ЦСКА деңгейінің жоғары екендігін көрсетті

29.01.2017, 22:30    Оқылғаны: 1302
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің ЦСКА командасы өз алаңында Қазақстанның «Астанасынан» басым түсті – 81:63 (17:13, 19:17, 18:16, 27:17).

«Астана» ойынның төрттен үш бөлігінде ЦСКА клубының дүлей шабуылына төтеп берді. Сары-көк жейделілердің қорғаныстағы тірегі Роберт Лоури болды (6 рет доп қақшып алды – маусымдағы екінші көрсеткіш). Әрі есепті 5-8 ұпай айырмасынан ұлғайтпай, намысты қолдан бермей, тайталасып бақты. Әйтсе де, қосалқы құрамдағы ойыншыларымен жиі алмасып ойнаған әскерилер клубы соңғы 10-минуттықта көсіле шапты. Ал титықтап қалған қазақстандықтар ұжымдық ойын үлгісінен жаңылып, жеке-дара шабуылдауға көшті. Қызыл-көк жейделілер болса, қарқындарын үдетіп, қара үзіп кетті. Шабуылдарын үдеткен кезеңде Никита Курбанов ерекше көзге түсіп, екі жарым минутта 7 ұпай еншіледі. Әрі біреуін көпшілікті тәнті қылып, данк әдісімен орындады. Сөйтіп, ЦСКА бұл матчта «+18» ұпай айырмасымен жеңіске жетіп, турнир кестесінде өзгелерден ұзай түсті.   
 
Ең көп ұпай жинағандар:

ЦСКА: Нандо Де Коло (18), Кори Хиггинс (10), Никита Курбанов (7 + 7 рет доп қақшып алды).

«Астана»: Усман Крубалли (12), Родерик Одом (11), Роберт Лоури (10 + 6 рет доп қақшып алды).

ЦСКА клубының бас бапкері Димитрис Итудис:
— Команданы өте азулы қарсыласынан басым түскен жеңісімен құттықтаймын, биылғы маусымда бұл команда салиқалы ойын өрнегін көрсетіп жүр – ой-мақсаттары айқын, дайындықтары жақсы, «үлкен» ойыншыларын сапалы түрде қолдана біледі, плей-оффқа шығатын мүмкіндіктері бар және бүгін де бізбен тайталасып бақты. Біз қорғаныста жақсы ойнадық, атап өту керек, соңғы ойындарда бірнешеуінде осылай ойнап жүрміз. Біз ұсақ-түйектердің бәріне көңіл бөлеміз және тырысамыз. Шабуылда бұдан да нәтижелі ойнауға болушы еді, бірақ бірнеше рет мүлт кеткенімізді де айта кетуіміз керек. Шабуыл ұйымдастыруға тамаша мүмкіндіктер жасап отырдық, бұл жағынан ойыншыларыма тек қана қол соққым келеді. Өкінішке қарай, доп бүгін оймақторға түспей қойды, тіпті Виталий, Нандо, Дима және Андрей сынды сұрмергендеріміз мүлт кетті. Сонымен қатар, бәсекелестік жоғары Лигада біз бүгін бар болғаны жеті-ақ рет айып соққысын орындадық. Десек те, алты күнің ішінде үшінші рет тамаша жеңіске қол жеткіздік.      

«Астана» БК бас бапкері Илиас Папатеодору:
— Құттықтаймыз, ЦСКА. Біз бұл ойында бастан-аяқ жинақы, тиянақты ойнауға тырыстық. Бірақ ЦСКА – соңғы 10 жылда Еуропадағы ең үздік команда. Әскерилердің ойыншылары нағыз хас шеберлер, алмасып ойнайтын баскетболшылары жетерлік. Бүгін біз кейбір сәттерде тәп-тәуір ойнадық, бірақ қарсыласымыздың өте жоғары қарқынына бүкіл ойын бойы төтеп бера алмадық.

«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізеді, 5 ақпан күні елорда командасы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Эстонияның «Калев» клубын қабылдайды.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»