«Астана» «Парманы» қабылдайды

02.03.2017, 21:10    Оқылғаны: 990
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбі күні, 5 наурызда «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өткізіп, Пермь қаласының «Парма» командасын қабылдайды.

Елорда баскетбол клубы ұзаққа созылған «ақпандағы сапарларын» аяқтап, енді үйдегі ойындарын өткізуге кірісті. Бірақ астаналықтар үйде де көп ойнамайды. Жексенбідегі матчтан соң команда Қазақстан кубогы додасына қатысу үшін Алматыға аттанады.

Алдағы матчқа тоқталар болсақ, Пермь клубы ресми түрде 2012 жылы құрылған. «Парма» биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай додасына алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейін Ресей чемпионатының Суперлигасында ойнаған. Былтыр осы лигада Ресей чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Қараша айында астаналықтар «Парма» клубымен түзде кездескен. Сол ойында біздің баскетболшыларымыз 65:82 есебімен басымдық танытқан болатын.

«Астана» баскетбол клубының бас бапкері Илиас Папатеодору әдеттегідей алдағы матч дайындығының қалай өтіп жатқандығын баяндады:
– Түздегі өте маңызды екі жеңістен соң біз үйге оралып, өз жанкүйерлеріміз алдында ойнаймыз. Біз матчтың басынан бастап батылырақ ойнауымыз керек. Бұл кездесу де біз үшін маңызды ойын, жігіттер жеңіске жетуді мақсат тұтып отыр.

Матч 5 наурыз күні «Сарыарқа» республикалық велотрегі залында өтеді. Басталуы, Астана уақытымен – 16:00-де. Кіру тегін! Сіздер матч трансляциясын тікелей эфирде Kazsport телеарнасынан және ВТБ бірыңғай лигасы сайтынан көре аласыздар.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»