«Астана» Президенттік баскетбол клубының бас бапкері Эмиль Райкович айрықша сұхбатында жазғы демалысын қалай өткізгені мен астана командасының дайындығы барысынан сыр шертіп, Әлем кубогында қай командаға жанкүйер болатынын тілге тиек етті және алдағы маусым жоспарымен бөлісті.
- Маусым аралығын қалай өткіздіңіз?
- Демалысымды отбасыммен өткіздім, біраз уақыт Грекияда болдық, сонымен қатар Барселонаға барып, дем алдық. Демалыс кезімді де бос өткізбей, баскетбол семинарларына қатысып, өзімнің ілім-білімімді жаңарта түсуге, сондай-ақ баскетбол ойыны саласындағы әріптестеріммен пікір алмасуға, баскетболда қандай жаңа үрдіс бар екенін білуге тырыстым.
- Жаңа маусым дайындығы қалай өтіп жатыр?
- Маусым дайындығы жолдастық кездесулер өткізіп, саралау сатысына да жетті. Бүгінге дейін біз үш жолдастық кездесу өткіздік. Бірінші ойында Пренай қаласының «CBet» деген командасымен (Литваның бірінші дивизионында ойнайды) кездесіп, жеңіске жеттік. Ал екіншінде Палангада Мәскеу облысының «Химки» клубымен додаға түсіп, есе жіберіп алдық. Ал кеше «Нептун» командасымен тең түстік. Осы үш ойын біздің командамыздың дәл қазіргі әлеуетін айқындап берді. Бірақ әлі де тер төгу керек. Бұл ретте, жаттығу жиынының екінші бөлігі біз үшін аса маңызды болғалы тұр.
- Маусым аралығында легионерлер құрамы толықтай жаңарды. Жаңаден келгендердің әрқайсысы жайлы қысқаша айтып өтесіз бе?
- Біздің легионерлеріміз маусым аралығында командадан кетіп қалды. Себебі бәрі де өткен маусымда «Астана» сапындағы матчтарда көзге түсіп, оларға басқа командалардан ұсыныс түсті. Біз ойыншыларымызды өздеріне шақыртып отырған клубтармен қаржылай тұрғыда тайталаса алмадық. Кейбір легионерлерімізді өзімізде қалдырғымыз келген, бірақ ол мүлдем мүмкін болмады. Өйткені былтырғы табысты маусымнан кейін олардың бағалары екі-үш есе өсті. Сондықтан жаңа легионерлер іздеуге мәжбүр болдық.
- Команда сапын толықтыруға болатын тағы да үміткерлер бар ма?
- Бізге команда сапындағы легионерлердің орындарын түгелдей толтыру қажет. ВТБ Бірыңғай лигасында бәсекеге қабілетті ұжым болу үшін құрамымызды күшейту керек. ВТБ лигасындағы барлық командалардың бюджеттері өсті, яғни қарсыластарымыз былтырғыға қарағанда әлдеқайда күшейді. Біздің менеджмент бюджетімізді қорғап қалады деп үміттенемін. Сонда деңгейі жоғары легионерлер ала аламыз. Олар бізге ВТБ лигасының азулы командаларымен тайталасуға көмектеседі деген үміттемін. Бір ғана анық білерім, маусым басында бізге ерекше бір ойыншы келіп, қосылуы керек. Бірақ бұл жөнінде бәрі де сәл кейінірек біледі.
- Биылғы маусымда команда алдына қандай мақсаттар қойылып отыр және өзіңіз қандай болжам бере аласыз?
- ВТБ Бірыңғай лигасының құрамына қарап, біздің мақсатымыз былтырғы жетістігімізден де асып түсу деп айту әбестік болады. Өйткені басқа командалардың деңгейлері мен бюджеттері бізге қарағанда – жоғары. Әйтсе де, біз өзіміздің жанкештілік рухымызды сол күйі сақтап, әр ойында жеңіске жетуге тырысып, плей-оффқа шығу үшін жеңісіміздің санын мейілінше арттыра түсуге талпынатын боламыз. Жеңіс қуып қана қоймай, одан да жоғары мақсатымызды ұмытпауымыз керек. Ол – қазақстандық ойыншыларды шыңдай түсіп, олардың деңгейлерін көтеруге мүмкіндік беру. Ал болашақта олар тек «Астанаға» емес, Қазақстан ұлттық құрамасына да көмектесулері керек.
- Өткен маусым «Астана» үшін клуб тарихындағы ең табыстысы болды. Валерий Алексейұлымен бірге «жетістік кілтін» ойластырып та қойған боларсыздар?
- Иә, өткен маусым «Астана» үшін клуб тарихындағы ең табысты жыл болды. Жетістік құпиясын айту қиын, себебі маусым сайын жағдай мүлдем өзгеше және соған бейімделу қажет. Біз Валерий Алексейұлымен бірлесе жұмыс істейміз, үнемі командамыздың құрамын күшейту және ВТБ лигасындағы командалармен терезесі тең өнер көрсету үшін команданы нығайта түсу жолдарын іздестіреміз.
- Алдағы маусымда 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу ойындары басталады. «Астана» тағы да Ұлттық құраманың негізін қалайтын ұжым бола ала ма?
- Иә, «Астана» жыл сайын ұлттық құрамынң негізін құрайды, себебі ең үздік ойыншылар осында жиналған. Егер біз Ұлттық құрама жайлы айтар болсақ, онда Қазақстан ойыншыларының бәрін көріп шығу керек және құраманың ойыны өтер сәттегі үздіктерін іріктеп алып, оларды ел намысын қорғауға мүмкіндік беру қажет. Көзге түсіп жүрген әрбір Қазақстан баскетболшысы – құраманың әлеуетті ойыншысы. Құрама жасақтауға осылай қарау керек, біз тек үздіктерін таңдап алуымыз қажет.
- Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогын қарап жүрсіз бе? Қай құраманың жанкүйерісіз?
- Әлем кубогында ешбір команданың жанкүйері емеспін. Бірақ сапалы баскетбол көрсем деймін. Әрі дәл осындай баскетболды көріп те жүрмін. Қазір ширек финалдық ойындар да түгесілді. Мұнда кездейсоқ нәтижелер де жоқ емес. Грекия ширек финалға шыға алмай қалды. Сербия, Литва өз ойындарын аяқтады. Төрешілер, бапкерлер, ойыншылар қателігі секілді өзекті өртер өкінішті жағдайлар көп болды. Алайда әдемі ойындар да аз емес. Жартылай финал мен финалда баскетбол ойынының ең жоғарғы деңгейін көреміз деп үміттенейік.
- Алдағы маусымда жанкүйерлерге айтар тілегіңіз.
- «Астана» ойындарында баскетболға қызығатын жастарды көбірек көргім келеді. Негізі, біздің спортымыз әйгілілігі жағынан тек футболға ғана жол береді. Мен Қазақстанда да баскетболға қызығушылар саны, әсіресе жастар арасында, арта түссе деймін. Өйткені, баскетбол – өте интеллектуалды және қызықты ойын. Ал Қазақстанда ақылды және спортты жақсы көретін жастар көп. Сондықтан биыл біздің командаға қолдау көрсететін жанкүйерлер қарасы қалың болады деп үміттенемін.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана» үшін жаңа баскетбол маусымы 6 қазан күні басталып, сүйікті командамыз түзде Қазанның УНИКС клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясында додаға түседі. Ал өз алаңындағы бірінші ойын 12 қазанда өтеді, елордамызға қонаққа ең әуелі Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубы келеді.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.