Антон Пономарев кәсіби мансабын тәмамдады

11.07.2018, 18:00    Оқылғаны: 831
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Мұндай жаңалықты жариялау біздің клубқа мүлде оңай емес: Антон Пономарев – «Астана» көшбасшыларының бірі, сөз жоқ, Қазақстан баскетболы тарихындағы ең үздік және талантты ойыншылардың бірі… кәсіби мансабын тәмамдады.

Антон өзінің игілікті спорттық жолын 2002 жылы елорданың «Астана Тайгерс» командасында бастаған. 2009 жылы ҰБҚ драфтына ұсынылды, 2010 жылы Белградтың «FMP» клубында ойнады, одан кейін маусымның бір бөлігін ресейлік «Спартак» (Приморье) командасында өткізді. 2011 жылы «Астана» ПБК құрылған соң, елорда клубында өнер көрсете бастады. Жалпы алғанда, Антон ВТБ лигасында 145 матч, ал ерлер арасындағы Ұлттық құрама сапында 38 ойын өткізді.

Антонның өз шешімі жөніндегі пікірі:

«Менің мұндай шешім қабылдауымның себебі – жарақат. Соңғы уақытта бұл мені көп мазалап жүр. Баскетболдағы карьерам жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Биыл, спорттың осы түрімен айналысып жүргеніме, толық 20 жыл болады. Мен карьерамды тәмамдаймын, бірақ баскетбол, қандай жағдай болмасын, менің сүйікті ойыным болып қала береді. Енді өзіміздің «Астана» командасының және ұлттық құрамамыздың жанашыр жанкүйері болып қаламын.  

Мұндай шешімге тоқталу, маған оңай болған жоқ. Көп ойландым. Тіпті өткен маусымда осындай ойлар шырмауықтай шырмаған. Маусым аяқталған соң, тағы бір жыл ойнаймын деп ойлағанмын. Бірақ қазір нақты шешім қабылдадым, осымен болды. Мұның ең басты артықшылығы, отбасым мен балаларыма көп уақыт бөлетін боламын. Әрбір маусым отбасыма оңай болған жоқ еді: үнемі түзде жүру және жарақаттар, мұның бәрі күйзелу мен уайымға ұласқан. Сондықтан, әзірше барлық уақытымды тек отбасыма арнаймын. Сондай-ақ, баскетболдан тыс немен айналысатын да ойларым бар. Алайда оларды әзірше әрі ысырып қоямын.    

Валерией Алексейұлы Тихоненкомен бәрін де талқыладық, ол мені мұқият тыңдап, қолдау көрсетті. Біздің қарым-қатынасымыз жақсы, бұл мен үшін өте маңызды. Мен оған борыштымын.
Сонымен қатар, әкемдей болып кеткен, мені баскетболшы ретінде қалыптастырған адамды бөле-жара атап өткім келеді. Ол – Виталий Владимирұлы Стребков. Онсыз мен баскетболды меңгеріп кете алмас едім. Әрине, өзімнің жақын досым, ағам, әріптесім, тұрақты капитанымыз – Рустам Ерғалиға да айтар алғысым шексіз. Екеуіміз отты да, суды да бірге кештік. Әрі барлық достарыма, баскетболшыларға, алғыс білдіремін, бәріне де бауыр басып кеткен едім, әрқайсысымен байланысымыз өте көп. Бәріне де рахмет айтқым келеді. Әрине, клуб сапындағыларға тегістей алғыс білдіремін. Біздің жанкүйерлерімізге, баскетболды сүйетін, біздің клубты жақсы көретін, ұлттық құрамамызға тілеулес болып жүрген адамдарға бөле-жара бас иемін»!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»