«Астана»«Енисейден» 15 ұпай айырмасымен ұтылып жатып басым түсті
Қазақтың «Астанасы» өз алаңында Красноярскінің «Енисей» клубын тізе бүктірді – 93:85 (17:28, 26:22, 24:23, 26:12).
«Енисей» осы ойының алдында плей-офф додасына ілігу мүмкіндігінен түпкілікті айырылған болатын. Әйтсе де, бұл да сібірліктердің сағын сындыра алмапты. Ойын басталған бетте қонақтар алға шығып, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Бұл ретте, Захаров, Попов және Комиссаров сынды ресейлік баскетболшылар ерекше көзге түсіп, бірінші кезеңде 21 ұпай еншіледі. Әрі красноярлықтар айқын басымдықпен қара үзіп кетті – 28:17. Екінші 10-минуттықтың көп уақытында да қонақтар екі таңбалы сан айырмасын сақтап тұрды. Сібірліктер алыстан шабуылдауда өздеріне сенімді болып (үшұпайлықтар – 10-ның 7-еуін дәл түсірді), шығыршықтан қайтқан допты қағып алуда да үздік шықты (17 – 16). Оның үстіне, Захаров жай оғындай жарқылдап (15 ұпай), Попов алаң иелерінің шығыршығы түбінде үстемдік танытты (12 ұпай). Олардың бірқалыпты дәл осы қарқындары кезең соңында «жүрісінен» жаңылды. Дженкинс, Клеммонс және Хортон сегіз ұпайлық серпіліс ұйымдастырып, «Астана» үлкен үзіліске дейін есеп айырмасын 7 ұпайға дейін қысқартты – 43:50.
Үшінші кезең де үйреншікті мәтінде өрбіді. Әуелі сібірліктер ойыны жанданып, қарқынын үдете түскен Мейерстің (11 ұпай) арқасында есеп айырмасын ұлғайтты. Олар тіпті есеп айырмасын 15 ұпайға дейін жеткізді (62:47). Бірақ осыдан кейін алаң иелері көсіле сілтеп, екпінді ойын өрнектерімен (9 ұпай қатарынан) есеп айырмасын небәрі екі соққыға дейін қысқартты – 62:66. Ал соңғы кезеңде ойын тізгіні толықтай «Астана» ойыншыларының қолына көшті. Айта кетерлігі, алаң иелерінің бірнеше баскетболшысы жарқырап көзге түсті. Олар жылдам шабуыл ұйымдастырып, тез жүгірді, қорғаныста жанкештілік танытып, тіпті шектен тыс күрделі ойын сәттерінде де соққыларын дөп түсіре білді. Осы 10-минуттықтың ортасында сары-көк жейделілер бірінші рет алға шықты – 83:82. Ойын тағдырын матч соңындағы алты ұпайлық серпіліс шешті. Оны Хортон мен О`Брайен орындады. Сатчтың аяқталуына бір жарым минут қалғанда «Астана» 9 ұпай айырмасымен алға озды – 93:84. Әрі алаң иелері жеңісті есепті уыстарынан шығармай, жеңіске жетті.
Бұл жеңіс «Астананың» 5-орынға жайғасуына мүмкіндік берді. «Енисей» болса, осы жеңілістен кейін турнир кестесіндегі тоғызыншы орыннан да айырылып қаупіне душар болды.
Ең көп ұпай еншілегендер:
- «Астана»: Джей Джей О`Брайен (20), Майкл Дженкинс (17 + 5 рет доп қағып алды + 6 пас), Стивен Холт (16 + 8 рет доп қағып алды + 5 пас), Александр Жигулин (15), Кеннет Хортон (11 + 6 рет доп қағып алды), Энтони Клеммонс (10).
- «Енисей»: Денис Захаров (19), Мартиньш Мейерс (17 + 9 рет доп қағып алды), Илья Попов (15), Джон Роберсон (15 + 7 пас), Артем Комиссаров (10 + 10 рет доп қағып алды).
Үздік ойыншы: Стивен Холт әдетте сары-көк жейделілер сапындағы басқа легионерлерінің көлеңкесінде қалып қоятын. Бірақ аталмыш қорғаушы бұл кездесуді өте жоғары деңгейде өткізді. Ол 16 ұпай еншілеп, 8 рет доп қағып алып, 5 нәтижелі пас берді. Әрі осы ойындағы тиімділігі бәрінен жоғары болып шықты (24).
Цифр: 6 – бұл ойында «Астананың» алты бірдей ойыншысының команда қоржынына салған ұпайлары екі таңдалы саннан құралды.
«Астана» клубының бас бапкері – Эмиль Райкович:
— Бұл өте күрделі ойын болды. Біз ойын соңына дейін жеңіске жетуге болатынын сенумен болдық. Бұл ойында бізге оңай болмасын сездік. Өйткені «Енисей» соңғы үш ойында жеңіске жеткен болатын. Бізге Санк-Петербургтегі соңғы ойынға көтеріңкі көңіл-күймен бару өте маңызды болды. Мен ризамын және жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Осы ойынға келіп, әрі бастан-аяқ біздің командаға қолдау көрсетіп отырған жанкүйерлеріміз бен көрермендерімізге көп рахмет. Алдағы, плей-офф сатысындағы ойындарда да, тура осындай құлшыныспен және зал толы көрермендердің қолдауымен көсіле сілтейміз деген үміттемін. Біз үшін өте маңызды және ойыншыларымыз сезіне білетін осындай қызу қолдау жігіттерімізді жігерлендіре түседі.
«Енисей» клубының бас бапкері – Олег Окулов:
— «Астана» командасын бүгінгі жеңісімен және плей-офф додасына шығуымен құттықтаймын.
Елорда командасы келесі ойындарын өз алаңында өткізеді. 23 және 24 сәуір күндері Эмиль Райковичтің шәкірттері Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдап, Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында додаға түседі.
Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін 27 сәуір күні «Астана» Санкт-Петербургте «Зенит» клубымен өткізеді. Бұл елорда баскетболшылары үшін аталмыш лиганың жыл сайынғы маусымы аясындағы соңғы ойын болады.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.