Энтони Клеммонс – ВТБ лигасының желтоқсандағы ең үздік ойыншысы

04.01.2019, 18:00    Оқылғаны: 1276
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақстандық «Астана» клубының қорғаушысы Энтони Клеммонс биылғы маусымдағы ВТБ Бірыңғай лигасы додасының үшінші айының, яғни желтоқсандағы ойындарының қорытындысы бойынша MVP болып танылды.
 
Соңғы рет «Астана» клубының ойыншысы ВТБ лигасында, осыдан төрт жыл бұрын MVP болып танылған-ды. Нақтырақ айтқанда, 2014/15 жылдар маусымында орталық шептегі Рашид Махалбашич бір айдың ең үздік ойыншысы атанған.  

«Ең бағалы ойыншы» жүлдесін тағайындаушы – «АЛРОСА», яғни алмаз өндірушілер саласының әлемдік көшбасшысы және Ресейдің гауһар өндіретін жетекші компаниясы. Ең бағалы ойыншы – өз кезегінде, ойынның барлық элементтеріне қойылатын ең жоғарғы талаптарына сай теңдессіз гауһар. Жүлденің ақпарттық серіктесі – ТАСС агенттігі.
        
Желтоқсандағы MVP жүлдесі бәйгесінде Клеммонс «Автодордың» орталық ойыншысы Артем Забелин мен «Нижний Новгород» клубының қорғаушысы Кендрик Перри сынды қас шеберлерден асып түсті.

 
«Астана» желтоқсан айында үш ойын өткізіп, орта есеппен «+21» ұпай айырмасымен, үшеуінде де жеңіске жетті («Локомотив-Кубань», «Калев» және «Автодор» клубтарынан басым түсті). Әрі турнир кестесінде алғаш рет төртінші орынға көтеріліп, өзіндік рекорд орнатты.

Америкалық Энтони Клеммонс – «Астанның» көшбасшысы. Желтоқсанда орта есеппен әр ойында 22,0 ұпай еншілеп (үш ұпайлық қашықтықтан 45 пайыз соққысын дәл түсіріп); 7,0 рет допты қағып әкетіп; 5,7 мәрте пас беріп, қимыл-әрекеттерінің тиімділігі үшін 22,7 балл еншілеп отырды.

 
Өткен айдағы ең маңызды матчта, яғни «Локомотив-Кубань» клубымен додаға түскенде (90:71), Клеммонс команда қоржынына ұпай салудан осы маусымдағы өз рекордын орнатты (30) және өз клубының Краснодарда тұңғыш рет жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.
 

Энтони Клеммонстың пікірі:
— Желтоқсандағы MVP жүлдесі – мен үшін нағыз Ақ бата! Мен өз серіктеріме және жаттықтырушылар құрамына дән ризамын. Өйткені, олар болмаса, ештеңеге қол жеткізе алмас едім. Жазда мен көп жаттығып, осындай мәртебеге лайық болу үшін шүмектетіп тер төктім. Ал оның бәрі зая кеткен жоқ. Бұл тек бастамасы ғана екеніне сенімдімін, мен өз командамның жаңа жеңістерге қол жеткізе беруіне көмектесе аламын.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»