Ресейдің ЦСКА командасы өз алаңында қазақтың «Астанасын» жеңді – 91:72 (21:19, 24:15, 18:18, 28:20).
Көшбасындағы 1-ші орынды сақтап қалуға тырысқан ЦСКА (21-4) чемпионаттың негізгі бөлігіндегі соңғы ойынын өткізді. «Астана» (14-8) бұл ойынға шықанда, 5-ші орында тұрған. Нұр-Сұлтан клубы екінші кезеңнің ортасына дейін дес берген жоқ. Алайда Уилл Клайберн 30 секундқа да жетпейтін уақыт аралығында 5 ұпай еншілеп, жазасын өтеп келген Кайл Хайнс есеп айырмасын ұлғайта түсті (37:27). Алмастырып ойыншылары өте көп әскерилер клубы шығыршықтан қайтқан допты қағып алуда басымдық танытты (22-16) және қателері де аз болды (3-6). Командалар үзіліске шықанда, есеп 45:34 болып, ЦСКА қара үзіп кетті.
Ойынның екінші жартысында «Астана» бірнеше рет есеп айырмасын бір таңбалы санға дейін қысқартты (49:58, 54:63, 57:65), бірақ одан әріге ЦСКА ешқандай мүмкіндік бермеді. Төртінші кезең басталған бетте Никита Курбанов допты шығыршыққа дәл түсіріп, ұпай айырмасын қайтадан екі таңбалы санға жеткізді (70:57). Бұдан кейін олар ойын тізгінін уыстарынан шығармай, ірі есеппен жеңіске жетті.
Мәскеуліктер ВТБ лигасының негізгі бөлігін 22-4 нәтижесімен аяқтады. Әрі дәл қазір 1-ші орында тұр. Бірақ УНИКС (18-4) қуып жетіп, көрсеткіштері теңессе, қосымша көрсеткіштері бойынша қазандықтардан төмен орналасады.
Ең көп ұпай еншілегендер:
- ЦСКА: Кайл Хайнс (18), Дэниэл Хэккетт (16), Никита Курбанов (13 + 5 рет доп қағып алды).
- «Астана»: Джей Джей О’Брайен (25), Джеффри Гросселл (12 + 7 рет доп қағып алды), Энтони Клеммонс (10 + 6 пас).
ЦСКА клубының бас бапкері Димитрис Итудис:
— Біріншіден, команданы құттықтаймын. Біз бұл ойынға өте маңызды матч ретінде қарадық, оны ойын нәтижесі де дәлелдеп тұр. Біз бүгін үздік шықтық, ойын тізгінін уысымыздан шығарған жоқпыз, жеңіске лайық болдық. Сегіз күнде төрт ойын өткіздік, оның біреуін түзде ойнадық. Әрі жүз пайыздық нәтижеге қол жеткіздік. Ойын уақытын бәріне тең бөлдік, әрқайсысы өз үлесін қосты. Бүгін алаңда ең көп ойнаған Никита Курбанов болды – 24 минут. Жалпы, өткен ойындарда да ешкім 24-25 минуттан артық ойнаған жоқ. Біз енді плей-оффқа дайындаламыз. Бүгін бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс білдіргім келеді. Сондай-ақ плей-оффқа лайық команда екенін көрсете білген «Астанаға» сәттілік тілеймін.
«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— ЦСКА командасын құттықтаймын. Олар жеңіске лайық ойын үлгісін көрсетті. Қарсыласымыз өзінің деңгейі мен атлетизмін көрсетті. Біз бетпе-бет келгенде, көбісінде есе жіберіп алдық. Әрі алмастырып ойнайтын жігіттеріміз аз болып, бұл да септігін тигізді. Бұл жеңілістің ешқандай әбестігі жоқ. Біз үшін алдағы үш ойын маңызды болады. Қарсыластарымыз да азулы командалар – «Локомотив» пен «Енисейді» үйде қабылдап, «Зенитпен» түзде ойнаймыз. Осы ойындарда өз шеберлігімізді көрсетуіміз керек.
Елорда баскетболшылары келесі ойындарын өз алаңында өткізіп, 15 сәуір күні – «Лококмотив Кубань» клубымен және
21 сәуірде – «Енисей» командасымен кездеседі. Бұл «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатының биылғы маусымда өз алаңында өткізетін соңғы ойындары болады.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.