«Астана» Президенттік баскетбол клубы өзінің бас бапкері – Эмиль Райковичпен арадағы келісімшартын екі жылға ұзартты. Македония маманы құжаттарға қол қойып болған бетте клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берді.
- Клубпен ынтымақтастығыңыздың одан әрі жалғасуы құтты болсын, құттықтаймыз. Келісімшартты ұзарту мәселесін кім бастады?
- Келісімді ұзартуға клуб бастамашы болды. Мен келісіп, келісімшартты тағы да екі жылға ұзартым. Келесі маусымда да осы жетістікке қол жеткізу үшін, тіпті одан асып түсу үшін, біз қолымыздан келгеннің бәрін жүзеге асырамыз деп ойлаймын.
- Өткен маусымда команда құрамын өзіңіз жасақтадыңыз. Алдағы маусымда «Астана» сапында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Ойыншылардан кімдер қалады, қандай жаңа ойыншыларға көзіңіз түсіп жүр?
- Биылғы маусымдағы әр ойыншының ойынына көңіліміз толады. Жаттықтырушы ретінде, клуб осы маусымдағы ойыншылардың, биыл нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен қазақстандықтардың да, америкалықтардың неғұрлым көбісін алып қалғанын қалар едім. Қазір клуб басшыларының уақыты басталды, барлық ойыншылармен келіссөздер жүргізіп, олардың кейбіреулерін алып қалуға тырыса ма, әлде нарыққа шығып, басқа ойыншылар іздей ме, енді шешіледі. Әрине, бұл оңай емес, өйткені біздің ойыншыларға басқа да ұсыныстар түседі. Жағдайдың қалай өрбитінін алдағы уақытта білетін боламыз.
- Келісімшарттың ұзартылуымен сізге қателіктерді түзеуге мүмкіндік беріліп отыр. Алдағы маусымда команданың ойын өрнегінен түбегейлі өзгерістер күтуге бола ма және егер қателіктер болған болса, олардың қайсысын түзеу керек?
- Біз баскетболдың бір стилінде ғана ойнай бермейміз. Егер бізде әр түрлі ойын үлгісіндегі ойыншылар болса, онда біздің алдағы маусымдағы ойын өрнегіміз сол ойыншылардың ойын үлгілерімен тығыз байланысты болады. Әрі, әрине, біз бұдан да жылдам, алаңда жоғары қарқынды болу үшін мейілінше спорттық үлгідегі команда болуға тырысамыз. Бірақ бұл стилді жүзеге асыру үшін осындай ойын үлгісінде ойнай алатын деңгейі жоғары ойыншылар қажет болады. Яғни бәрі де команда құрамын жасақтауымызға байланысты болады.
- Жадырап жаз келді, маусым басталғанша дем аласыз. Дем алысыңызды қайда өткізуді жоспарлап отырсыз? Жоспарыңызда Қазақстанда дем алу бар ма?
- Мен де, менің отбасым да, Қазақстанда 9 ай болдық. Алдағы уақыттарымызды өз үйімізде, Македонияда, туыстарымызбен өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз біраз уақыт үйде боламыз да, содан кейін өткен жылдардағыдай Грекияға баруды жоспарлап отырмыз. Онда машинамен теңізге дейінгі жолға небәрі 3-4 сағат кетеді. Сонымен қатар, дем алыс кезінде агенттермен келіссөздер жүргізіп, алдағы маусымға жаңа команда жасақтау үшін жаңадан ойыншылар іздейтін боламын.
- Маусым барысында жанкүйерлермен бірнеше рет тілдестіңіз. Маусым қорытындысы бойынша оларға не тілейсіз?
- Мен біздің жанкүйерлерімізге осы маусымды естеріне сақтауды тілеймін. Өйткені бұл маусым клуб тарихындағы ең табысты маусымдардың бірі болды. Әрі мен олар клуб үшін өздерінің өте маңызды екендерін түсінеді деп үміттенемін. Жанкүйерлер біздің ойындарымызға келіп, ойыншыларымызға қолдау көрсеткенде, олар түлеп сала берді, жақсы ойнады. Сондықтан мен біздің ойындарымызға келетін жанкүйерлер қарасы көбейе түссе екен деймін. Сонда олар біздің командаға жеңісіміздің көбейе түсуіне көмектеседі.
Эмиль Райкович – Македонияның бұрынғы кәсіпқой баскетболшысы. Бапкерлік мансабын 2006 жылы Македониядағы «KK Feni Industries» клубының жаттықтырушысы ретінде бастаған (2006 – 2013). Сондай-ақ өз еліндегі «KK Rabotnicki» командасының (2013/2014) және Польшаның «Шленск-Вроцлав» клубының (2014 – 2016) бапкерлері құрамын басқарған. 2008 жылдан 2014 жылға дейін төрт рет Македония чемпионатында «Жыл жаттықтырушысы» болып танылған. Польша чемпионатындағы соңғы екі жылда, яғни 2017 және 2018 жылдары, «Үздік жаттықтырушы» атанған. 2011 жылы Македонияның «KK Feni Industries» командасымен Балқан лигасында топ жарған. Еуропада Эмиль Райковичті қайтпайтын қайсар және жаратылысынан жеңімпаз бапкер ретінде біледі. Ол бұрынғы Югославия Республикасының жаңа толқынды, болашақтарынан көп үміт күтуге болатын дарынды жаттықтырушылары қатарынан шыққан. Жоғары бапкерлік біліктілігімен қоса қарамағындағыларды айрықша жігерлендіре білетін және олардың психологияларын жақсы түсінетін маман ретінде танымал.
Биыл «Астана» 40 жастағы Македония маманының жетекшілігімен ВТБ Бірыңғай лигасында, өз тарихындағы ең үздік маусымын өткізді. Қазақстан командасы 2018/2019 жылдар маусымындағы чемпионатта өз рекордын жаңартып, 15 рет жеңіске жетті (57,7% – бұл да үздік нәтиже). Соның арқасында маусым қорытындысы бойынша 6-орынға ие болды. Сонымен қатар, «Астана» Лига тарихында соққан және жіберіп алған доптары (ұпайлары) бойынша, биылғы маусымның қорытындысында, орта есеппен алғаш рет оң балансқа қол жеткізді (+2,7). Наурыз айында елорда клубы Лиганың негізгі додасындағы жеңістері бойынша өз рекордын жаңартты – 13. Ал «Енисей» клубынан басым түскен соң жеңіске жеткен матчтарының пайыздық көрсеткіші бойынша ең үздік нәтижесіне қол жеткізді – 60. Қазақстан астанасының командасы барлығын соңғы секундтарға дейін тайталасуға үйретті. «Астананың» ойын басында ұтылып жатып, бірақ матч барысында бапкерлері құрамының өзгерістер енгізуінің арқасында есепті қысқартып және жанкештіліктерінің арқасында жеңісті жұлып алған кездері аз болған жоқ.
Райковичтің тактикалық икемділігі тек матч уақытында ғана емес, жалпы маусым барысында да байқалды. Мысалы, Энтони Клеммонс желтоқсан айында өте жоғары деңгейде ойнап, Лиганың MVP жүлдесін алды. Бұдан кейін қорғаушы спорттық бабын жоғалтып алды. «Астана» аз уақыттық дағдарыстан кейін жеңісті жолын қайта сабақтай алды. Ал көшбасшылар рөлін енді басқа баскетболшылар атқарды – Джей Джей О’Брайен және Кеннет Хортон. Эмиль Райкович – «Астананың» биылғы маусымдағы самғауының басты себепшісі.
Эмиль Райковичтің команда өрлеуіне қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Ол ВТБ Бірыңғай лигасының 2018/2019 жылдар маусымындағы ең үздік жаттықтырушысы болып танылды. Марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында, плей-офф сатысының ширек финалдағы «Астана» мен Мәскеу облысының «Химки» клубтары арасындағы үшінші матчы басталмай тұрып өтті. Бұл жүлдені бапкерге Қазақстан Республикасы Ұлттық баскетбол федерациясының бас хатшысы Ален Таңатаров пен «Астана» клубының бас менеджері, Олимпиада чемпионы Валерий Тихоненко табыс етті.
Эмиль Райковичтің шәкірттерінің ел ішіндегі жетістіктеріне тоқталар болсақ, «Астана» оның жетекшілігімен 7-ші рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Ал басты жетістіктері Қазақстан чемпионатында 7-ші рет топ жарулары болды. Осы жеңісінің арқасында «Астана» ерлер арасында чемпиондық атағы бәрінен көп, еліміздегі теңдессіз ұжым болды.
Бас серіктесіміз — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Әлеуметтік серіктесіміз — «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.