«Астана» Саратовты сан соқтырды

26.02.2017, 10:00    Оқылғаны: 993
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақтың «Астанасы» түзде Ресейдің «Автодор» клубынан басым түсті – 79:78 (24:22, 19:9, 21:28, 15:19).

Ойынның бірінші ширек бөлігі тең дәрежеде өтіп, екіншісі басталған бетте «Астана» көсіле сілтеді – 9:0. Ник Миннерат допты діттеген жеріне дөп түсірген соң «Автодор» өзіне-өзі келгендей еді. Бірақ Йан Миллер қатарынан 7 ұпай еншілеп, қазақстандықтар үлкен үзіліске дейін ұпай айырмасын ұстап тұра алды – 43:31. Командалар алаңдағы орындарымен ауысқаннан кейін Миннерат пен Джош Адамс ұпай айырмасын қысқартуға белсене кірісті. Саратов баскетболшылары өздеріне тән ойын үлгісін көрсетіп, матчтың үшінші ширек бөлігінде 28 ұпай еншіледі. Сөйтіп, ұпай айырмасын «–5»-ке дейін қысқартты.

Миллер мен Родерик Одомның алыстан лақтырған доптары да «Астананың» қайтадан қара үзіп кетуіне жетпеді: волгалықтар ұжымдық ойын үлгісінің арқасында қуып жетуге де айналды. Ойынның аяғы мейілінше қыза түсті. Матчтың аяқталуына 40 секунд қалғанда, Саратов жанкүйерлері дүр сілкінді. Алаң иелерінің капитаны Сергей Быков қиындықпен қарсыластарының қорғанысын бұзып өтіп, есепті теңестірді – 77:77. Қарсы шабуылда Йан Миллер мүлт кетті, енді бәрі де «Автодордың» қолында еді. Ник Миннерат кері ұшқан допты қақшып алды, бірақ қарсы команда ойыншылары тактикалық тұрғыда ереже бұзды. Екі айып соққысының біреуі ғана дөп түсті. Бұл «Астана» үшін тамаша мүмкіндік болатын. Қонақтар оны ұтымды пайдалана білді. Милер тағы мүлт кеткенімен, алаң иелерінің оймақторынан қайтқан допты Леонидас Каселакис қағып алып, «Астананы» алға шығарды – 78:79. Матчтың аяқталуына небәрі 7 секунд қалған болатын. Бұл уақыт «Автодордың» жеңісті “тартып” алуларына жетпеді. Олар тайм-аут алып, жоспар құрғандарымен, доптан айырылып қалды. Сөйтіп, жеңіліске ұшырады. «Астана» осы жеңісінің арқасында плей-оффта бақ сынауға құқық беретін аймақтағы орынға жайғасып, негізгі бәсекелестерінен алшақтай түсті.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Автодор»: Николас Миннерат (23 + 8 рет доп қақшып алды), Винс Хантер (17), Евгений Колесников (12), Джош Адамс (12), Сергей Быков (11 + 8 пас).

«Астана»: Иан Миллер (24), Роберт Лоури (18), Леонидас Каселакис (12 + 7 пас).

«Автодор» БК бас бапкері, Владимир Анциферов:
— Өте шиеленісті матч. Біз жеңіске жетеміз деп шыққанбыз, әрі ұтылмауымыз керек еді. Өкінішке қарай, баз біреулер “жанып” кетті, енді біреулер өз мүмкіндігін толық көрсете алмады. Мұны аяқсыз қалдырмаймыз. Ойынның екінші жартысында тізгінді өз қолымызға алып, қуып жеттік. Бірақ қарсыластарымыз өздерінің өрнекті ойын үлгілерімен біздің аптығымызды басты. Соңғы секундтарда бір ұпай айырмасымен ұтылу – намысыңа тиіп, өзегіңді өртеу. Бірақ біздің алға жылжи беруіміз керек. Бүгін жолымыз болмады. Өзіміздің жылдам ойынымызды қайта тауып алу керек. Өкінішке қарай, біз соны жоғалтып алдық. Қолдау көрсеткен көрермендерге алғысым – шексіз.

«Астана» ПБК бас бапкері, Илиас Папатеодору:
— Біз бүгінгі жеңіске лайық болдық деп ойлаймын. Ойынды басынан аяғына дейін бағамдап отырдық. Біз ойынның екінші жартысында «Автодордың» дәл осылай қыспаққа алатынын да болжап білдік. Менің ойымша, «Автодор» – шабуылдаудан ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең үздік командалардың бірі. Бүгінгі біздің жалғыз ғана ағаттығымыз, оларға бірнеше рет тез шабуыл ұйымдастырып, оңай ұпай олжалауға мүмкіндік беріп қойдық. Осыдан кейін олар жігерленіп, маңызды үш ұпайлық соққыларын дөп түсіре алды. Бірақ біз бұған да дайын болып шықтық. Асып-саспай, сабырлық танытып, соңғы соққымен өзімізге өте маңызды жеңіске қол жеткіздік. Өз ойыншыларымды құттықтаймын.
 
«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізеді, 5 наурыз күні елордалықтар ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Ресейдің «Парма» баскетбол клубын қабылдайды.иги ВТБ.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»