«Астананың» үш жеңілістен кейінгі жеңісі
Қазақтың «Астанасы» өз алаңында Латвияның VEF клубынан басым түсті – 90:77 (25:20, 24:16, 15:24, 26:17).
«Астана» Джей Джей О`Брайеннің алыстан лақтырған екі добының арқасында, бірінші минуттан бастап ойын тізгінін өз қолына алды. Алаң иелері шабуылда өздерін еркін сезінді: О`Брайеннің алыстан дөп түсірген тағы бір добы, Стивен Холттың нәтижелі қос шабуылы және екі шығыршық түбінде де басымдық танытулары («екінші мүмкіндіктен» 8 ұпай) сары-көк жейделілерге 10 ұпай айырмасымен алға озуға мүмкіншілік берді. Есеп – 23:13.
Ригалықтар Эндрю Эндрюстың көсіле сілтеуінің және «алыптарын» ойынға белсенді түрде қоса білулерінің арқасында есепті қысқарта бастады. Бірақ «Астананың» бұған да жауабы дайын болды. Қиын-қыстау кезеңде көшбасшы міндетін Майкл Дженкинс өзіне алды. Қорғаушы екінші кезеңде 13 ұпай еншілеп, алаң иелерінің қайтадан алға озуына ықпал етті – 49:36.
Үшінші кезең VEF-тің құйындай ұйытқып соғуымен басталды – 6:0. Мұны Стив Зак пен Джабриль Дюрэм ұйымдастырды. Қонақтардың өздеріне деген сенімділіктері арта түсіп, қарқындарын үдете түсті. Олар осы 10-минуттықта бастан-аяқ есепті мейілінше қысқарта түсті. Тіпті қайсыбір сәтте бір ғана соққы айырмасына дейін жақындай түсті – 60:62.
Алайда төртінші кезеңнің басында алаң иелері шешуші соққы бере алды. Хортон, Холт және Жигулин үшеуінің сәтті аяқтаған шабуылдарының арқасында елордалықтар екіпіндей түсті – 7:0, әрі «Астана» тағы да екі таңбалы сан айырмасымен алға озды – 71:60. Ригалықтар Стив Зактың жанкештілігінің арқасында камбэк жасауға тырысты, бірақ оның да орайы келмеді. Сары-көк жейделілер ойын тізгінін уыстарында берік ұстап, қарсыласының емін-еркін шабуыл ұйымдастыруына мүмкіндік бермей, өздерінің көшбасшыларының техникалық шеберліктерінің арқасында есепті одан әрі ұлғайта түсті. Матчтың соңғы минуттары алаң иелерінің көсіле сілтеуіне ұласып, олар бір-біріне іркес-тіркес үш жеңілістен кейін жеңіске жетті.
Ең көп ұпай еншілегендер:
- «Астана»: Стивен Холт (22 + 6 рет допты қағып алды + 3 рет допты «қиып» әкетті), Майкл Дженкинс (21 + 6 пас), Джей Джей О`Брайен (14 + 6 пас), Джеффри Гросселл (14).
- VEF: Стив Зак (21 + 14 рет допты қағып алды), Эндрю Эндрюс (17), Марекс Мейерис (13), Артурс Аусейс (11 + 5 пас).
Үздік ойыншы: Биылғы маусымда Стивен Холт көбінесе Энтони Клеммонстың көлеңкесінде қалып қойып жүретін. Ал бұл ойында команда көшбасшысының алаңға шыға алмауы, Холттың өз талантын барынша паш етуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп қорғаушы команда қоржынына ұпай салудан да (22), тиімділігі жағынан да (29) және допты қағып әкетуден де (3) үздік шықты. Сондай-ақ Америка баскетболшысы 6 рет допты қағып алып, 3 нәтижелі пас берді.
Сан: 8 — «Астананың» биылғы маусымдағы жеңістерінің саны. Былтырғы маусымның басынан аяғына дейін команда 7 рет қана жеңіске жеткен болатын.
«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Бұл біз үшін өте маңызды жеңіс болды. Өткен матчта біз УНИКС клубына ойынның ең соңында ғана есе жіберіп алғанбыз. Сәл-пәл ғана жетпей сүрінген едік. Бүгін команда көшбасшысы Клеммонс болған жоқ, сондықтан бұл жеңістің маңыздылығы – екі есе жоғары. Баршаңызды құттықтаймын.
VEF клубының бас бапкері Янис Гайлитис:
— Бүгін біз ойынды өте сылбыр бастадық. Әрине, біз «Астананы» мейілінше талдағанбыз, әрі қалай ойнайтынын да білгенбіз. Бірақ бізге қажымас қайсарлық жетіспеді, тым мұқият ойнай алмадық. Бүгін қатты шаршап жүргеніміз білініп қалды, шабуылда идея мен әртүрлілік болмады.
«Астана» келесі ойынын түзде өткізеді. 2 ақпан күні елорда баскетболшылары Саратовтың «Автодор» клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясында кездеседі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.