«Астана» Саратовқа сапар шекті

24.02.2017, 15:00    Оқылғаны: 1301
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
«Астана» баскетбол клубы Ресей қалаларындағы сапарын одан әрі жалғастырып, бұл жолы шежіресі мол Саратов қаласына тоқтайды. Ертең, яғни 25 ақпан күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында елорда клубы Саратовтың жергілікті «Автодор» командасымен кездеседі.
 
«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы үйдегі алғашқы ойынын дәл осы командамен өткізіп, шектен тыс тартысты өткен матчта жеңісті “жұлып” алып, 83:78 есебімен басым түскен болатын.

«Автодор» командасы дәл қазір ВТБ Бірыңғай лигасында 9-орынды иеленіп тұр. Саратов баскетболшылары 5 рет жеңіске жетіп, 11 ойында жеңілістің кермек дәмін татты. Плей-оффта бақ сынау құқығына қол жеткізу үшін біздің командаға осы ойында жеңіске жетіп, үздік сегіздікке мейілінше жайғасу керек. Әрине, бұл ойында жеңіске жету оңай болмайды. Бұл айда «Астананың» ойындары іркес-тіркес өтіп, біршама титықтатты. Әйтсе де, елордалықтар сенімді ақтауға бекініп отыр.

Әдеттегідей, матч қарсаңында «Астана» клубының бас бапкері Илиас Папатеодору алдағы ойын туралы өз ойын ортаға салды:
 - «Автодор» командасы өте азулы ұжым, олар өз алаңында жақсы ойнайды, жеңісті қолдан бермейді. Бұл клубта деңгейі жоғары ойыншылар көп, олар бір ойында 100 ұпайды қиналмай соға алады. Бізге жеңіске жету үшін, қорғаныста мұқият болу керек, оймақтордан кері серпілген допты қағып алуға тырысу керек. Егер осыларды орындап, қырағылық танытсақ, онда жеңіске жетуге мүмкіндік те болады.

Сіздер матч трансляциясын сенбі күні, 25 ақпанда, Астана уақытымен 21:00-да «Қазспорт» телеарнасынан, сондай-ақ ВТБ Бірыңғай лигасы сайтынан
көре аласыздар.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»