Бұл матч екі команда үшін де ВТБ лигасының негізгі додасындағы өте маңызды ойын еді. Екі команданың да жеңіске деген жігерліктері адам қызығарлықтай болды. Абырой болғанда, сәті түсіп, алаң иелерінің бақтары жанды.
«Астананың» алғашқы бестігі: Энтони Клеммонс, Максим Марчук, Джей Джей О'Брайен, Джеффри Гросселл, Кеннет Хортон.
Доп ойынға қосылған бетте оны астаналықтар іліп әкетіп, қонақтарының шығыршығын нысанаға алумен болды. Алайда есепті тек үшінші мүмкіндіктерінде ашты. «Автодор» баскетболшылары да қарап қалмай, астаналықтардың шығыршығын дәл көздеді. Бірінші кезең осылай тепе-тең дәрежеде өтті. Алайда осы онминуттықтың соңында қонақтар доға сыртынан екі соққыларын мүлтіксіз орындап, +6 ұпай айырмасымен алға шығып кетті. Райковичтің командасы бір минуттық үзіліс алды. Тайм-ауттан кейін астаналықтар белсенділік танытып, ширақ қимылдады. Бірақ қателіктер де жіберіп алып, қонақтар оны қалт жіберген жоқ. Осылай, бірінші кезең 14:20 есебімен аяқталып, Саратов клубы алда тұрды.
Екінші кезеңде астаналықтар ескертуді көп алмас үшін мейілінше мұқият ойнауға тырысып, ойын тізгінін уыстарынан шығарып алмауды да ойлады. Ал қонақтар айылдарын жияр емес, шабуылдарын сәтті аяқтап, есеп айырмасын +10 ұпайға жеткізді. Ойынның осы ширек бөлігінің соңында астаналықтар бірнеше соққыларын дөп түсіріп, есеп айымасын – 4 ұпайға дейін қысқартты. Алайда, «Астана» қанша тырысқанымен, волгалықтарды қуып жете алмады. Бұл кезеңде де қонақтар басым түсті – 34:45.
Үлкен үзілістен Эмиль Райковичтің шәкірттері көсіле сілтеді. Астаналықтар 5 минуттың ішінде есеп айырмасын – 6 ұпайға дейін қысқартып үлгерді. Үшінші онминуттық шектен тыс шиеленісті өтіп, бетбұрысты болып шықты. «Астана» баскетболшылары матчың осы ширек бөлігінде қайсарлық танытып, қонақтарын қуып жетуге айналды – 56:62.
Соңғы кезең бәрін де орын-орнына қойды. Астаналықтар үшінші минутта есепті теңестіріп (65:65), ойын тізгінін өз қолдарына алды. Әйткенмен, матчтың негізгі уақытында жеңімпаз анықталған жоқ. Алаң иелері ойынды овертаймға созды. Ал қосымша бесминуттықта «Астана» баскетболшылары құйындай орап соғып, қонақтарына ешқандай да мүмкіндік берген жоқ.
Матч «Астана» клубының жеңісімен аяқталды. Есеп – 100:83. Команданы түгелдей ВТБ лигасындағы жетінші жеңісімен құттықтаймыз.
Ең көп ұпай еншілегендер:
- «Астана»: Джеффри Гросселл (26 + 8 рет доп қағып алды), Энтони Клеммонс (24 + 5 рет доп қағып алды + 9 пас), Кеннет Хортон (19 + 7 рет доп қағып алды), Майкл Дженкинс (15 + 5 пас), Стивен Холт (10 + 6 рет доп қағып алды)
- «Автодор»: Тре Голден (19 + 11 пас), Дэвид Кравиш (16 + 8 рет доп қағып алды), Энтони Айрлэнд (13), Борис Савович (10), Перрин Бьюфорд (9 + 11 рет доп қағып алды)
«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Бірінші кезекте, мен екі командаға да алғыс білдіргім келеді. Өйткені ойын өте тартысты өтіп, овертаймға ұласты. Біз бірінші кезекте жанкештілік танытып, қайсарлықтың үлгісін көрсете білгеніміздің арқасында жеңіске жеттік. Басында ойынымыз үйлеспей қойды, сондықтан үнемі өзіміздің ойын ырғағымызды табуға тырысумен болдық. Ақыр соңында таптық. Бұл жеңіс – жаңа жылдық мерекелер қарсаңында біз үшін өте маңызды. Біз үзіліске көтеріңкі көңіл-күймен шығамыз.
«Автодор» клубының бас бапкері Душан Алимпиевич:
— Бәрінен бұрын, «Астана» мен оның бас бапкерін құттықтағым келеді. Биылғы маусымда команда өте сапалы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Бұл олар үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Біз ойынның екінші бөлігін тым нашар өткіздік. Біріншісімен салыстырғанда, бір деңгейде болған жоқ. Матчтың алғашқы екі ширек бөлігінде сауатты түрде қорғана білдік. Бірақ бізге бәрін талқылап, қайтадан көріп шығып, үлкен үзілістен кейін не болғанын саралау қажет.
«Астана» келесі ойынын енді Жаңа жыл мерекесінен кейін өткзеді. 6 қаңтар күні елорда баскетболшылары Нижний Новгородқа барып, онда осы қаланың өзі аттас баскетбол клубымен ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионаты аясында додаға түседі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері
Доп додалары бөлімінде жарияланған.