«Астана» Пермь клубын қабылдайды

24.03.2018, 09:00    Просмотры: 391
Источник: Пресс-служба
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 25 наурыз күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өз алаңында өткізіп, «Парма» баскетбол клубын қабылдайды.
 

Нижний Новгородтағы «триллерден» кейін «Астана» баскетболшылары бірден Пермь клубымен өтетін үйдегі ойынына дайындала бастады.
 
«Парма» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Пермь қаласынан.
 
Жетістіктері:
  • Ресей кубогының иегері – 2015/2016
  • Ресей Суперлигасының қола жүлдегері – 2015/2016

Өткен кездесулер хроникасы:
Пермь клубы үшін бұл – ВТБ лигасындағы екінші маусым. Өзінің алғашқы маусымында «Парма» ең соңғы, яғни 13-орынға табан тіреген болатын. Ал биылғы маусымда Пермь клубы нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, өздеріне қонаққа барған команданың бәрімен тайталасып, дес бермей жүр. Ал «Астанамен» өткізген кездесулеріне тоқталар болсақ, бұған дейін өткен үш ойында да елордалықтар басымдық танытты. Биылғы маусымда екі команда Пермьде кездесіп, аса тартысты өткен ойынның негізгі уақыты тең аяқталып, астаналықтар тек овертаймда жеңіске жеткен болатын. Есеп – 90:84. 
 
Қазіргі жағдай:
Биылғы маусымда «Парма» құрамын біршама өзгертті. Команданың бас бапкері ауысып, Вячеслав Шушаковтың орнына ВТБ лигасына кеңінен танымал, латыш маманы Николайс Мазурс келді. Бұл жаттықтырушы Грузияның «Вита», Саратовтың «Автодор» командаларын жаттықтырған, сонымен қатар, Қазанның УНИКС клубының жаттықтырушылары құрамында еңбек еткен. Өзгеріс команда құрамында да болды. Әрі бұл өзгерістің бәрі «Парма» үшін біршама пайдалы болды деуге де болады.
 
Турнир кестесі:
Пермь клубы қазір 5 жеңіс, 11 жеңіліспен ВТБ лигасының турнир кестесінде 12-орынды иеленіп тұр. Ал «Астана» болса, 6 жеңіс, 11 жеңіліспен 7-орынға орналасқан.

«Астана» БК бас бапкері міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі:
– «Парма» баскетбольный клубы ВТБ лигасында екінші маусым ғана ойнап жүр. Былтыр нағыз аутсайдер болса, биыл мүлдем басқа деңгейде өнер көрсетіп келеді. Олар да плей-офф додасынын үміттерін үзбей, жанталасып жүр. Команда сапынан, бірінші кезекте, үш легионерді бөле-жара атап өткім келеді: Коди Миллер-Макинтайр, Фрэнк Гейнс және Тре МакЛин. Бұл ойыншылар осы команданың ең үздік мергендері және команда қоржынына ұпайларының басым көбісін осы үшеуі салады. «Парма» қорғаныста жанкештілік танытып жүрсе де, мен олардың шабуылда да ширақ қимылдайтындарын атап өткім келеді. Команда қорғаныстан шабуылға тез көшеді, біз осыған дайын болуымыз керек. Егер «Парма» өзінің айып алаңында шығыршықтан қайтқан допты қағып алса немесе допты қақшып әкетсе, олар қарсыласын шапшаң қимылдарымен, жылдам шабуылдарымен жазалайды. Біздің мұратымыздың бірі – олардың осылай қорғаныстан шабуылға тез көшулерін тоқтату және қалай бекініс құратынымызды шешу, америкалық ойын үйлестіруші Коди Миллер-Макинтайрді тоқтата аламыз ба, соны ойластыру. Бұл жігіт ВТБ лигасының биылғы маусымында жарқырап көзге түсіп, көпшілікті тәнті қылды. Ойынға тыңғылықты дайындалып жатырмыз, бұған дейінгі өз алаңымызда өткізген матчтардағыдай ойнап, қарсыласымызды жеңеміз деген сенімім мол.  
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Барыс Арена» мұзайдыны сарайы
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.