«Астана» Шведті тоқтатудың амалын таппады
Ресейдің «Химки» клубы қазақтың «Астанасы» түзде тізе бүктірді – 76:67 (17:15, 23:13, 21:21, 15:18).
«Химки» биылғы маусымды өте жоғары қарқында бастап, бес ойынның бесеуінде де жеңіске жеткен еді. Алайда «Астананың» да аяқ алысы жаман емес болатын – 3-1. Ойын да екінші кезеңнің жартысына дейін тепе-тең дәрежеде өрбіді. Алайда матчтың осы ширек бөлігінде қонақтар қарқындарын үдетіп, ұпай айырмасын ұлғайта бастады. Химкиліктер сапында Андрей Зубков ойынға сәтті қосылып, нәтижелі ойын үлгісін көрсетті (8 ұпай, ойын барысындағы 5 мүмкіндігінің 4-еуін мүлтіксз орындады), сондай-ақ алыстан лақтырған соққылары дөп түсе бастады. Егер Қазақстан клубының ойыншылары матчтың бірінші жартысында 12 үш ұпайлық мүмкіндіктерінің біреуін ғана шығыршыққа дөп түсірсе, ресейліктер екінші кезеңнің аяғында «нысананы» алыстан үш рет дәл көздеді. Сөйтіп, серпіліс жасады – 10:0, ал 20 минуттан кейінгі есеп – 40:28. Матчтың үшінші ширек бөлігіндегі «Астананың» есепті қысқартуға тырысқан барлық талпынысын Алексей Швед 12 ұпай еншілеп, жоққа шығарды (49:61).
«Астана» матч соңына дейін тайталасты, тіпті ойын біткенше қонақтарының босаңсуына мүмкіндік берген жоқ. Майкл Дженкинстің алыстан дөп түсірген доптарынан кейін, яғни кездесудің аяқталуына 3 минут қалғанда, алаң иелері есепті 5 ұпайға дейін қысқартты (67:72). Бірақ химкиліктер Қазақстан чемпионына бұдан артық ешқандай мүмкіншілік бермеді. Мәскеу облысынан келген клуб Швед – Малкольм Томас орындауындағы тамаша пик-н-роллмен және Вячеслав Зайцевтің нәтижелі шабуылымен жауап берді. Әрі қорғаныста өте сауатты ойнап, матч соңында «Астанаға» бірде-бір ұпай еншілеуге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, «Химки» «Астанадан» былтыр «Сарыарқа» аренасында ұтылып қалған жеңілісінің есесін қайтарып, ЦСКА баскетболшыларымен бірінші орынды бөлісуін одан әрі жалғастырды.
Ең көп ұпай еншілегендер:
- «Астана»: Александр Жигулин (14 + 7 рет доп қақшып алды), Джей Джей О’Брайен (12 + 5 рет доп қақшып алды), Энтони Клеммонс (11 + 7 рет доп қақшып алды + 6 пас).
- «Химки»: Алексей Швед (28 + 5 пас), Малькольм Томас (8 + 8 рет доп қақшып алды), Энтони Гилл (8 + 6 рет доп қақшып алды).
«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Мен өз жігіттерімді мақтан тұтамын. Клеммонс, біздің көшбасшымыз, АҚШ-тан келе сала, спорттық бабына әлі келе қоймаса да, алаңға шығуға мәжбүр болды. Содан болар, ол өзінің барлық мүмкіндігін толық көрсете алмады. Қалған жігіттерімізді де құттықтаймын, олар ештеңеге қарамай, моральді рухтарының жоғары екендігін көрсетті. Гроссель жарақаттанып қалғаннан кейін біз ойыншы алмастарған жоқпыз. Жігіттер аянған жоқ, бар күш-жігерлерін салды. Біз «Химкимен» лайықты деңгейде тайталастық. Бүгін жоғары деңгейлі ойын өрнегін көрсеттік. «Химкиді» жеңісімен құттықтаймыз. Әрі келесі «Нижний Новгород» клубымен болатын ойынды тағатсыз күтеміз.
«Химкидің» бас бапкері Георгиос Барцокас:
— Біз үшін өте маңызды жеңіс. «Астана» осы ойынға дейін үш рет қатарынан жеңіске жетіп, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Биыл олар білікті бапкермен азулы команда жасақтап шығарды. Бізге бұл матчта жеңіске жету үшін мейілінше тиянақты ойнау қажет болды. Бәрі де тура осылай болды: матчты тыңғылықты өткіздік, қорғаныста сауатты ойнадық, «Астананың» сұрмергендері мен ойын үйлестірушілеріне ерекше көңіл аудардық. Бізге бір ғана қиындық туғызған сәт, матчтың төртінші ширек бөлігінде жүзеге асты, «Астана» орталық шептегі ойыншының орнына бойы аласалау шабуылшы шығарып, әрекет етті. Олар бірнеше үш ұпайлық доптар салып, есепті теңестіріп те кете жаздады. Әйтсе де, біз жеңіске жеттік. Бұл – өте маңызды.
«Астана» келесі ойынын да өз алаңында өткізіп, 10 қараша күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Ресейдің «Нижний Новгород» деп аталатын баскетбол клубымен кездеседі. Бұл матчтың билеттері Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.