ВТБ Бірыңғай лигасының ширек финалындағы «Астана» мен «Химки» текетіресі

04.05.2019, 13:00    Оқылғаны: 798
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
5 және 7 мамыр күндері Мәскеу түбіндегі Химкиде «Астана» Президенттік баскетбол клубы мен «Химки» командасы арасында ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысындағы ширек финалдық матчтардың алғашқы екеуі өтеді.

Жексенбіде «Астана» мен «Химки» клубтары арасында ВТБ Бірыңғай лигасының ширек финалдық матчтары басталады. Бұл жұптағы доп додасы 2-2-1 жүйесінде, әрқайсысының алаңында, 3 жеңіске дейін созылады. Алғашқы екі ойын 5-ші және 7-ші мамыр күндері қарсыласымыздың алаңында, «Химки» МОБО аренасында өтеді. Одан кейін жартылай финал жолдамасын сарапқа салу Нұр-Сұлтанда жалғасып, 10-шы және 12-ші мамыр күндері үшінші және қажет болса, төртінші ойындар «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Егер осы төрт матчтың қорытындысы бойынша жалпы есеп тең болса, онда шешуші ойын 15 мамырға жоспарланған, әрі командалар қайтадан Мәскеу облысына барады.
 


Тарих бастауы:
«Астана» үшін бұл маусым ВТБ Бірыңғай лигасына қатысып жүрген 8 маусымды түгелдей есепке алғандағы ең табыстысы болды. Елорда командасы жыл сайынғы чемпионат қорытындысында, 15 жеңіс және 11 жеңіліспен, 6-шы орынды иеленді. Әрі астаналықтар 5-ші рет плей-оффқа шығып отыр. Егер соңғы екі маусымда біздің команда бірден осы турнирде жыл сайын жеңімпаз атанып жүрген, азуы алты қарыс ЦСКА (Мәскеу) командасына тап болса, биыл да жолы азулы қарсыласпен, Лиганың соңғы екі маусымдағы күміс жүлдегері, «Химки» (Мәскеу облысы) клубымен түйісіп отыр.

Қарсылас:
«Химки» – Мәскеу облысының баскетбол клубы, 1997 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасында бірінші маусымынан бастап өнер көрсетіп келеді. 2010/2011 жылдар маусымында химкиліктер ВТБ Бірыңғай лигасының чемпиондық атағын жеңіп алды. Сөйтіп, ЦСКА-дан басқа турнир жеңімпазы атанған жалқы команда болды. Мәскеу облысының командасы – плей-офф додасына тұрақты түрде қатысып келе жатқан және соңғы 5 жылда үш мәрте күміс жүлдегер атанған (2014/2015, 2016/2017, 2017/2018) азулы ұжым. Биылғы маусымда олар жыл сайынғы чемпионатта 3-ші орынға ие болды – 20 жеңіс, 6 жеңіліс.

«Химкидің» көшбасшылары:
Алексей Швед – 30 жастағы Ресей қорғаушысы, өзінің командасының ғана емес, тіпті Лига көшбасшыларының бірі, бүгінгі таңдағы Ресейдің ең үздік баскетболшыларының бірі. Биылғы маусымдағы, 5 қараша күні «Астана» клубымен өткен матчта ол ең үздік ойыншы болып, 28 ұпай еншіледі. «Химкидің» Шведтен де басқа бесаспап ойыншылары бар. Янис Тимма – 26 жастағы Латвия шабуылшысы, Мәскеу облысы командасына наурыз айында ғана қосылған. Бірақ небәрі 6 ойынның ішінде өзінің нағыз қас шебер екендігін дәлелдеп шықты. Ол да Химкиде «Астанамен» өткен матчта 26 ұпай еншілеп, ең үздік көрсеткішке қол жеткізген. Джордан Мики – 24 жастағы Америка шабуылшысы, биылғы маусымда аса жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өз командасының қоржынына орта есеппен бір ойында 15 ұпайдан артығымен салып жүр. Сонымен қатар, команданың «басы» – бапкері Римас Куртинайтис жайлы айтпай кету мүмкін емес. Ол «Химки» клубын Лига чемпионы атағына жеткізген, биыл Мәскеу облысы ұжымының, осыдан үш жыл бұрын кетіп қалған, бас бапкерлік қызметіне қайта оралды.

Командаларды салыстыру:
ВТБ Бірыңғай лигасының барлық маусымдарын есепке алғанда, «Астана» мен «Химки» 16 рет кездескен. Өкінішке қарай, жеңістер мен жеңілістер айырмасы Қазақ елі командасының көңілі толарлықтай емес: 13 рет Мәскеу облысы ұжымы жеңіп, 3 рет астаналықтар басым болды. Соңғы рет Қазақстан астанасының командасы «Химкиді» бір жылдан астам уақыт бұрын жеңген – 2018 жылы 11 наурыз күні өз алаңында 84:79 есебімен. Ал биылғы маусымда «Астана» Химкиден екі рет ұтылды. Бірақ екі матч та шектен тыс шиеленісті өтті. Қараша айында біздің команда «Сарыарқа» велотрегінде 9 ұпай айырмасымен есе жіберіп алды – 67:76. Ал Мәскеу түбінде, наурыз айының аяғында химкиліктер 13 ұпай айырмасымен басым түсті – 93:80.



Әйтсе де, «Химки» өте азулы және әйгілі қарсылас болғанымен, әрі биылғы маусымда «Астана» олардан екі рет ұтылып қалғанымен, осы екі матчтың нәтижелері біздің команданың намысты қолдан бермей тайталаса және жартылай финал жолдамасына таласа алатындығын көрсетті. Әрине, оңай емес, бірақ плей-оффта ешқашан оңай бомайды.

Алғашқы екі матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі. Жексенбі күні, 5 мамырдағы ойынның басталуы – Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де, ал 7 мамыр күні өтетін екінші ойын 23:00-де басталады.

Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасының ширек финалындағы «Химкимен» өтетін, 10 мамыр жұма күні «Сарыарқа» велотрегінде астана уақытымен 19:30-да басталатын, үйдегі ойынына билеттер сатыла бастады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»