«Астана» баскетбол клубы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Литваға келді. Биылғы жаттығу жиыны аясында да бірнеше жолдастық кездесу өткізетін астана командасының бірінші қарсыласы Литваның «Ювентус» (Утена) командасы болды.
“Ювентус” – Литваның ең жоғарғы баскетбол лигасында және Король Миндаугас кубогында тұрақты түрде өнер көрсетіп жүрген команда. Сонымен қатар, өз тарихында Балтық лигасында, Еуропа кубогында және Еуропаның Чемпиондары лигасында бақ сынаған. Былтырғы маусымда олар Литва лигасында төртінші орынға ие болып, Король Миндаугас кубогында өздерінің ең үздік нәтижелерін қайталап, қола жүлдегер атанды. Ал «Астанамен» екеуі арасындағы кездесулерге келсек, бұл екі команданың жолы әлі бірде-бір ресми турнирлерде түйіскен емес. Бірақ бұған дейін төрт жолдастық кездесу өткізген. Бір рет 2015 жылы, одан кейін 2016 жылы, ал 2017 жылы екі рет додаға түскен болатын. Әзірше, екеуара есеп тең – 2:2.
Бұл ойын біздің жаңа бас бапкеріміз Дарко Руссо үшін де, Қазақстан командасы сапындағы көптеген ойыншылар үшін де тырнақалды сын болды. Әрі «Астананың» барлық ойыншылары осыдан екі күн бұрын ғана түгелдей жиналып, алаңда жаттығу өткізген болатын. Яғни алдағы жолдастық кездесулер біздің команда үшін шыңдала түсетін ойындар болады. Ал біз ойынға оралайық. Қарсыласымыз матчты өздеріне өте сенімді түрде бастады. Ал біздің команданың қорғаныста да, шабуылда да кежегесі кейін тартумен болды. “Астана” бастапқы бес минутта небәрі 5 ұпай ғана еншілеп, 18 ұпай өткізіп алды. Әйтсе де, бірінші кезеңнің аяғына дейін ойын біршама теңесті, бірақ бұл да есеп айырмасына көп әсер еткен жоқ – 17:29. Екінші кезеңнің басын да литвалықтар көсіле сілтеп, есеп айырмасын +20 ұпайға жеткізді. Үлкен үзіліске дейін Дарко Руссоның шәкірттері есеп айырмасын сәл де болса қысқартты. Десек те, олар 20 минут ойын уақытынан кейін 15 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 35:50. Үлкен үзілістен кейін “Ювентус” тағы да қарқынын үдетіп, 20 ұпай басымдығын лезде орнына келтірді. Әйтсе де, бұдан кейін, үшінші кезең аяқталғанша, ойын өрнегі алма-кезек шабуылға ұласты. Бірақ “Ювентустың” 20 ұпай басымдығы ешқайда кеткен жоқ – 51:71. Соңғы кезең өте баяу қарқында басталды. “Астана” бес минутта өз қоржынын небәрі 5 ұпаймен толықтырса, литвалықтар таблодағы ұпай қорларына 8 ұпай ғана қосты. Бірақ бұдан кейін “Ювентус” қамшыны басып, осы кезеңде барлығы 20 ұпай еншілесе, біздің жігіттер тек 2 ұпай олжалады. Сөйтіп, “Ювентус” бұл ойында ірі жеңіске қол жеткізді. Есеп — 58:91.
Егер ойын нәтижесіне қарасақ, «Астананың» маусым алдындағы бірінші ойыны аса сәтті болмады. Бірақ бұл – жолдастық кездесу. Оның үстіне, команда енді ғана жиналды. Ал ең бастысы, жаңа бапкер тез арада шешуі керек мәселелерді және бет түзейтін бағыттарды көрді. Егер статистикаға үңілетін болсақ, онда бүгін литвалықтардың шабуылда басымдық танытқанын көреміз. Әсіресе, доға сыртынан шабуылдауда үздік болып, қайтқан допты қағып алуда ширақтық танытты, сондай-ақ доптан айырылып қалулары да сирек болды. Бүгін біздің команда сапында ең көп ұпай жинаған Максим Марчук болды – 12. Ал Скайлар Спенсер “Астана” сапындағы алғашқы матчында 6 рет допты қағып алып, 10 ұпай еншіледі. Команда капитаны Рустам Мырзағалиев те өз еншісіне 10 ұпай жазды.
Матчтың статистикалық есеп-қисабы мына сілтемеде.
«Астана» КБК маусым алдындағы жоластық кездесулерінің кестесі мен нәтижелері:
Сонымен қатар, біздің жігіттер 13 және 14 қыркүйек күндері Паневежис қаласында өтетін маусым алдындағы Раймундо Саргуно кубогы додасына қатысады. Бірінші күні, жартылай финалдық кезеңде, «Ogre» командасымен кездеседі. Ал бас бәйгені немесе үшінші орынды турнир қожайындары «Lietkabelis» клубымен немесе Эстонияның «Parnu» командасымен сарапқа салатын болады.