«Астана» баскетбол клубы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынында жоспарлаған жолдастық кездесулерін түгелдей өткізіп, ең соңында Латвияның ВЭФ командасымен додаға түсті.
ВЭФ – шежіресі өте бай команда. Сонау 1958 жылы құрылған. С 58-ші жылдан бастап, 91-ші жылға дейін үнемі деңгейі жоғары додаларға қатысты. Әрі үш рет КСРО чемпионатының қола жүлдегері атанды. 1992 жылы команда таратылды. Содан 15 жыл өткен соң ғана, Рига ұжымы қайтадан алаңға шықты. Бұл 2007 жылы жүзеге асты. ВЭФ өзінің жаңа тарихында 8 мәрте Латвия чемпионы болып, 4 рет күміс жүлдегер атанды. Балтық лигасында Рига командасы 1 рет күміс медаль олжалады – 2010/2011 маусымында. Сонымен қатар, бірнеше мәрте Еуропа кубогында бақ сынады. Әрі екі рет Латыш-Эстон лигасында топ жарды. Дәл қазір Латыш-Эстон лигасының да, Латвия чемпионатының да соңғы чемпионы екенін де ескерте кеткіміз келеді. ВЭФ ВТБ Бірыңғай лигасы құрылғалы бері оның көрігін қыздырған, тұрақты командаларының бірі болатын. Төрт рет ширек финалына дейін жеткен. Бірақ соңғы екі маусымда ригалықтар ВТБ Бірыңғай лигасы додасына қосылған жоқ. Әрі олар алдағы маусымда да қатыспайды. Латыш командасы “Астанамен” 19 рет кездесті. Оның ішінде, 14 ойын ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионаты аясында өтті. Ал 2012/2013 жылдар маусымында тағдыр екеуінің жолын ширек финалда түйістіріп, екі ұжым үш рет додаға түсті. Сондай-ақ, бүгінгі ойынға дейін олар екі рет жолдастық кездесу өткізген болатын, оның соңғысы осыдан екі жыл бұрын өткен. “Астана” мен ВЭФ арасындағы екеуара кездесулердің нәтижелері бойынша латыш ұжымы алда – 11:8.
Кездесу бәсеңдеу қарқында басталып, алаңдағы екі ұжымның шама-шарқы тұрақты деңгейде сақталып тұрды. Екі ұжымның таблодағы көрсеткіштерін қосқанда, ол небәрі 11 ұпайды ғана құрады. Бұл ретте, латыш командасы бар болғаны бір ұпай айырмасымен алда тұрды. Бірінші кезеңнің аяғына қарай екі ұжым да қарқындарын үдете бастады. Әйтсе де, ойын өрісі алма-кезек шабуылға ұласқанымен, бірінші онминуттықтан кейін таразы басы тепе-тең болды – 23:23. Екінші кезеңнің де басы тең дәрежеде өрбіді. Матчтың бел ортасына бес минут қалғанда, екі команда арасын 3 ұпай ғана бөліп тұрды. Алға тағы да латыштар шыққан болатын. Әрі олар ойынның бірінші жартысы аяқталғанша, осы басымдықтарын ұлғайта түсіп, үлкен үзіліске 8 ұпай айырмасымен шықты – 48:40. Он бес минуттық үзілістен кейін де ВЭФ ойын тізгінін уысында ұстап, баяу да болса, баппен “Астанадан” қара үзіп, ұзай бастады. Бес минуттан кейін олар 12 ұпай, ал кезең соңында 16 ұпай айырмасымен алшақтай түсті – 73:57. Мұндай есеп айырмасын қысқартып, есепті теңестіру, мүлде оңай іс емес. “Астана” матчтың аяқталуына бес минут қалғанша, есеп айырмасын 4 ұпайға қысқартты. Бірақ, бұдан да ештеңе өнбеді. Соңғы бес минутта латыштар қамшыны басып, бұл ойында ірі есеппен жеңіске жетті – 95:77.
Ойынның жалпы статистикасын көсеп шығар болсақ, Дарко Руссо шәкірттері тағы да соққыларын шығыршыққа дәл түсіруден жаза басты. Бұл ретте, біздің команда шығыршыққа жақын қашықтықтан көп есе жібере қойған жоқ, ал үшұпайлық соққылар жағынан әлдеқайда қалып қойды. Сонымен қатар, айып сызығынан да мергендік таныта алмады. Бұл көрсеткіш бойынша ВЭФ біздің командадан 10 ұпай артық еншіледі. “Астана” шығыршық түбінде дес бере қойған жоқ. Әрі доп тартып алудан асып түсіп, доптан айырылып қалу көрсеткішінен бір доп қана кем түсті. Джайлен Барфорд тағы да осы матчта ең көп ұпай жинаған ойыншы болды – бұл жолы 27. Ал Энтони Хикки мен Скайлар Спенсер 12 ұпайдан жинап, екеуі де 4 рет доп қағып алды. Әрі Энтони бұл көрсеткіштеріне 5 пас қосып, 2 рет допты тартып алды. Николай Бажин бүгін 6 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды, 2 пас беріп, 2 рет допты тартып алды.
Бұл ойын “Астана” үшін оқу-жаттығу жиыны барысындағы соңғысы болды. Ендігі ойындары ресми түрдегі матчтар болады. Естеріңізге сала кетейік, «Астана» үшін жаңа маусым Ұлттық лига аясында, 26 және 27 қыркүйек күндері «Атыраумен» түзде өтетін, екі ойынмен басталады. Ал ВТБ Бірыңғай лигасында сары-көкшіл жейделілер 4 қазан күні Ресейдің солтүстік астанасында «Зенит» командасымен додаға түсіп, одан кейін «Нижний Новгород» командасына қонаққа барады. Бұл ойын 10 қазанға белгіленген. Біздің жігіттер өз алаңындағы бірінші ойынын, 16 қазанда, Польшаның «Зелена Гура» командасымен өткізеді.
«Астана» КБК маусым алдындағы жолдастық кездесулерінің кестесі мен нәтижелері:
Сонымен қатар, біздің жігіттер 13 және 14 қыркүйек күндері Паневежис қаласында өткен, маусым алдындағы Раймундо Саргуно кубогы додасына қатысып, күміс жүлдеге ие болды. Жартылай финалда олар Латвияның «Ogre» командасын тізе бүктірді – 77:66. Ал финалда турнир қожайындары «Лиеткабелис» командасына есе жіберіп алды — 71:82.