«Астана» Президенттік баскетбол клубы – Қазақстан кубогының жеті дүркін жеңімпазы
«Астана» Президенттік баскетбол клубы – Қазақстан кубогының жеті дүркін жеңімпазы
07.04.2019, 08:00 Оқылғаны: 1245
Дереккөз: ҰБФ ҚР
Автор: Игорь Свирипа
Алматыда 2019 жылғы ерлер арасындағы Қазақстан кубогы додасы аяқталып, бәс бәйгені елорданың «Астана» клубы жеңіп алды. Күміс жүлдені Қостанайдың иемденіп, үшінші орын үшін өткен матчта Атырау облысының командасы Көкшенің «Синегорье» клубынан басым түсті.
Қазақстан кубогы додасының соңғы матчында алаң иелері, яғни «Алматы Легионы» командасы «Астана» клубымен кездесті. Бұл ойын қалай аяқталса да, турнир кестесіне ешқандай өзгеріс енгізе алмас еді. Себебі бұған дейінгі ойындардың қорытындысы бойынша «Астананы» енді ешбір клуб қуып жете алмайтын болып, алматылықтар соңғы орыннан жоғары көтеріле алмайтын болған. Елорда командасы матч басталған бетте алға шығып, есеп айырмасын біртіндеп ұлғайта берді. Алғашқы 10 минуттан соң алматылықтар 8 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Екінші кезеңде «Астана» көсіле сілтей алмады. Небәрі 15 ұпай ғана еншіледі. Ал «легиондардың» ойыны мүлдем үйлеспей қойды. Олар бар болғаны 6 ұпай еншілеп, есеп айырмасына тағы да 9 ұпай қосылды. Сөйтіп, матчтың бірінші жартысында екі есе алшақтықпен ұтылды – 17:34.
Үшінші кезеңде ойын біршама «көңілді» өтті. Командалар белсенділік танытып, ұпай қорларын молайта түсті. Әйтсе де, қонақтар басымдық танытып, есеп айырмасын 11 ұпайға алшақтата түсті. Ал үш кезеңнің қорытындысы бойынша 28 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Соңғы кезең ресмилік түрде ғана өтті. «Алматы Легионы» есеп айырмасын сәлде болса, қысқартқан болды. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді – 62:84.
Маңызды сәт: «Астана» бірінші минуттан бастап ойын тізгінін өз қолына алып, матчтың басынан аяғына дейін басымдық танытты. Әрі айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Үздік ойыншылар: Вадим Коржов «Алматы легионы» сапындағы ең тиімді ойыншы болды – 14 ұпай, 2 рет доп қағып алды, 6 пас және 2 рет допты қағып әкеттті. Ал «Астана» сапында бүгін Александр Жигулин үздік шықты – 18 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 4 пас.
Бүгінгі, соңғы ойыннан кейін, бірден командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Ел кубогын өткізу туралы Ережеге сай «Астана» командасына «2019 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы» атағы берілді. Команда капитаны Рустам Ерғали турнирдің бас бәйгесін төбесіне көтеріп, елорда баскетболшылары мен жаттықтырушылары құрамы түгелдей арнайы дипломмен және алтын медальмен марапатталды. Қостанайдың «Тобылы» екінші орынға ие болып, оларға күміс медаль жиынтығы табыс етілді. Ал жүлделі үшінші орынға Атырау облысының командасы ие болды.
Жүлделі орындарға ие болған командаларды марапаттаудан бөлек, ел кубогының 5 үздік ойыншысы анықталды:
#11 Антон Быков — «Тобыл», Қостанай
#24 Дмитрий Гаврилов — «Астана», Нұр-Сұлтан
#10 Роберт Пан — «Тобыл», Қостанай
#8 Владимир Иванов — Атырау облысы
#10 Рустам Мырзағалиев — «Астана», Нұр-Сұлтан
«Астана» келесі ойынын ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионаты аясында өткізеді. 11 сәуір күні елорда баскетболшылары Мәскеуге аттанып, турнирдің көшбасшысымен, яғни ЦСКА командасымен биылғы маусымда екінші рет додаға түседі.