Раймундо Саргуно Кубогы
Лиеткабелис
Паневежис
Раймундо Саргуно Кубогы, Плей-офф Финал
14.09.2021, 22:00 Сс
Арена: Цидо Арена (Паневежис)
82:71
Негізгі уақыт
Ойын нөмірі:
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» Раймундо Саргуно кубогының күміс жүлдегері атанды

15.09.2021, 01:15    Просмотров: 232
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Литвада жалауы желбіреген, маусым алдындағы Раймундо Саргуно кубогында екінші орынға ие болды. Финалда біздің жігіттер дода қожайынынан, яғни литвалық “Лиеткабелис” командасынан айласын асыра алмады.

Қарсыласымыз бұған дейін Эстония ұжымын, яғни “Парну Садам” командасын тізе бүктіріп, финалға шыққан. Жалпы, “Лиеткабелис” – шежіресі өте бай команда. Сонау 1964 жылы құрылған. Пеневежис қаласының бұл командасы Литва Чемпионатының ең жоғарғы тобында көптен бері ойнап келеді. Соңғы 30 жылда олар бірнеше рет Литваның күміс жүлдегері атанып, екі рет қола медаль иеленді. Әрі үшінші орындарға соңғы екі маусымда ие болды. Соңғы 5 жылда олар Король Миндаугас кубогының үш рет үшінші орынын еншілеп, екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Балтық лигасында “Лиеткабелис” екі мәрте челлендж-кап жеңімпазы атанып, жоғарғы дивизионында бір рет қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, соңғы бес жылда олар тұрақты түрде Еуропа додаларында бақ сынап жүр – ЕуроКубоктарда және Еуропа Чемпиондары лигасында. Бұған дейін “Астана” мен “Лиеткабелис” өз тарихтарында бір рет қана кездескен. Оның өзі 2016 жылы өткен жолдастық кездесу болатын. Онда литвалықтар жеңіске жеткен-тін.



Раймундо Саргуно кубогының бас бәйгесі үшін өткен матч тең дәрежеде басталып, бес минут ойын уақытынан кейін таразы басы тепе-тең болды. Ал бірінші кезең аяқталғанда, «Астана» алда тұрды. Рас, бірақ үш ұпай айырмасымен ғана – 18:21. Екінші кезеңде ойын алма-кезек шабуылға ұласты. Ал есеп айырмасы мүлде өзгерген жоқ, десек те болады. Үлкен үзіліске Дарко Руссоның командасы сол үш ұпай басымдықпен шықты – 38:41. Үзілістен кейін де ойын өрісі соншалықты өзгере қойған жоқ. Үшінші кезеңнің бес минутынан кейін “Астана” «+4» ұпаймен алда тұрды. Өкіншке қарай, үшінші кезеңнің екінші жартысы Қазақстан ұжымы үшін өте сәтсіз болып шықты. Литвалықтар бес минуттың ішінде 14 ұпай еншілеп, біздің жігіттер 4 ұпайды ғана қанағат тұтты. Сары-көкшіл жейделілердің «+4» басымдығы соңғы кезең қарсаңында «–6» ұпайға айналып шыға келді. Бұдан кейін де біздің команданың ойын өрнегі үйлеспей, есепті қысқарта алмады, тіпті қарсыласының қара үзіп кетуіне мүмкіндік беріп қойды. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда біздің жігіттер 8 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әрине, бұл қуып жетуге болатын айырма еді, бірақ бүгінгі матчта жүзеге аспады. Сөйтіп, литвалықтар өз үйіндегі турнирде Қазақстан командасынан басым түсті. Есеп – 82:71.

“Астана” бүгін шығыршық түбінде алаң иелеріне есе жіберумен болып, қайтқан допты қағып алу көрсеткіші 10 допқа кем болды. Оның үстіне, негізінен өз шығыршығы түбінде есе жіберіп отырды. Сондай-ақ, біздің команда доптан да жиі айырылып қалумен болды. Бүгін біздің команда сапында үздік болғандар – Энтони Хикки (18 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 4 ассист), Джайлен Барфорд (17 ұпай және 6 рет доп қағып алды), сондай-ақ Дмитрий Гаврилов (8 ұпай және 6 рет доп қағып алды).


«Астана» КБК маусым алдындағы жолдастық кездесулерінің кестесі мен нәтижелері:

  • 9 қыркүйек — «Juventus», Утена — 58:91
  • 11 қыркүйек — «Labas GAS», Пренай — 62:62
  • 17 қыркүйек — «CBet», Ионава
  • 18 қыркүйек — VEF, Рига

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1964 Клубтық түстері: ақ, қызыл
Мемлекет: Литва Арена: Цидо Арена
Қала: Паневежис Сайт: www.kklietkabelis.lt/

Сипаттамасы