Ұлттық лига аясындағы екінші матчта «Астана» «Ақтөбені» күйрете жеңді

13.11.2019, 09:00    Оқылғаны: 763
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
 «Астана» Президенттік баскетбол клубы Ұлттық лигада Ақтөбеден келген қонақтарымен екінші рет өз алаңында додаға түсіп, осы маусымдағы рекордты жеңіске қол жеткізді.

Қос кездесудің біріншісінде айқын басымдықпен жеңіске жеткен «Астана» екінші матчта да үстемдік танытты. Бұл ойында елорда клубы сапында алаңға тағы да Айзея Уайтхед шықты. Ал Малкольм Хиллді Джеремая Хилл алмастырды.

«Ақтөбе» командасы «Астана» клубымен додаға түскенде, тарихта бірінші рет алға шықты. Бірақ бұл ұзақа созылмады. Елорда командасы екінші минутта-ақ есеп айырмасын біртіндеп ұлғайта бастады. Бірақ қонақтарды бірінші кезеңде қыспаққа алу оның бел ортасында жүзеге асты. Әрі бұл алғашқы он минуттықтағы нәтижелі тұсы болды. Осылай, «Астана» алғашқы кезеңде 18 ұпай айырмасымен басым түсіп, қара үзді. Екінші кезең де алаң иелерінің басымдығымен өтті. Бірақ бастапқы бес минутта есеп айырмасы соншалықты ұлғая қойған жоқ. Алайда бұл кезеңнің де ортасында «Астана» қарқынын үдетіп, ақтөбеліктер оған дайын болмай шықты. Ал есеп айырмасы 20 ұпайдан да асып кетті. Командалар үлкен үзіліске шыққандағы есеп – 60:35.



Елорда командасы тізгінін тартпай, үшінші он минуттықтың басында көсіле сілтеді. Қонақтар мұндайды мүлде күтпеген секілді, бәрі де абдырап қалды. Тіпті 5 минут бойы астаналықтардың шығыршығына бірде-бір доп түсіре алмады. Ал «Астана» тыным таппай, нәтижелі шабуылдарын үдете берді. Сондықтан есеп айырмасының бірден 40 ұпайға дейін жеткеніне, таң қалудың қажеті жоқ. Үшінші кезеңнің екінші жартысында да ақтөбеліктер бас көтере алмай қалды. Олар өз есептеріне небәрі 5 ұпай ғана қосты. Оның үстіне, олар біздің команданың шабуылдарына төтеп бере алмады. Матчтьың аяқталуына 10 минут қалғанда «Астананың» есеп айырмасындағы басымдығы тым алшақ болды – 46 ұпай. Әрі астана командасының кезекті жеңісіне жетуіне енді ештеңе бөгет бола алмас еді. Соңғы кезеңде де біздің баскетболшылар үстемдік құрып, онсыз да зор есепті биылғы маусымдағы ең ірі жеңіске айналдырды, сонымен қоса, ұпай қорын жүзден әлдеқайда асыра түсті – 116:50 (37:19, 23:16, 26:5, 30:10).

Бұл ойында қонақтар алаң иелеріне ешқандай қарсылық көрсете алмай, дал болды. Матчтың бірінші жартысында 25 ұпай айырмасымен ұтылса, екіншісінде 41 ұпай айырмасымен шаң қапты. Сөйтіп, «Астана» биылғы маусымдағы ең ірі жеңіске қол жеткізді. Әрі бұл – сегіз ойындағы сегізінші жеңіс. «Ақтөбе» елордада екі рет ұтылып, турнир кестесінде төртінші орыннан қозғалған жоқ.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана» — бүгін астаналықтардың бақандай 7 ойыншысы 10 немесе одан да көп ұпай еншіледі. Бәрінен тиімді және нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен Роберт Пан болды – 18 ұпай, 11 рет доп қағып алды, 4 пас және 2 блокшот. Айзея Уайтхед пас беруден алдына жан салмады – 12 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 5 пас және 5 рет допты «тартып» әкетті. Допты «қиып» әкетуден Максим Марчук үздік шықты – 12 ұпай, 3 пас, 6 рет допты «тартып» әкетті. Өз шығыршығымыздан қайтқан допты қағып алудан Руслан Айткали бәрінен асып түсті – 13 ұпай, 8 рет доп қағып алды.
  • «Ақтөбе» — қонақтар сапында үздік шықан Глеб Жуков болды – 13 ұпай және 6 рет доп қағып алды. Сондай-ақ Ибрагим Қонысов та көзге түсті – 14 ұпай.

Келесі матч: 16 қарашада «Астана» Саратовқа сапар шегіп, онда жергілікті «Автодор» клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясында додаға түседі. Ал Ұлттық лигадағы келесі ойындары тағы да Нұр-Сұлтанда өтеді – 19 және 20 қараша күндері елордаға «Атырау Барыстары» келеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»