«Астана» Ұлттық лиганың негізгі додасындағы соңғы ойында «Атырау Барыстарын» ойсырата жеңді

21.11.2019, 10:00    Оқылғаны: 876
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Ұлттық лига чемпионатының негізгі додасында «Атырау Барыстарымен» екеуара барлық кездесулерді өткізіп, жалпы есепте 4:0 есебімен үстем түсті.   

«Астана» осыдан бір күн бұрынғы үшінші матчта да басым түскен, бірақ ол жеңіс оңайшылықпен келген жоқ еді. Атыраудан келген қонақтар тайталасып баққан-тын. Бүгін де «Атырау Барыстары» жеңіске жетуге талпынды, бірақ біздің жігіттер дес бермеді. Легионерлерден елорда командасының сапында тағы да Малкольм Хилл мен Джеремая Хилл ойнады.

«Астана» кешегіндей есеп ашты, бірақ қонақтар сасқан жоқ, лезде алға шықты. Рас, «Барыстар» алда көп тұра алмады, өйткені біздің команда қарқынын үдете түсті. Шабуылда нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, қорғаныста сауатты ойнады. Бірінші кезеңнің бесінші минутына дейін елорда клубының басымдығы 8 ұпайға, ал одан әрі екі таңбалы санға жетті. «Барыстар» да тізгін тартқан жоқ, есеп айырмасын 6 ұпайға дейін қысқартты. Әйткенмен, бірінші кезеңде алаң иелері 9 ұпай айырмасымен ұтты. «Астана» екінші кезеңді жоғары қарқында бастап, құйындай орап соқты да, астаналық гандикап 16 ұпайға жетті. Тек осыдан кейін ғана қонақтар екінші кезеңдегі алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Бұл кезеңнің экваторында есеп айырмасы 12 ұпайды құрап, Эмиль Райковичтің шәкірттері көсіле сілтеді. Десек те, ойынның бірінші жартысы аяқталғанша, есеп айырмасы көп өзгермеді. Командалар үлкен үзіліске шыққанда, «Астана» 14 ұпай айырмасымен алда тұрды – 50:36.



Он бес минуттық демалыстан кейін ойын қайта қыза түсіп, «Атырау Барыстары» жауапсыз екі шабуыл жасады. Бірақ астана баскетболшылары ойын өрбісін өздеріне қажет арнаға тез бұрып, есеп айырмасын қайта орнына келтіріп, тіпті матчтың екінші жартысының бесінші минутында оны тағы екі ұпайға арттырды. Қонақтар қалған бес минутта біздің шығыршыққа тек екі рет қана доп түсіріп, 5 ұпай еншіледі. Ал бұл кезде біздің команданың басымдығы 20 ұпайдан асып та кеткен болатын. Сөйтіп, соңғы кезеңде «Астана» арқаны кеңге салатындай дәрежеге жетті. Жасыл-ақ жейделілер төртінші кезеңде ойын өрнегін өзгертерліктей және доп додасын қыздыра түсерліктей ештеңе ойлап таба алмады. Өйткені, біздің жігіттер айылдарын жимай, сабырлы қалыптарынан айныған жоқ. Есеп айырмасы 20 ұпай шамасында сақталып тұрды. Ал матчтың аяқталуына екі минут қалғанда «Астана» қарқынын үдете түсіп, ұпай қорын жүздікке де жеткізіп, ірі есеппен жеңіске жетті – 100:73 (26:17, 24:19, 22:15, 28:22).

Кешегі шиеленісті ойыннан кейін «Астана» бүгін өзіне әлдеқайда сенімді болды. Қарсыласына дес бермей, Ұлттық лига чемпионатының негізгі додасындағы «Атырау Барыстарымен» өткен соңғы матчта ірі жеңіске қол жеткізді. «Астана» маусым басынан бері бірде-бір ұпай жоғалтпай, турнир кестесінде бірінші орынды меншіктеп тұр. Ал «Атырау Барыстары» үшінші орынға орналасты.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — Дмитрий Гаврилов бүгін команда сапындағы ең тиімді ойыншы болып шықты, 14 ұпай еншілеп, 8 рет доп қағып алды. Ал ең көп ұпай жинаған Александр Жигулин болды – 19 ұпай, 7 рет доп қағып алды. Команда капитаны Рустам Мырзағалиевтің еншісінде – 14 ұпай және 6 рет доп қағып алды.
  • «Атырау Барыстары» — қонақтар сапында тағы да Эдуард Картер III Чарлез теңдессіз болды — 17 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 5 пас және 3 рет допты тартып әкетті. Ал Рустам Өтеген 14 ұпай еншілеп, 8 рет доп қағып алды.

Келесі матч: Енді «Астана» Эстонияға жол тартады, онда 25 қараша күні Таллиннің «Калев» клубымен додаға түсіп, ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті ойынын өткізеді. Ал Ұлттық лигадағы келесі ойындары тағы да астанада өтеді – 9 және 10 желтоқсан күндері бізге қонаққа Қостанайдың «Тобылы» келеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»