«Астана» түзде «Химкиден» екінші рет ұтылып қалды
ВТБ Бірыңғай лигасының ширек финалындағы екінші матчта «Астана» тағы да Мәскеу облысының «Химки» клубына есе жіберіп алды – 94:64 (21:14, 26:21, 26:15, 21:14).
Бірінші ойында жеңіске жеткен «Химки» жалпы есепте ғана алға шықпай және психологиялық басымдықа ие болып қана қоймай, екінші ойында да өз алаңында, жанашыр жанкүйерлерінің көз алдында өткізді. Сондықтан бұл ойын «Астана» үшін өте қиын болды. Десек те, біздің жігіттер алаңға намысты қолдан бермеуге бекініп шықты.
Джеффри Гроселл ортада лақтырылған допты біздің командаға алып беріп, бірінші шабуылда болмаса да, дәл осы ойыншы екінші матчта есеп ашты. «Астана» алғашқы минуттарда қарсыласына қарағанда ширақ қимылдап, алда тұрды. Есеп 4:9 болғанда-ақ Римас Куртинайтис бірінші болып, тайм-аут алуға мәжбүр болды. Әрі дәл осы бір минуттық үзіліс химкиліктердің жолын ашты. Есеп бірінші кезең ортасына жетпей-ақ теңесті. Қалған 5 минутта алаң иелері осы ойынның басындағыдай емес, нәтижелі ойын үлгісін көрсетті. Әсіресе ойынға сәтімен қосылған Джордан Мики ерекше көзге түсіп, 7 ұпай еншіледі. Бірінші кезеңде аяқталғанда, алаң иелерің тура осынша ұпай айырмасымен алда тұрды – 21:14. Екінші кезеңде Қазақ елі командасы қарсыласына тойтарыс беруге тырысты. Себебі олар бірінші 10-минуттықтың соңында екпін алып, көсіле шапты. Алайда екі минуттан кейін есеп айырмасы 10 ұпайға дейін жетті. «Астананың» алыстан лақтырған үш ұпайлық доптары шығыршыққа түспей қойды, тіпті мүлдем түспеді. Ал «Химки» болса, айылын жимай, есеп айырмасын 16 ұпайға жеткізді. Тек осыдан кейін Кеннет Хортон команданың үш ұпайлық статистикасына оң өзгеріс енгізіп, алыстан екі рет дөп түсірді. Әрі ұпай айырмасын да сәл қысқарта түсті. Дегенмен, олйынның бірінші жартысында «Астана» 12 ұпай айырмасымен ұтылды – 47:35.
Үлкен үзілістен кейін ойын мейілінше қыза түсті. «Астана» баскетболшылары есепті қысқарта алмағандарымен, алаң иелерін одан әрі ұзатпай, тайталасып бақты. Үшінші кезеңнің бастапқы 5 минутында есеп айырмасы 10-15 ұпай аралығында тербеліп тұрды. Ал қалған уақытында алаң иелері өз мақсаттарына жетіп, үстемдік танытты. Химкиліктер ұпай айырмасын ұлғайта түсіп, ол үшінші кезеңнің аяқталуына бір минут қалғанда, 20 ұпайдан да асып кетті. Онымен шектелмей, соңғы секундтарда допты тартып алып, үзіліске айқын басымдықпен шықты – 73:50. Біздің команда, сонда да еңселері түспей, соңғы кезеңде де алаң иелерінің одан әрі ұзап кетулеріне жол бермеуге тырысты. Бірақ үш кезең бойы көп күш жұмсаған «Астананың» үздік ойыншылары көзден таса бола бастады. Серпіліс жасап, есепті қысқарта түсуге күш-жігерлері жетпеді. Матчтың соңына қарай Эмиль Райкович алаңға қосалық құрам орындығындағы ойыншыларын жиі шығарып, көшбасшыларын тынықтырып алуға тырысты. Айла-амал қалмай, тек тайталасу мәнерінде өткен матчтың соңында химкиліктер көсіле сілтеп, трибунадағы көрермендерінің қызу қолдауларының арқасында бұл ойынды айқын басымдықпен аяқтады – 94:64.
«Астана» бұл ойынды тәп-тәуір бастаған. Тіпті «Химки» клубының бас бапкері Қазақ елі клубының қарқынын басу үшін тайм-аут алуға да мәжбүр болған. Тек содан кейін ғана олар өздеріне сенімді болды. Алаң иелері «Астананың» алыстан лақтырған доптарына тосқауыл болу үшін барлық күш-жігерлерін салды. Әрі оған қол женткізді де, содан кейін біздің жігіттердің үш ұпайлық соққылары діттеген жерлеріне дөп түспей қойды, мүлдем. Осы ойында тек Кеннет Хортон ғана допты доға сыртынан екі рет дәл түсірді, ал Энтони Клеммонс бір-ақ рет мергендік тантытты. Доға сыртынан лақтарған доптарының 15% ғана шығыршыққа дәл түсіп, бұл жалпы ойын нәтижесіне оразан зор ықпал етті. Бұған бірнеше рет қажет емес сәттерде доптан айырылып қалғандарын қосыңыз. Мұның бәрі химкиліктердің жылдам шабуыл ұйымдастырып, ұпай айырмасын ұлғайта түсулеріне ұласып отырды. Сондықтан –30 мұпай айырмасымен ұтылуымыз, таң қаларлық нәтиже емес. Бірақ бұл ойыншылар намысты қолдан беруге тырыспады дегенді білдірмейді. Олар аянған жоқ, барлық күш-жігерлерін салды. Қорғаныста қарсыласының позициялық шабуылдарына қарсы сауатты ойын өрнегін көрсетті. Өздері де шабуыл ұйымдастырып отырды. Бірақ бүгін «баскетбол тәңірлері» мүлде басқаша шешімде болды.
Ең көп ұпай еншілегендер:
- «Химки»: Алексей Швед (19 + 7 пас), Джордан Мики (18 + 5 рет доп қағып алды), Малкольм Томас (12 + 8 рет доп қағып алды).
- «Астана»: Стефен Холт (15), Кеннет Хортон (14 + 8 рет доп қағып алды), Джеффри Гросселл (13 + 5 рет доп қағып алды).
«Химкидің» бас бапкері – Римас Куртинайтис:
— Жеңіске жеткенімізге, әсіресе бүгінгідей стилде басым түскенімізге қуаныштымын. Ойыншыларым үшін қуаныштымын. Өйткені, бапкерге шәкірттері қырық минут бойы, матч нәтижесіне қарамай жандарын салып ойнағаны ұнайды ғой. Жақсы ойнаған кездеріміз де, көңілден шықпайтын сәттеріміз де болды, әсірісе матч басында. Бірақ біз аянған жоқпыз. Әсіресе қосалқы құрам орындығынан қосылғандар бар күш-жігерлерін салды. Мен қазір командамыздың ойын өрнегіне ризамын. Сонымен қатар, көрермендерге де алғыс жолдағым келеді. Олар да аянған жоқ. Біз оларды үнемі естіп отырамыз, бүгінгі қолдаулары ерекше болды.
«Астананың» бас бапкері – Эмиль Райкович:
— «Химкиді» құттықтаймын, олар бүгін бізден асып түсті. Олардың қосалқы құрамдағы ойыншылары өте көп және деңгейлері де – жоғары. Сондықтан үстемдік танытты. Біз бүгін бірінші матчпен салыстарғанда, ойынға көп жігіттерімізді тарттық. Негізгі құрамдағы ойыншыларымызды тынықтырып алуға тырыстық. Бірақ бізде «Химкидікіндей» құрам жоқ. Олар қазір өз мүмкіндіктерінің 80-90 пайызын ғана жүзеге асырып жүр, егер осы қарқындарынан таймаса, ВТБ лигасында жеңіске жете алатын фавориттердің бірі болады деп ойлаймын. Ал біздің ойындарымыз Нұр-Сұлтанға ойысады, Біз үйдегі бірінші ойында жеңіске жетуге тырысамыз.
Келесі 3-ші матч жұма күні, 10 мамырда, астана командасының өз алаңында, яғни «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Матчтың басталуы – Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де. Матч билеттерін Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыздар.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.