лигасындағы биылғы жылы өз алаңында өтетін соңғы ойынына дайындалады. Бұл матч сенбі күні, 7 желтоқсанда өтеді. Нұр-Сұлтанға қонаққа Ресейдің «Нижний Новгород» клубы келеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды. Эмиль Райкович шәкірттерінің Ұлттық лигадағы келесі қарсыласы – Қостанайдың «Тобылы». Бұл кездесулер 9 және 10 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді.

«Нижний Новгород» клубына қарсы өтетін матчта сүйікті командамызға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі плакаттар бәйгесіне қатысу және біздің бойтұмарымыз Сэмми мен клуб серіктесі – «Easy Bounce» баскетбол дүкені жүлделерін ұтып алу мүмкіндігін қалт жібермеңіздер. Бәйгеге қатысу шарттары Instagram желісіндегі біздің парақшамызда жарияланған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»