«Астана» баскетбол клубы Қостанай да тағы да жеңіске жетіп, жергілікті «Тобылды» екінші ойында да тізе бүктірді. Әрі турнир кестесінде жеке-дара көш бастады. Кешегі матчта қостанайлықтарды тас-талқан қылған астана ұжымы бүгін де үстемдік танытты. Бүгінгі матчтың хаттамасына, кешегі ойынмен салыстырғанда, Дарко Руссо ешқандай өзгеріс енгізген жоқ.
Скайлар Спенсер ортада лақтырылған допты іліп алып, бірінші шабулымызда-ақ Вадим Щербак екі ұпай еншіледі. Скайлар да іле-шала екі ұпай олжалады. Алаң иелері де көп күттірмей, осы ойындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Бірақ бұл олардың осы кезеңнің бірінші жартысында салған жалқы доптары болып шықты. Ал біздің жігіттер болса, өз шабуылдарын жергілікті жанкүйерлер қызығарлықтай жиілікпен, нәтижелі аяқтап отырды. Спенсер мен Щербак өз мүмкіндіктерін тағы да мүлт жібермей орындап шықты. Сондай-ақ Николай Бажин де екі рет доп салды. Есеп айырмасы екі таңбалы санға жетіп, алаң иелерінің жаттықтырушылары тым ерте тайм-аут сұрауға мәжбүр болды. Кезең ортасында екі команда да шығыршыққа доп сала алмай, дал болды. Содан соң Энтони Хики осы матчта бірінші рет үш ұпайлық соққыны сәтті орындады. Бұдан кейін қостанайлықтар да ұпайсыз ойындарының тамырына балта шауып, нысананы дөп көздей бастады. “Астана” сапында кезең соңына дейін тек америкалықтарымыз доп салды – Хики мен Спенсер. Осылай біздің команда бастапқы он минутта көсіле шауып, басымдық танытты – 10:24. Екінші кезеңді Рустам Мырзағалиев үш ұпайлық дәл соққысымен бастады. Іле-шала Скайлар Спенсер еншімізге екі ұпай қосты. Осыдан кейін біздің ойынымыз да үйлеспей, ұпайсыз іркіліс орнады. Ал алаң иелері есепті аз да болса, қысқарта алды. Бірақ екі таңбалы санға тең басымдық сақталды. Кезеңнің бел ортасында Дмитрий Гаврилов ұпайсыз тыныштықты бұзып, екі рет шабуылымызды сәтті аяқтады. Ізінше, Олег Балашов осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Ал матчтың бірінші жартысы түгесілуге айналғанда, біздің капитанымыз, яғнм Рустам Мырзағалиев мергендік танытты. Жалпы, бұл кезең терезесі тең дәрежеде өтіп, біздің басымдығымыз екі ұпайға ғана өсті – 25:41.
Үлкен үзілістен кейінгі бес минут ойын уақытында “Астана” қоржынына тек легионерлеріміз ғана ұпай қосумен болды. Олар – Скайлар Спенсер, Марк Тихоненко, әсіресе Энтони Хики. Алайда, осы уақыт аралығында “Тобыл” да нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп, әрбір ұпайымызды жауапсыз қалдырған жоқ. Сөйтіп, есеп айырмасы титтей де өзгермей, үшінші кезеңнің ортасында командалар арасын 16 ұпай бөліп тұрды. Ал үшінші кезеңнің аяғына дейін “Тобыл” біздің ұжымға мүлдем ілесе алмай қалды. Қалған бес минутта екі ұпайды ғана қанағат тұтты. Қонақтар сапынан Рустам Мырзағалиев, Энтони Хики, Скайлар Спенсер, Марк Тихоненко және Дмитрий Гаврилов доп салып, үзіліске дейін Максим Марчук осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншісіне жазды. Сөйтіп, тоқ етерін айтқанда, бұл ойында да “Астананың” жеңіске жетері белгілі болды, отыз минут ойын уақытынан кейінгі, таблодағы сандар да бұған дәлел бола аларлықтай болды – 37:66. Төртінші кезеңнің басында тек “Астана” ойыншылары ғана мергендік танытты. Нақтырақ айтқанда, олар – Дмитрий Гаврилов, Марк Тихоненко және Руслан Айтқали. “Тобыл” бұл кезеңдегі алғашқы ұпайларын тек үш минуттан астам уақыт өткеннен кейін ғана еншіледі. Ал бұл кезде есеп айырмасы отыз ұпайдан да асып кеткен болатын. Соңғы кезеңнің ортасында Руслан Айтқали екі рет үш ұпайлық соққысын дөп түсірді, Балашов та доп салып, осы матчтағы алғашқы ұпайларына Роберт Пан да қол жеткізді. Андрей Литвиненко өзінің бүгінгі матчтағы алғашқы ұпайларын ойынның аяқталуына екі жарым минут қалғанда еншіледі. Ал оның үш ұпайлық добынан кейін біздің басымдығымыз қырық ұпайға жетті. Матч соңында командалар екі нәтижелі шабуылдарымен алмасты. Ал бүгінгі ойынның нүктесін алыстан лақтырған дәл соққысымен Марк Тихоненко қойды – 54:94.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Салдары: “Астана” Ұлттық лигада жеке-дара көш бастап, “Тобыл” үшінші орынға сырғыды.
Келесі матч: Біздің жігіттер үйлеріне оралған соң Ұлттық лига аясында, түзде өтетін келесі ойындарына дайындалады. Енді олар Ақтаудың «Каспий» командасына қонаққа барып, 31 қазан мен 1 қарашада екі рет додаға түседі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.