Ресейдің «Химки» клубы өз алаңында Қазақстанның «Астанасынан» басым түсті – 83:66 (23:17, 16:17, 21:18, 23:14)
Ойын тартысты басталған. Үшінші 10-минуттықтың ортасында таразы басы тең болатын – 44:44. Бірақ химкиліктердің доға сыртынан «нысананы» үш рет дәл көздеп, алға ұзап кетті. Қонақтар алаң иелерін қуып жетуге тырысты-ақ. Алайда ойынның соңғы ширек бөлігінде «Химки» Алексей Швед, Егор Вяльцев және Робби Хаммел үшеуінің нәтижелі ойындарынан соң 12:2 есебімен тағы да қара үзді. Осыдан соң бұл ойында қай команданың жеңіске жететіндігіне шүбә келтіруге болмай қалды.
Ең көп ұпай жинағандар:
«Химки»: Алексей Швед (23 + 11 пас), Марко Тодорович (15 + 18 рет қайтқан допты қақшып алды), Вячеслав Зайцев (10), Робби Хаммел (10)
«Астана»: Роберт Лоури (18 + 5 пас), Усман Крубалли (10 + 5 д.қ.а), Димитриос Катсивелис (10 + 6 пас)
«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізеді. 21 қаңтар күні елорда командасы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Петербордың «Зенит» клубын қабылдайды.