«Нептунаспен» өткен жолдастық кездесуде «Астана» бірінші рет тең түсті
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Литвада өтіп жатқан жаңа маусым алдындағы оқу-жаттығу жиыны аясында өзінің баскетбол «трипін» одан әрі жалғастырды. Елорда командасы үшінші жолдастық кездесуін «Нептунас» клубымен өткізді.
Пренай мен Палангада екі жолдастық матч өткізіп, «СиБЕТ» және «Химки» клубтарымен кездескен соң, біздің баскетболшылар көрікті Клайпеда қаласына жол тартты. Әрі жергілікті «Нептунас» клубымен жолдастық кездесу өткізуді де ұмытқан жоқ. Өткен маусымда «Нептунас» Литва лигасының көшбасшысы болып, ширек финалды да қиналмай еңсерген, алайда жартылай финалда сүрініп, бұдан кейін үшінші орын үшін болған ойындар қорытындысында жеңіске жеткен. Сөйтіп, қола медаль еншілеген болатын. Сонымен қатар, FIBA Чемпиондар лигасында бақ сынап, өз тобынан шыққанымен, 1/8-финалында жеңіліске ұшыраған-ды. Естеріңізге сала кеткен жөн болар, Литваның бұл клубы 2013/2014 жылдар маусымында ВТБ Бірыңғай лигасында да бақ сынаған. Сол кезде «Астанамен» екі рет додаға түскен. Қазақстан командасы сол маусымда литвалықтардан өз алаңында ұтылып қалып, қонақта есесін қайтарған. Жалпы, бұл командалар соңғы рет 2015 жылғы Гарастас кубогында кездесіп, онда «Нептунас» жеңіске жеткен болатын.
Бұл жолы «Нептунас» өз алаңында ойнағандықтан, сәл де болса, басымдыққа ие болды. Алаң иелері матч басталған бетте алға шығып, ойын тізгінін уыстарынан шығармауға тырысты. Бірақ «Астана» олардың қара үзіп кетуіне мүмкіндік бермей, өкшесін басып отырды. Осылай бірінші кезең аяқталды, екіншісінде де қайталанды. Негізі, бұл кезең тең дәрежеде өткенімен, литвалықтар 7 ұпай айырмасын сақтап қалды. Үшінші онминуттық тура екіншісіндей болып шықты. Командалар бір-біріне дес берген жоқ, әйтсе де, ұпай айырмасы сол күйі сақталып қалды. Төртінші кезеңде Қазақстан клубы қарқынын үдете түсіп, есеп айырмасын қысқартуға көшті. Осылайша, матч соңына дейін таразы басын теңестірді. Бұл нағыз достық кездесу болып, тең аяқталды — 79:79 (28:21, 21:21, 19:19, 11:18).
Жолдастық кездесу болса да, «Астана» өз тарихында алғаш рет тең нәтижемен аяқталған баскетбол ойынын тіркеді. Тектері бірдей екі Хилл «Астананың» ең үздік ойыншылары болды. Малкольм 27 ұпай еншілеп, 5 рет шығыршықтан қайтқан допты қағып алды, 3 нәтижелі пас беріп, 2 мәрте допты тартып әкетті және 1 блокшот орындады. Ал Джеремая 21 ұпайына қоса, 6 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 2 мәрте допты тартып алды және 1 блокшот жасады. «Астананың» тағы бір жаңа ойыншысы, серб Душан Ристич кезекті рет дабл-даблға қол жеткізді – 11 ұпай, 12 рет шығыршықтан қайтқан допты қағып алу.
«Астана» ПБК маусым алдындағы жолдастық кездесулерінің кестесі және нәтижелері:
- 7 қыркүйек — «СиБет» БК — 74:75
- 9 қыркүйек — «Химки» БК — 88:81
- 12 қыркүйек — «Нептунас» БК — 79:79
- 14 қыркүйек — «Лиепая» БК — 73:107
- 17 қыркүйек — «Ритас» БК — 100:76
- 19 қыркүйек — «Автодор» БК — 106:83
- 24 қыркүйек — «ВЭФ» БК — 84:77
- 28 қыркүйек — «Куршяй» БК